Ақмола облысында апелляциялық сот Атбасар аудандық ҚАЖ қызметінің 12 қызметкеріне қатысты ақтау үкімін жойды.
Олар сотталғандарды азаптағаны үшін айыпталған. Бұған дейін алқабилер оларды қылмыс оқиғасы болмағандықтан кінәсіз деп танып, ақтап шыққан еді.
Алайда бірінші сатыдағы сотта бірқатар процессуалдық заңбұзушылықтар орын алғаны себепті үкім жойылды.
«Алқабилердің қатысуымен талқыланбауы тиіс мәселелер зерттелген. Бұл олардың жәбірленушілерге қатысты пікірін бұрмалауы мүмкін еді. Сонымен қатар кейбір жәбірленушілерге сотта пікір айту мүмкіндігі берілмеген», — деп хабарлады сот.
Іс сол сотқа, бірақ басқа құраммен қайта қарауға жіберілді.