2024 жылдың көктемінде СҚО бойынша Антикор «Тазарту, су бұру және су өткізгіш нысандар» кәсіпорнының басшысы Павел Булаев пен оның орынбасарын 258 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен ұстаған болатын.
Сот процесі өткен жылдың желтоқсанында басталып, тергеу барысында тағы бірнеше заңбұзушылық анықталған. Кәсіпорын басшысы бірнеше жыл бойы қаражатты жалған фирмалар арқылы заңсыз аударып отырған.
2 маусым күні Павел Булаев пен оның серіктестеріне үкім шығарылды.
Істе төрт күдікті мен жүзге жуық куәгер қатысқан. Бұл уақыт ішінде тек Павел Булаев қамауда болды, ал қалған үш серігі – оның орынбасары Денис Маршалов, заң бөлімінің бастығы Руслан Яковенко және жабдықтаушы Лев Шақшақбаев үйқамақта жүрген. Үкім шығарылған күні олар сотқа сөмкелерімен келді.
Сот шешімімен Павел Булаев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленетін болды. Тәркіленетін мүлікке алты пәтер, жеңіл және жүк көліктері, гараждар мен жер телімдері кіреді. Бұл мүліктің бір бөлігі оның бұрынғы жұбайының атына жазылған.
Оның үш серігі 7,5 жылға сотталды. Барлығы Петропавл әкімдігіне 800 миллион теңге көлеміндегі шығынды бірлесіп өтеуге міндеттелді.
Сотталғандарға үкімге шағымдану үшін 15 күн уақыт берілді. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.