25-10-23 |
1440 рет қаралған
Заң жануарларға жауапкершілікпен қарауды міндеттейді.
Заң жануарларға жауапкершілікпен қарауды міндеттейді

Құқықтық, зайырлы мемлекетте барлық қарым-қатынас заң арқылы реттелуі керек. Бұл қалыпты жағдай. Сол сияқты азаматтардың табиғатқа, жан-жануарларға деген қамқорлығын қалыптастырып, қатігездікке тыйым салу мақсатында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған болатын.

Табиғат ананы құрметтеу, оның баурайындағы аң-құсты күтіп ұстау қажеттігі бүгін айтылып жүрген мәселе емес. Жануарларға жасалған қатігездіктің соңы немен бітетініне Қытайдағы тәжірибе дәлел. Аспан асты елінің басшысы 1958 жылы торғайларды жаппай қыруға жарлық береді. Өйткені, топ-тобымен ұшқан торғайлар бидай, күріштің дәнін жеп ауылшаруашылығы өнімінің азаюына түрткі болады. Басшы айтқан соң, халық жаппай торғайларды құртуды бастайды. Осылайша айналдырған бір жылда 2 миллиардтай құс жойылады. Ал құстардың азаюымен егістікті құрт-құмырсқа, ұсақ жәндік қаптайды. Бұлардың келтірген шығыны дән ұрлайтын торғайлардан асып кетеді. Артынша егін шықпай, елде аштық орнайды. Ақыры жарлығының қате екенін түсінген Мао Цзедун торғайларды қыру туралы жарлығын қайтып алып, керісінше көрші елдерден құстарды сатып алуға мәжбүр болған екен. Бұл тарихта қалған бір ғана оқиға. Өкінішке орай бізде балық, жабайы аң-құстарды былай қойғанда, ит, мысық секілді үй жануарларына да қатыгездік таныту оқиғалары сиремей отыр. Осы ретте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң табиғаттағы тіршілік иелерін қорғап қана қоймай, азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.

Өркениетті елдерде жануарларды қорғауды көздейтін заң бұрыннан бар. Оған қолданылатын жаза мен жауаптылық та қатаң. Соны білетін азаматтар үй жануарларынан бөлек, орман тағыларына да қамқорлықпен қарайды. Дегенмен, жануарлар қрып-соғу, жою деректері әлі де толастамай келеді. Иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларға дер кезінде көмек көрсетпеу секілді жағымсыз деректер бейнеленген таспалардың толастамай тарауы заңның соншалықты пәрменді болмай отырғанын көрсетеді. Бұл заңға өзгеріс енгізіп, жануарларға зорлық көрсеткендерді қатаң жазалау қажеттігін алға шығарады.

Бүгінде жануарларға жауапкершілікпен қарауды көздейтін заңды толықтыру, жетілдіру бағытында іргелі ізденістер жасалып жатыр. Соның ішінде қаңғыбас ит-мысықтарды тіркеу, оларды ұстап, баптайтын арнайы орталықтар ашу мәселесі жаңа заңның жобасында қарастырылуда. Мұндағы ең үлкен өзгеріс жануарларды ұрып-соққан, қатыгездік танытқан бейнероликтерді бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде таратуға қатаң тыйым салумен өзектес. Расында хайп қуған, көп қаралым жинағысы келгендер өзі таратқан бейнетаспадағы жануарлар күйзелісіне көңіл аудармайды. Ол осы зұлымдық пен қатігездікті насихаттаған таспасы арқылы өзінің адами кескін-келбетін көрсетеді. Ал өмірінің көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетін жандар осындай жағымсыз көріністі қаншама рет көреді? Тәрбиелік мән жоқ, керісінше азғындыққа, қорғаулыққа үгіттейтін бейнетаспаларды жасап, таратушыларды заң арқылы жөнге салмасақ, мағынасыз таспалар әлі қаншаға дейін жалғасатыны белгісіз. Сондықтан БАҚ-та жануарларды қорлаған таспаларды таратуға қатаң тыйым салынып, ескертуге қарамастан мұндай таспаны көпшілік назарына ұсынғандарға белгілі бір жауапкершілік тағайындалуы тиіс. Мұндай пәрменді шара болмаса, жануарларға жасалатын қатыгездік тыйылмайды.

Бүгінде заңгерлер мен қалың көпшілік арасында талқыланып отырған жаңа заң жобасында адамдар мен жануарлар арасындағы күнделікті қатынасты реттеу көзделген. Соған сәйкес, заң жобасында жануарларды өлтіру және олардың өлекселерімен жұмыс істеу ережелеріне орай арнайы бап қарастырылған. Аталмыш бапта жануарларды өлтіруге жол берілетін жағдайларкөрсетіліп, осы процедураны жүргізу кезінде назарда ұсталатын ветеринария саласындағы ұлттық заңнама талаптары дәйектелген. Бұл жерде жануарлар иесінің жауаптылығы мен міндеті ашық көрсетілген. Мәселен, жануарлар иесі қамқорлығындағы аң-құстарға қажетті жағдай жасай алмаса, оларды биостерилизацияға беруі тиіс. Жаңа заң, жануардың өмірі, денсаулығы және саулығы үшін жануар иесінің жеке жауапкершілікке тартылатынын бекітпек. Жауаптылықтың әкімшілік және қылмыстық түрі қолданылады. Соның ішінде жануарлардың өліміне әкеп соққан құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылды. Яғни жануар иесі мұндай оқиға орын алған жағдайда 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап заңды бұзған кезде – 1 000 АЕК-ке дейін немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Жақында аталмыш заңға енгізілетін жаңашылдықтар реті Парламент қабырғасында да талқыдан өтті. Заң жобасына терең талдау жасап, көпшілік пікірін сараптаған мәжіліс депуттатары жоба жануарларға қатысты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды деген сенімде. Заң шығарушылар бұл жерде кемшіліктің салдарымен емес, себебімен күресуге басымдық беріп отыр. Өйткені жануарлар өлгеннен кейін қатігездік жасаған азаматтарды жазалағаннан пайда аз. Сондықтан жобада алдымен азаматтардың адамгершілік тәрбиесін орнықтыру, жануарларға тіршілік иесі ретінде қарау мәдениетін қалыптастыру бағытында өзгеріс енгізу көзделген. Жануардың өмірі, денсаулығы және әл-ауқаты үшін дербес жауапкершілікті қамту, жануарларды қатыгездіктен қорғау; халықтың жануарларға жанашырлықпен қарауын әрі адамгершілік қатынасқа тәрбиелеу мәселесі де жаңа заңда көрініс тапқан. Мұнымен қоса, жануарларды асырауға және тасымалдауға, сондай-ақ өсіруге және ветеринариялық қызметтер көрсетуге қойылатын жалпы талаптар; жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу сынды баптарда өзгерістер бар. Аталмыш құжаттағы өзгерістер мен толықтырулар еліміздің прогрессивті, заманауи мемлекет ретіндегі имиджін нығайтып, барлық тіршілік иелеріне мейіріммен қарауға тәрбиелейді, және үй жануарларына қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жол ашады деп күтілуде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.