Экс-мәжіліс спикері Нұрлан Нигматулиннің егіз інісі мен ұлына – Ерлан Нигматулин мен Нұржан Нұрланұлы Нұрлановқа қатысты рейдерлікке байланысты түсірілген арыздар қазіргі таңда қаралу үстінде.
«Нұрланның ұлы мен Ерлан Зайруллаұлына қатысты арыздар түсті, қазір олар қаралуда. Қазірше нақты бірдеңе айту ерте. Ал Арғынға (экс-спикердің үлкен ағасы) қатысты – иә, істі Бас прокуратура бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қарап жатыр. Бұл қаражат Қарағанды облысына хоккей клубына бөлінген. Ол халықаралық іздеуде. Орналасқан жері анықталған соң, экстрадиция мәселелері қаралады», – деді бейсенбі күні Сенаттың кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.
Нұржан Нұрланұлы 2022 жылғы қанды қаңтар оқиғаларына дейін, нақты айтқанда 2019 жылдың ақпанынан бастап «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры болған. Бұған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап, ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі қызметін атқарған. Сонымен қатар, Нұрлан Нигматулиннің ұлы квазимемлекеттік сектордағы бірнеше «маңызды» лауазымдарда жұмыс істеген.
Нұрлан Нигматулин мәжіліс спикері қызметінен 2022 жылдың 1 ақпанында, қаңтар оқиғаларынан кейін кеткен. Ол 2016 жылдан бастап төменгі палатаны басқарған болатын. Бұл оның екінші рет спикер болған кезеңі – бұған дейін ол 2012-2014 жылдары мәжіліс төрағасы болған. Әр жылдары Президент әкімшілігін басқарып, Қарағанды облысының әкімі қызметін де атқарған.
Ерлан Нигматулин – Нұрланның егіз інісі – ол да мәжіліс пен сенатта депутат болған.
Арғын Нигматулин – олардың үлкен ағасы, Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты.
Нигматулиндерге қатысты рейдерлік басып алулар, қылмыстық құрылымдарға қатыстылығы, заңсыз схемалар мен жалған қылмыстық істерді ұйымдастыру сияқты айыптаулар бірнеше рет айтылғанымен, олар әлі күнге дейін бостандықта жүр.