27-02-24 |
5780 рет қаралған
Өзгерістер жоқ емес, көп.
Өзгерістер жоқ емес, көп

Біз әділетті Қазақстанды жаңа заңдар мен жаңа қоғаммен және жаңа тіршілікпен құрамыз. Ең алғашқы қадамның саяси реформалардан басталуының басты себебі еліміздің ішкі-сыртқы саясаттың тұрақтылығын сақтау болды. Саяси тұрақтылық жоқ жерде ел болып қалу мүмкін емес.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы сайлауда халыққа кең ауқымды «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын ұсынған болатын.

Бүгінде осы бағдарламада айтылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге талдау жүргізу және жетілдіру барысы қарқынды жүргізілуде. Десе де, барлығын бірден реформалау мүмкін емес, өзгерістер де уақыт талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қылмыстық,  Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару Кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ондағы мақсат азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнестің жүргізілуіне бюрократиялық кедергісіз жол ашу. Сондай-ақ, лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді шешу. Осыған байланысты құрылған жұмыс тобы былтырғы жылдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды талдауға кірісті.

Қылмыстық және Қылмыстық-процестік Кодекстерді жетілдіру әділетсіздіктерді жоюға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құқық бұзушылықтардың, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аражігін ажырату, сотқа дейін тергеп-тексеру түрлерін қысқартуда әділеттілік қалыптастырады. Бұл бойынша алдағы 3 жылда терең ғылыми-практикалық талдау жүргізіледі. Мысалы, бір тауық ұрлаған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, тауық ұрлаған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ. Мұның бәрі Президенттің әлеуметтің талап-тілегі, мұң-мұқтажынан хабардар, сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құрмақшы. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарға шартты жазаға кесіліп, жазасын еркіндікте өтеуге мүмкіндік берілмейді.

Жұртшылықтың құқықтық сауатсыздығын  пайдаланатын алаяқтар да бар.

Кеденде кедергілер де, келеңсіздіктер де жетерлік. Кедендік рәсімдерді «бір терезе» қағидатына көшу, кедендік бақылауды интеграциялау, тапсырылған. Президент кедендік тексерушілердің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсімдеу жүйесін реттеу де сайлауалды бағдарламаның бір тармағы болатын.

Осыған орай Қылмыстық Кодекстің баптарында жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни, Кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік алым-салымдарды төлеуден, бюджет пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көзделіп отыр. Мұндай еселенген айыппұлды төлету тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адамдарға қолданылмайды.

Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде бірінші кезекте бизнеске қолайлы жағдай жасайды. Экономиканың қозғаушы күші – бизнес. Қазір Бизнесті жүргізу мәселелері туралы Заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған заң жобасы еліміз үшін маңызды әрі тиімді екені ақиқат. Бұл заңды мыңдаған бизнес өкілдері тағатсыздана күтіп жүр. Заң жобасын оңтайландыру барысында 86 заңнамалылық актілер, оның ішінде 11 кодекс қамтылды. Бұл 28 мемлекеттік органдар, оның ішінде көптеген комитеттерге қатысты жұмыстар. Мәжілістің 6 комитетінен 11 депутаттан құралған жұмысшы топ заңның дұрысталуына күш салып келеді. Заң жобасы бүге-шүгесіне шейін жұмысшы топтың талқылауынан өтіп, 1500-дей түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде пленарлық отырыста заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әлі алда екінші оқылым бар.   

Президент Парламентке сенім артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «AMANAT» партиясының атқарып жатқан рөлі зор. Ел мен мүдде бір болғандықтан мемлекеттің дамуына қазақстандықтардың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін.  Ең бастысы айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбіршілік сақтау міндет болып тұр.  

Қайрат БАЛАБИЕВ

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.