Қарағанды облысында кен байыту комбинатының (ГОК) қызметкерлері мен күзетшілері жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектерді ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы ІІМ-нің интернет ресурсы хабарлады.
«14 мамырда Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ірі өндірістік кәсіпорында — қорғасын-мырыш кенін өндіру және өңдеумен айналысатын мекемеде жүйелі түрде ЖЖМ мен тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция жүргізді», – делінген хабарламада.
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған кәсіпорынның бірнеше жұмысшысы күзет қызметімен сөз байласып, бірнеше ай бойы ұрлық жасап, ұрланған заттарды заңсыз қабылдау пунктіне өткізіп отырған.
«Арнайы іс-шара нәтижесінде 18 күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Оқиға орнынан жанар-жағармай, металл бұйымдар, автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер сияқты көптеген материалдық құндылықтар тәркіленді. Сонымен қатар, тінту барысында бес тіркелмеген мылтық, оның ішінде кесілген және ойық ұңғылы карабин, травматикалық қару мен оқ-дәрі табылды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ, 21 мамырда Қарағанды облысының тұрғындарынан құралған тағы бір қылмыстық топтың заңсыз бағалы металл айналымына қатысты әрекеті әшкереленді.
Тінту кезінде шамамен 17 тонна мыс концентраты, кен өңдеуге арналған жабдықтар, әртүрлі құжаттар мен ақша тәркіленді.