28-10-21 |
900 рет қаралған
Қазақтар мен ұйғырлар тұратын ауылда жаппай төбелес болды.
Қазақтар мен ұйғырлар тұратын ауылда жаппай төбелес болды

Алматы облысында қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы кикілжің соңы ересектердің қатысуымен тәртіпсіздікке ұласқан деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Бұл туралы Азаттық жазды.

Облыстық полиция департаменті төбелес салдарынан зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған жасөспірімнің жағдайы қалыпты екенін, төбелеске байланысты іс қозғалғанын хабарлады.

Бейсенбі, 28 қазанда Алматы облыстық полиция департаменті Панфилов ауданы Пенжім ауылында сәрсенбінің кешінде болған тәртіпсіздікке байланысты іс қозғалғанын хабарлады.

«27 қазанда сағат 20:00-да 102 қызметіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысқандардың бірі тұратын үйдің жанына 30 шақты адам жиналғаны туралы ақпарат түсті. Топ адам бірнеше жеке тұрғын үй мен бірнеше көлік құралының терезесін сындырған. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі («Топтасып жасалған бұзақылық») бойынша іс қозғалды» деп жазылған ақпаратта.

Бұға қоса полиция сәрсенбінің кешінде Пенжім ауылындағы жеке меншік үй өртенгені туралы хабар түскенін, ол жерге полиция өкілдері мен төтенше жағдай қызметкерлері барғанын хабарлады.

«Үй иесі әйелдің айтуынша, өртке пештегі ақау себеп болған. Сағат 23:30 кезінде өрт сөндірілді. Ешкім зардап шекпеген. Бұл өрттің болған оқиғаға қатысы жоқ» деген облыстық полиция департаменті жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік артылатынын ескерткен.

Қытаймен шекарадан 15-20 шақырымдай жердегі Пенжім ауылында 5 мыңға жуық адам – қазақ пен ұйғыр аралас тұрады.

28 қазанға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенжерде «Пенжім ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы жанжал» деп сипатталған видео тараған еді.

Күндіз көпқабатты мектептің ішінен түсірілгенге ұқсайтын видеода ғимарат ауласында бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, бір сәтте әлгілердің бірі жерде сұлқ жатып қалғаны, оған өзге оқушылар мен ересек адамдардың жәрдем көрсетуге тырысып жатқаны көрінеді.

Әлеуметтік желіде «Пенжім ауылындағы жағдай» деп айтылған тағы бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген.

28 қазанда Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі төбелес салдарынан зардап шеккен 16 жасар жасөспірім ауруханаға жатқызылғанын, «оның жағдайы қалыпты екенін» хабарлады.

«Тексеру барысында 9-шы және 10-сыныптың екі шәкіртінің тәжікесінің арты оқушылар төбелесіне ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды» деп жазылған полиция таратқан ақпаратта.

Баспасөз қызметі облыстық полиция департаменті басшысы, Панфилов ауданы әкімі мен ауыл ақсақалдарының «Пенжімде жергілікті халықпен кездесіп, түсінік жұмысы жүргізілгенін» айтады.

Полиция Пенжім ауылы мен көрші елдімекендерге күзет қойған.

Бейсенбі күні Азаттық тілшілері оқиға болған Пенжім ауылына барды. Билік өкілдері ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өткізбек деген ақпарат тараған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.