23-04-23 |
1050 рет қаралған
Жазасын өтеушілерге берілген мүмкіндік.
Жазасын өтеушілерге берілген мүмкіндік

Жазасын өтеп жатқандар да еліміздің теңқұқылы азаматы. Ағаттық жасап, қылмыскер атанғанымен, олардың да түзеліп, қоғамнан өз орнын табуына қақысы бар. Азаматтардың барлығы істі болған, жаза арқалаған жақынының бостандыққа шыққанын қалайды, олардың денсаулығына, психологиялық ахуалына алаңдайды.

Бір қуанарлығы, Қазақстандағы түзеу мекемелерінде сотталғандардың жазасын өтеуіне ғана емес, тәртібін түзеуіне, денсаулығын жақсартуына, білімін жетілдіріп, жаңа кәсіп меңгеруіне, сонымен бірге жұмыс істеп, қосымша табыс табуына барлық жағдай жасалған. Туыстарымен жақын байланысты үзбесін, араларын салқындатып алмасын деген ұстаныммен сотталушыларға үйлеріне қоңырау шалып, белгіленген уақытта қысқа, ұзақ мерзімдік кездесулер өткізуге жол ашылған. Сонымен қатар жақында бұған дейін түзеу мекемелерінің құзырында болып келген медициналық қызмет саласы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына өтті. Мұның да сотталушылар үшін тиімді тұсы баршылық.

2022 жылдың 19 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы шыққаны мәлім. Осы жарлықта Ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Денсаулық сақтау министрлігіне берілетіні нақтыланған. Соның нәтижесінде алдымен қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты, кейіннен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты медициналық қызмет саласы Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына біртіндеп өтті.

Кез келген адам үшін денсаулықтың маңызы зор. Бұл сотталушыларға да қатысты. Еліміздің бас құжаты – Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан азаматтарының тегін медициналық көмек алуына ешқандай кедергі жоқ. Әрине, түзеу мекемесінде бостандықтағыдай жағдай жасалмаған. Дегенмен, медициналық қызметтің салалық министрліктің қол астына берілуі түрмедегі емделу, ем алу үрдісін жақсартатынына сенім мол.

Бұған дейін уақытша ұстау изоляторындағы, түзеу мекемелеріндегі медициналық қызметке көңілі толмағандардың сын-ескертпесін жиі еститін едік.

Сотталушылардың туыстары да бұған дейін аталмыш мәселені қоғам назарына шығарып, түйткілдің оңтайлы шешілуіне барынша атсалысқан болатын. Расында, түзеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің кемшілігі аз емес. Тіпті арнайы медициналық құрылғылардың жоқтығы, мамандардың жетіспейтіні, ем-домның дер кезінде көрсетілмейтіні қоғамда талайдан бері ашық айтылып келе жатқанына жұртшылық куә. Ал жоғарыдағы Жарлық бүгінгі күнге дейін орын алған осы кемшіліктерді реттеуге тікелей жол ашады.

Қазіргі кезде қылмыстық атқару жүйесіне қарайтын барлық мекемелер өзіне тән емес функциядан босатылып, сотталушылардың денсаулық сақтау ісімен кәсіби мамандар айналысуда. Соның арқасында жазасын өтеушілердің сырқатын заманауи медициналық құрылғылар арқылы анықтап, емдеуге қадам жасалып жатыр. Бұған қоса, жаңа жарлыққа сүйене отырып бұған дейін түзеу мекемесінің әкімшілігіне бағынышты болған медицина қызметкерлері енді Денсаулық сақтау министрлігінің сапына қосылды.

Мұның да жағымды қырлары қазірден-ақ байқалады. Медицина қызметкерлерінің түзеу мекемесінің әкімшілігіне бағынбауы түрлі заңсыздықтардың алдын алуға көмектеседі. Өйткені, енді дәрігерлер мекеме басшылығының бұйрығын емес, сотталушының денсаулығына қарай өз ұстанымымен әрекет ететін болады.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегі медициналық қызметтің сапасы төмен болғаны рас. Бұл құрылым жазасын өтеушілердің тәртібін түзеуге, тәрбиесін жақсартуға көңіл бөлетіндіктен, медициналық қызметтің жай-күйі екінші қатарға ысырылып келген еді. Соған орай медицина қызметкерлерінің біліктілігіне мән берілмеді, дәрі-дәрмек, қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету де күн тәртібіне ешқашан қойылмады. Бұған қоса азаматтық саладағы медицина қызметкерлерімен салыстырғанда тзеу мекемелеріндегі медперсоналдың еңбекақысы да айтарлық төмен болып келгені шындық. Ал қауіптілігі өте жоғары, сонысына қарамастан айлығы айтарлықтай төмен қызметке қай дәрігер келуі, қызығушылық танытуы мүмкін? Бұл өз кезегінде түзеу мекемелеріндегі дәрігерлік бірліктің жетіспеуіне алып келді. Әрі бір ғана сала дәрігерінің бәрнеше сала бойынша ем-дом жасауына ықпал етті. Мұндай жағдайда сапалы ем туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Қазіргі кезде Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелердегі барлық медициналық бөлімдердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлініп отыр. Түзеу мекемелеріндегі тағы бір ерекше жаңалық – қазір сандық технология мүмкіндігін пайдалана отырып медициналық ақпараттық жүйе жасақталуда. Бұл ақпараттық сервис түзеу мекемесіндегі науқастардың кезекке электронды түрде тіркеліп, медициналық көмекті дер кезінде алуына мүмкіндік туғызады.

Электрондық тіркеу түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың денсаулық жағдайына сараптама жасауға да көмектеседі. Қандай ауру түрлерінің жиі кездесетінін, жазасын өтеушілер неге жиі шағымданатынын анықтау арқылы медицина қызметкерлері сырқаттардың себебіне емес, салдарына үңілуге мүмкіндік алады. Мұндай деректер өз кезегінде аурудың алдын алып, түзеу мекемесіндегі қолайсыз жағдайды реттеуге көмегін тигізеді.

Жалпы, әрбір сотталушы – еліміздің теңқұқылы бір тұрғыны. Сондықтан оның тегін медициналық көмекті талап етуі заңды. Осы тұрғыдан алғанда мемлекетімізде арнайы жарлықтың қабылданып, жазасын өтеушілердің талап-тілегіне назардың аударылуы – зайырлы, құқықтық мемлекеттің айқын белгісі болса керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.