28-02-24 |
3000 рет қаралған
Сот жабық мекемеге айналмауы тиіс.
Сот жабық мекемеге айналмауы тиіс

Соты тәуелсіз, судьялары сауатты елде әділдік салтанат құрады. Осы межеге жету үшін еліміз тәуелсіздік алған сәттен бері ауқымды іс-шаралар қолға алынып келеді. Қазақстандық соттың реформадан тыс қалған кезі жоқ. Президенттің әр жылғы Жолдаулары, төрт жылда бір өтететін республика судьяларының съездері сот саласын дамытуға қатысты жаңа бастамаларды ортаға салып, үшінші биліктің бағдарын түзеуге, бет-бейнесін өзгертуге ықпал етуде. Жылдар бойы қолға алынған реформалардың оң нәтиже бергені де, көпшіліктің көңілінен шықпай орта жолда қалғаны да аз емес. Дегенмен, реформаның кез келгені әшейін реформа жасау үшін жасалмасын десек, бастаманы әуелі көпшілік талқысына салып, електен өткізіп барып тәжірибеге енгізген дұрыс.

Осы ретте саланы жаңғыртуға бағытталған жаңашылдықтарға қатысты сот ардагерлерінің айтары бар. Жақында  Жоғарғы Соттың бұрынғы судьясы, бірнеше облыстық соттың төрағасы болған, доғарыстағы судья Мұхтар Есжан сот саласын жандандыруға қатысты  өзіндік ұсыныстарын ортаға салды. 

Сот ардагерінің айтуынша, қазақстандық сот халықтық сот жүйесіне айналуы керек. Қазір соттардың ашықтығынан гөрі, қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді. Содан келіп бүгінде азаматтар сотқа рұқсатсыз кіре алмайтын, себепсіз сот ғимаратын көре алмай жағдайға жетті. «Бірнеше шет мемлекетте болдым. Сонда салыстырып көру үшін адами қызығушылықпен сот ғимараттарына барамын. Онда әділдік алаңына кіруге шектеу қойып жатқан ешкім жоқ. Ғимаратқа қауіпті зат алып кірмегеніңе көздері жетсе болғаны. Емін-еркін музейлерін көріп, сот жұмысымен танысып шығуға мүмкіндік жасалған» деген Мұхтар Есжан бұл тәжірибені отандық сотқа да енгізу керек деген пікірде.

Сонымен бірге, сот ардагері судьялардың есеп бергені, бұрынғыдай көшпелі сот отырыстарын өткізгені халыққа жақындатып, сенімді нығайтады деген ойын да ортаға салды. «Бұрын ауыл, аудандарда орын алған шулы істерді сол жердің тұрғындарының көз алдында көшпелі сот отырысында қарау тәжірибесі бар еді. Бүкіл халық ауылдастарының қылмысын біліп, қандай жаза алғанына көзі жеткен соң қатыгездіктен бойын аулақ салуға тырысатын. Мұндай соттар сот жұмысының ашықтығын, судьялардың қаншалықты сауатты, білікті екенін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, халықты тәрбиелеуді, қылмыстың алдын алуды мақсат етеді. Осы бір оң тәжірибені қайта қолданысқа енгізетін кез келді» дейді Мұхтар Есжан.

         Жалпы судьяларды халықтың сайлағаны дұрыс, судьялар өзі шығарған шешім, үкімнің заңдылығын көрсетіп ел алдында есеп беруі керек. Осы бір ұсыныстың да соңғы уақытта жиі айтыла бастағаны белгілі. Мұхтар Есжан бұл ұсыныстың да тиімді екенін алға тартып отыр. Өйткені, ардагер судья сот саласына қызметке келген тұста қазыларды халық сайлайтын, әрі әр судья өз өңірінде тұрғындар алдында есеп беретін. «Әрбір судья әр жарты жыл сайын атқарған жұмысы бойынша халықтың, мемлекеттік, қоғамдық мекеме ұйымдардың, сонымен қатар, сот әділдігінің атқарылу деңгейіне қызығушылық танытқан барлық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында қабылдаған үкімдері мен шешімдерінің әділдігі, мәні, маңызы, сапасы бойынша есеп берсе, болашақта тексерудің, сұрақтың боларын біліп, заңсыздыққа бармайды» дейді ардагер судья.

