26-10-23 |
800 рет қаралған
Сапалы заң – қуатты мемлекет кепілі.
Сапалы заң – қуатты мемлекет кепілі

Сапалы заң – мемлекеттегі құқықтық қарым-қатынастардың дұрыс үйлестірілуінің, азаматтардың құқығы мен бостандығының талапқа сай қорғалуының негізі. Зайырлы мемлекетте барлық қадам заң арқылы қорғалады. Қазақстанда да тәуелсіздік алған кезден бері отандық заң базасын қалыптастыру, жаңғырту, жаңарту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынып келеді. Бүгінде барлық саланың іс-қимылы, жұмыс ырғағы заңдарға сүйене отырып жасалады. Заңдарға қатысты азаматтардан түсетін сын-ескертпелер, талап-тілектер бүгінде басты бағдар ретінде алынып, жұмыс барысында назарда ұсталады. 

Тұтынушылардың заң жобасын әзірлеу, қабылдау және орындау сатыларына қатысты пікірі әр алуан. Көпшілік пікіріне мониторинг жасаған құзырлы орындар заңнаманы жетілдіру мәселесіне жіті назар аударады. Осы ретте ескерерлігі, заң қатып қалған, өзгертуге келмейтін құжат емес. Заманның өзгеруіне, азаматтардың қалауының өсуіне, қоғамдағы құндылықтардың жоғарылауына байланысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі қалыпты жағдай. Мәселен, мас күйінде көлік жүргізгендер бұрын айыппұл төлеумен шектелсе, жол апатының көбеюі, жауапсыз жүргізушілердің артуы заңға өзгеріс енгізіп, мас жүргізушілердің көлік жүргізу құқығынан айырып, қамаққа алу түріндегі жазаны белгілеуге түрткі болды. Бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталағандар көлік жүргізу құқығынан өмір бойы айырылғаны аздай, бірнеше жыл түзеу мекемесінде жазасын өтеуі мүмкін. Осылайша жол жүрудегі жауаптылықты көтеру, азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға деген қажеттілік заңнамадағы жазаны қатаңдатуға алып келді.

Елімізде заңдардың және нормативтік құқықтық актілердің санына ғана емес, сапасына ерекше назар аударылуда. Және бұл іске азаматтық қоғамды тарту үшін соңғы уақытта заң жобалары ашық порталдарға талқылауға шығарылып, тұрғындардың пікір-лебізі тыңдалып жатыр. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып қоймай, заңдардың да сапасын көтеруге ықпал ететін пәрменді тетік. Отандық заңнаманың сапасын жақсартуға бағытталған талапты күшеюін сонымен бірге, тұрғындардың құқықтық мәдениетінің жетіліп, заңға, заңды қолдануға деген сұранысының артып келе жатқанының көрінісі болса керек. Бұдан бөлек, заң жобаларын заңгерлер ортасында талдауға, заңнаманы дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеуге, заңнамалардың тиімділігіне талдау жасауға, заңнамалық актілерге қатысты құқықтық және ғылыми лингвистикалық сараптамалар  жасауға басымдық беріліп отыр.

Өркениетті елдерде кез келген азамат басына іс түскенде құзырлы органдарға жүгініп, заңның көмегімен шешуге тырысады. Тек осы заңдар халықты қорғауда қабілетті болуы маңызды. Бұл жерде еліміздегі басты заң қабылдаушы орган – Парламентке, депутаттарға жүктелетін міндет жауапты.  Ұлттық заңнаманы сапалы дайындап, қабылдауға бүгінгі Парламенттің мүмкіндігі жеткілікті. Әсіресе, халық таңдаған бүгінгі депутаттардың білімі, біліктілігі, белсенділігі, ұстанымының биіктігі, ой қорыта алуы, өзінің ұстанымын жеткізуі, өз пікірін қорғау қабылеті көңілден шығып жүр. Заңды жасауға осындай сарабдал Парламент пен халық өкілдері белсене қатысқан жағдайда, пәрменді, сапалы заңнамаға қол жеткізеріміз анық.

