25-05-21 |
550 рет қаралған
Ерлан Қарин: Жаңа заң – Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі.
Ерлан Қарин: Жаңа заң – Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі

ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында ауыл әкімдерін сайлау, Парламент пен мәслихатқа өту шегінің пайыздық талабына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл – өте маңызды құжат. Енді, еліміздегі сайлау жүйесі жаңа талаптар бойынша жұмыс істейді. Аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау – жергілікті жердегі мемлекеттік басқаруға халықтың тікелей қатысуын қамтамасыз ету жолында жасалған бірегей қадам. Биыл осы заң бойынша 800-ден астам елді-мекенде әкімдер сайлауы өтеді»,- деп жазды Ерлан Қарин.

Сонымен бірге пайыздық үлес пен «бәріне қарсы» деген бағанды саяси диалогтың нақты жемісі деп бағалады. 

«Саяси партиялардың Парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. Аталған шешім саяси бәсекені күшейтіп, сайлау үдерісіне тың серпін берері сөзсіз. Оған қоса, бұдан былай сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» деген баған енгізіледі. Бұл сайлаушылардың таңдау құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Президенттің бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың бірінші, екінші және үшінші топтамасында көзделген негізгі ұсыныстар заң нормаларына айналып, іске асты. Мұның бәрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында көтеріліп, пысықталғанын білесіздер. Шын мәнінде, бұл – Мемлекет басшысы баса мән беріп отырған Қазақстандағы саяси диалогтың нақты жемісі. Бұл бастамаларды Президент жыл басында, қаңтардың 15-інде жаңа Парламенттің алғашқы отырысында жариялаған болатын. Міне, бес ай өтпей ақ жаңа бастамалар заң нормалары ретінде бекітілді», – деді Президент кеңесшісі. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.