28-02-24 |
5330 рет қаралған
Самокат мінгендер заңды сақтай ма?.
Самокат мінгендер заңды сақтай ма?

Қазір самокат мінгендерді көру соншалықты таңсық емес. Керісінше, жолға бірден шыға салатын, жүргіншілер арасынан жоғары жылдамдықпен өте беретін самокатшылар айналаға біраз қауіп туғызғаны рас. Олардың жол ережесіне бағынбауынан жол апатының саны артып, апаттан залал шеккендер қатарының да өскенін айта кету керек. Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2023 жылы самокатшылардың қатысуымен республика бойынша 24 жол көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 2 адам қаза тауып, 22 адамның денсаулығына әртүрлі дәрежеде зиян келген. Жыл сайын қайталанатын мұндай статистика жол ережелеріне қатысты заңға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет еткен болатын.

Бұл заң көпшілік талқысына салынғанда пікір айтушылар көп болды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдағандар самокат жүргізушілердің еркін жүруіне арнайы жолақ жасау керек, белгілі бір шектеулер енгізген дұрыс десе, самокатты жалға берумен табыс тауып отырғандар қатаң шектеуге қарсылықтарын ашық білдірді. Оның себебін Мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтің пікірінен аңғаруға болады. Самокаттың еркін қозғалыста тиімді екенін, экологиялық залалы жоқтығын, көлік кептелісін азайтатынын, жаңа бизнеске жол ашып отырғанын айтқан депутат апаттарға тосқауыл қою үшін жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру бағытында жұмысты жандандыру керек деген ой тастаған. Шындығында бүгінде самокатты жалға беруді бизнес көзіне айналдырғандар, самокатпен курьерлік жұмыс жасап жүргендер қатары аз емес. Егер самокатпен жүруге тыйым салынса, біраз адамның табысы төмендеуі мүмкін. «Францияда азаматтардың жеке самокаттарымен жүруіне рұқсат берілгенімен, жаппай жалға беру орындарына тыйым салынған. Сондықтан заңға нақты ереже мен талап, жауапкершілік енгізу керек», – деген еді депутат Сергей Пономарев.

Заң шығуарушылар қоғам ішінде айтылған ұсыныс, тілектердің бәрін нащарға алды. Сонымен бірге, статистика бойынша жүргізілген зерттеулерге мән берілді. Осылайша жол қозғалысына қатысты заңдағы жаңа өзгеріске сай электрлі самокат мінгендердің веложолда, веложолақтарда 25 км/сағат жылдамдықтан асырмай жүруі бекітілді. Самокатшылар жолдың оң жақ шетінде, қоғамдық көліктерге арналған жолақ бойымен жүре алады. Ал мұндай жолақта жүру мүмкін болмағанда жүргішілер жүретін тротуар мен жол жиегінде 6 км/сағаттан аспайтын жылдамдықпен жүруі шарт.

Самокат тізгіндегендердің жасына байланысты да шектеу енгізілді. Соған орай, былтырғы жылдың 30 тамызынан бастап тек 18 жастан асқан азаматтардың ғана жолға шығуына рұқсат етіледі. Бұған қоса, самокат мінгендерде  жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болуы керек.

Заңдағы өзгеріс азаматтар қауіпсіздігін сақтауға, денсаулыққа келетін залалдың алдын алу мақсатында қолға алынғаны белгілі. Соған орай, бұл құжатта мопед, электрлі самокат және велосипед жүргізгендердің басына шлем киюі міндеттеліп отыр.

Алайда, заңның қолданысқа енгізілгеніне біршама уақыт өткеніне қарамастан, құқықтық талапты білмейтіндер, жауаптылықты ескермейтіндер әлі де баршылық. Оны күн жылт еткен кезде қала көшелерімен зулаған самокаттардан анық байқауға болады. Мысалы, заңның пәрменін байқау мақсатында Ішкі істер министрлігі республика бойынша рейд жүргізген. Жаңа ереже күшіне енген бір ай ішінде құқық қорғаушылар жол ережесін бұзған 1700-ден аса самокатшыны анықтаған. Бұл өте үлкен статистика. Мұның артында балалардың ғана емес, үлкендердің де заң талаптарын орындауға деген жауаптылығының төмендігі жатыр. Айталық полицейлер жүргізген рейд кезінде электросамокатпен жолға шыққан 562 кәмелетке толмаған анықталған. Ал құзырлы орган өкілдерінің шақыруына тоқтамай кеткен балалар қаншама. Олардың аты-жөнін анықтап, жауапкершілікке тарту да күрделі.

 Ең өкініштісі, самокатшылардың кесірінен денсаулығына залал келгендер саны азаймай отыр. Алматыдағы  №7 аурухананың травмотолгия бөліміне жеткізілетін сырқаттар арасында самокатшылардар зиян шеккендер де баршылық. Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ильдар Құрмаевтың айтуынша, жасөспірімдер жүргіншілер қауіпсіздігіне алаңдамайды. Ал самокаттың екпінінен құлаған үлкен кісілердің сынығын салу, оны қайта қалпына келтіру ұзақ емделуді қажет етеді.  Сондықтан, сақтық шараларына ерекше мән беру керек дейді дәрігер.

Жол жүру ережесін бұзған самокатшыларға арнайы жауапкершіліктің берілгенін де қаперде ұстау керек. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті жол қауіпсіздігін сақтау үшін жаяу жүргіншілер мен саябақтардың белгілі бір жерлерінде электрлі самокат жылдамдығын шектейтін кикшеринг компаниялары жұмыс жүргізетінін алға тартуда. Онда қойылған GPS-сенсорлар самоатшылардың жүру жылдамдығын шектеуге пәрменді. Ал Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабына сәйкес, жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану талаптарды сақтамаған азаматтарға арнайы жауаптылық қарастырылған. Ереже бұзғандарға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұл қазіргі бағаммен 18460 теңгені құрайды.  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 620-бабында жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзғандарға да жауаптылық белгіленген. Ол үшін алдымен ескерту беріліп,  немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Сондай-ақ, мопедтердің, электрлі самокаттардың және велосипедтердің жүргізушілері басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне кедергі келтіретін әрекеттер жасамауы керек. Айталық қарсы көліктің жүргізушісінің көруіне кедергі келтіретін, шағылысатын заттарды қолданған самокатшылар да айыппұл арқалайды.

Тағы бір ескере кетерлігі, электрлі самокатты мас күйінде жүргізгендерге де жауаптылық бар. Мұндай жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни, он сегіз жасқа толмаған адамдар қоғамдық орындарға масаң күйде жүрсе, самокат басқарса ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Самокатқа екі, тіпті үш адам мінгесіп жүретіндер де баршылық. Мұның бәрін заңмен реттеу мүмкін емес. Сондықтан, әр отбасында қауіпсіздікті сақтау өз қолымызда екені үнемі айтылып, назарда ұсталуы керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.