Жалпы, судьялар тәуелсіз, өндірісіне түскен істі ешкімге жалтақтамай, ешкімнің ықпалына қарамай, өз пайымымен таразылап, өз жауаптылығына ала отырып шешім, үкім шығару үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Ең бастысы, судьяның төрағаларға бағыныштылығы мен ықпал ету рычагтары жойылуы шарт. Мұхтар Есжан мырза бұл ретте судьяны процессуалдық, материалдық, әкімшілік бағыныштылықтан арылтатын бірнеше тетікті атап көрсетті. Мысалы қазір судьяның шешімін заңнан хабары жоқ қарапайым азаматтарға дейін сынап жатады. Адвокаттардың да іс бағытын өзгерту үшін әлеуметтік желілер арқылы судьяға ықпал ететін кездері көп. Кейде осындай негативті назарға алып судьяларға тәртіптік шара қолданылып жатады. Осындайда егер үкім, шешімдері бұзылған, өзгерген судьяларға Жоғарғы Сотқа шағымдану мүмкіндігі берілсе қазылардың өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеуіне мүмкіндік туар еді. Сонымен бірге, судьяны негізсіз сынағандарға да БАҚ арқылы нақты жауап беріп, заңды шешім шығарған қазыларды қорғаудың тетігі жасалуы керек.

Ардагер судья бүгінгі судьялар жалақысы жұмыс ауыртпалығына сай емес  деген пікірде. Расында, көршілес Ресейдегі, бауырлас Түркиядағы судьялардың айлығы қазақстандық қазылардың айлығынан екі-үш есе жоғары. Жалпы айлық пен болашаққа деген кепілдіктің төмендігі де кейде судьялардың ала жіптен аттауына түрткі болып жатады. Сондықтан, Мұхтар Есжан айтқандай судьялардың жалақысын халықаралық тәжірибені ескере отырып өзгерткеннен ұтарымыз көп. Бұған қоса, адам тағдырын таразылау, сот барысындағы адамдардың түрлі көңіл-күйіне куә болу, ондағы жағдайды ой елегінен өткізу судьялардың жүрегіне де оңай салмақ салмайды. Соның әсерінен соңғы жылдары қызмет барысында қайтыс болған қазылар саны көбеюде. Судьялардың айлығы мен жағдайы туралы мәселелерді қарағанда, осы фактілерді де есепке алу аса маңызды.

Саладағы жаңашылдықтарға қатысты да ардагерлер пікірін білген артық болмайды. Әсіресе, соңғы жылдары сот саласы медиацияны дамыту бойынша өте ауқымды жұмыстардың басы-қасында болды. Тіпті медиаторларға көп азаматтар сенім арта бермегендіктен, заңға өзгеріс енгізе отырып тәжірибеге татуластырушы судьяларды қосты. Қазір азаматтық істерді қарайтын соттарда арнайы татуластырушы судьялар жұмыс істейді. Олар тек осы бағытта жұмыс істейді. Мұхтар Есжанның айтуынша, медиацияның мерейін өсіріп, қолданысын кеңейтуді тек судьялардың жауаптылығына артып қоюға болмайды. Бұл негізінен аймақтың тыныштығы мен татулығын сақтауды, даукестікті жоюды басты мақсат етіп отырған әкімдердің жұмысы болуы керек. Алайда әкімдік тарапынан осы уақытқа дейін медиацияға көңіл бөлінген жоқ. Көптеген әкімшіліктер Билер кеңесін қалыптастырып, ақсақалдар алқасын құрумен шектелді. Ендігі жерде медиацияның маңызын түсіндіру, медиаторларды таныстырып, жұмыс істеуіне жағдай туғызу әкімдердің міндетіне айналуы тиіс.

Ардагер судьяның айтуынша, судьялар арасынан медиаторларды бөлу басқа судьялардың жүктемесін көбейтеді. Татуластырушы ссудьяның ісінің өзгермеуі, бұзылмауы, ауыр істерді қарамауы басқа судьялардың құқығын бұзумен бірдей. Алдағы уақытта тәжірибелі сот мамандарының мұндай пікірі Жоғарғы Сот басшылығы тарапынан ескеріледі деген ойдамыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.