Мемлекет үшін маңызы зор заңшығармашылығына Президент те үнемі көңіл бөліп, әр жолдауында нақты тапсырмалар беріп келеді. Құқықтық мемлекетте мәселенің өзара кикілжіңмен емес, заң арқылы шешілгенін басты орынға қоятын Мемлекет басшысы әр жолдауында ескерусіз қалған салаларды заңдық нрмалармен қамтамасыз ету, кейбір заңдарды жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеп жүр. Оған жыл сайынға жолдауларды оқығандар көз жеткізсе керек.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеу Әділет министрлігіне жүктелген. Аталмыш министрліктің «Заңнама және құқықтық ақпарат институты» заңдық норма шығармашылық қызметінің тиімділігін арттыру, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде құқықтық ғылымның рөлін күшейту, елдегі нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай мемлекеттік есепке алуын қадағалау бойынша іргелі істердің басында тұр. Бұл институт елімізде 1993 жылдан бері ауқымды жұмыс жүргізіп келеді

Заңнама институты атқаруы тиіс міндет үлкен. Соның ішінде еліміздегі ең мықты, ең білікті заңгер-сарапшыларды жинақтаған бұл құрылымға заң жобаларына ғылыми сараптама беру, құжаттың сапасын жақсарту жүктелген. Бүгінде сараптама жүргізу ісіне қазақстандық ғалым, заңгерлермен бірге, шет елдердегі белгілі ғалымдар мен білікті мамандар тартылып отыр. Заң жобасын таразылап, сапасын саралаған сарапшы өзі берген қорытындыға дербес жауап беретінін де айта кетуіміз керек. Сонымен бірге, заң жобасы Парламентте талқылаға түскенде сарапшылардың жиынға қатысып, құжатты түсіндіруге,  көпшілік тарапынан сауалдар туындаған жағдайда оларға жауап беруі міндетті екені заңда дәйектелген.

Заңдарды дайындауға мемлекеттік органдар мен депутаттар бастамашы болатыны белгілі. Ал осы заңшығармашылық ісінің сапасын сүзгіден өткізетін сарапшыларды таңдау автоматтандыру тәртібімен жүргізіледі. Таңдау түскен сарапшы заң жобасын қарап, тиісиі құжаттарды саралағаннан кейін ғана жұмысқа сараптама жүргізуге келісетінін, немесе бас тартатынын айтып жауап береді. Ең бастысы, заңға сауатты, дербес сараптама жасалып, өзара ымыраласуға жол бермес үшін институт пен сарапшылардың арасындағы жұмыс тек қана қашықтан жүргізілетінін де басты артықшылық ретінде атап өтуіміз шарт.

Жалпы алғанда кез келген заң қабылдаушы сарапшылар тарапынан жасалатын талдаманың мейлінше сапалы жүргізілуіне мүдделі. Өйткені, қабылданатын заңның өміршең, қателіктен ада болуы осы сараптамаға тікелей тәуелді. Сонымен қатар, «Құқықтық актілер туралы» заңда сарапшының құзыреті де кеңейтіліп, мүмкіндігі де ескерілген. Соған сәйкес, егер ғылыми сараптама жүргізуге күмән келтіретін мән-жайлар кездессе сарапшы  институтқа екі жұмыс күні ішінде беріп, сараптамадан бас тарта алады. Мұның бәрі заңға байланысты сараптама жүргізуде материалдар жеткіліксіз болса, не өзінің ғылыми құқықтық сараптаманың объективті және тәуелсіз сараптама қорытындысын беруіне кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болса, сарапшының ерікті түрде ғылыми-құқықтық сараптама жүргізуден бас тартуына жол ашады. Бұл тетік те пәрменді заң қабылдауға септігін тигізеді.

Бүгінде қабылданған заңдарды қарауға, танысуға сұраныс өте жоғары. Соған орай Әділет министрлігі заңдардың онлайн базасын қалыптастырған. Былтырғы жылы отандық заң базасына 10,8 млн пайдаланушы кіріп, өзіне керек құжатпен танысқан. Азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.