07-10-21 |
480 рет қаралған
Арон Атабек биліктен өзін толық ақтап шығуды талап етті.
Арон Атабек биліктен өзін толық ақтап шығуды талап етті

Павлодар түрмесінен босап шыққан Арон Атабектің  денсаулығы жақсы емес. «Саяси тұтқын» атанып 15 жылын абақтыда өткізген азаматқа туыстары мен жақтастары қарап жүр. Ол Азаттық Радиосына берген сұқбатында биліктен өзін толық ақтауды талап етті. 

 

Саяси тұтын атанған Арон Атабек денсаулығын қалпына келтірген соң қайта күресетінін айтады. 

“Маған денсаулығыма байланысты үйге шығарып тастағаны емес, мені толық ақтағаны керек. Денсаулығымды түзеп алайын. Қайта күресемін. Жапон самурайларында «Самурай парызы – соңына дейін адал шайқасу» деген сөз бар. Мен де қазақ самурайымын. Соңына дейін күресу – парызым”, – деді ол. 

Азаптан әбден жүдеп, жаны құлазыса да, намысы жоғалмаған. Жігері жасымаған. Аяққа тұратынына нық сенеді. 

“21 қыркүйек күні кешке жатар алдында күтпеген жерден құладым. Еңкейіп едім, басым айналып құлап қалдым. Бұл бірінші құлауым емес, оған дейін де бес-алты рет құлағам. Бірақ ол кезде басымды жармап едім, бұл жолы байқамай қалып, басымды жарып алдым. Қан ақты. Жерде жатырмын, тұра алмаймын. Кезекші келіп, Арон тұр дейді. Түрме қызметкерлері мені көріп тұр. Оларда монитор бар. Бірақ [құлаған кезде маған] келген жоқ. Жарты сағаттан соң түрме қызметкері мен дәрігер келді. Олар мені көтеріп, отырғызды. Дәрігер қарап, «басың жарылып, қан көп ағыпты, қазір тігеміз, егер тікпесек миың сыртқа шығып кетеді, сондықтан ауруханаға бару керек» деді. Мен ауруханаға жатуға түбегейлі қарсымын. Себебі онда мені өлтіріп тастауы мүмкін. Бірақ бұл жолы басым жарылған соң баруға тура келді”, – дейді Арон Атабек.

Өкпесі 38 пайызға зақымданған азамат ауруханаға жатудан бас тартып, үйде емделіп жатыр. 

Арон мырзаның отбасы ем-домға қаражат керек  екенін айтып, көптен көмек сұрайды. Белсенділер қаржы жинауды бастап кетті.

Арон Атабек 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны “саяси тұтқын” деп таныған. Оның қалған мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған. 

Қоғам қайраткерінің отбасы оны ақтап шығу үшін және жазаны алып тастау үшін ары қарай күресетіндерін жеткізген. Себебі қазіргі күні Атабекке шетелде ем алу қажет екен. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.