01-10-20 |
470 рет қаралған
Сарапшы: Әзербайжан Таулы Қарабақты бір аптада қайтарып алады.
Сарапшы: Әзербайжан Таулы Қарабақты бір аптада қайтарып алады

Өткен аптада Әзербайжан мен Арменияның арасында Таулы Қарабақ үшін тағы қақтығыс басталды. Бұл жолғы әскери операция әлем жұртшылығының назарын еріксіз өзіне аударып отыр. Сондықтан да «Қос елдің арасындағы әскери қақтығыс қалай аяқталады?» деген сұрақ маңызды болып отыр. Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің қос елдің арасындағы жан-жалдағы ұстанымы қаншалықты дұрыс болды?
Түркі әлемі бойынша сарапшы Амангелді Құрметұлының айтуынша, қос елдің арасындағы әскери қақтығыс бірнеше күнде аяқталады. Алайда ол әскери операциялар Әзербайжан өз жерін қашан толық азат етпейінше тоқтамайтынын ескертті.
«Кезінде армияндар Таулы Қарабақтан бөлек Әзербайжанның 7 ауданын басып алған болатын. Бұл жеті ауданда бұрын-соңғы ешқашан армиян халқы тұрмаған. Қазіргі әскери операциялар осы аудандарды азат ету үшін жүріп жатыр. Менің ойымша, бірнеше күнде бұл операциялар аяқталуы мүмкін. Бірақ ең басты мәселе 7 ауданға тиесілі кейбір ауылдарды азат ету болып отыр. Негізі қазіргі операцияның ауқымды болатын себебі – әу баста провокацияны армияндар жасады. Біздің кейбір азаматтар Никол Пашинянды демократ азамат деп санайды. Шын мәнісінде ол «Таулы Қарабаққа қатысымыз жоқ. Олар өз алдына бөлек мемлекет болып отыр» дегенімен Таулы Қарабаққа өз баласын әскери қызметке жіберді. Бірақ аталған аудандарды жаулап алғанын бүкіл әлем біледі. Егер Таулы Қарабаққа қатысы болмаса неге өз баласын әскерге жібереді? Бұл бір. Екіншіден, премьер-министрдің әйелі Әзербайжан жеріне қару кезеніп тұрған суретін жариялады. Осы арқылы Армения тағы да арандатушылық жасады. Сондай-ақ ВВС берген сұқбатында Пашинян «Таулы Қарабақ біздің тарихи жеріміз» деп айтқанда, телеарна журналисі «Тарихты айтпай-ақ қойыңыз. Қазір БҰҰ қаулысы бойынша Таулы Қарабақ Әзербайжан заңды жері болып саналады» деп тиып тастады. Негізі Никол Пашинян провокацияға ұзақ уақыттан беріп дайындалған сияқты. Алайда оның мұндай арандатушылық жасауы өзін өзі қаншалықты ақтайды? Бәлкім ол өз халқының алдында бедел жинап, билікте ұзақ отыруды көздейтін шығар. Ұзын сөздің қысқасы бірнеше күнде әскери операциялар тоқтауы мүмкін. Бірақ бұл операция Әзербайжанның өз жерін азат етудің басы болады», – дейді ол.
Апта басында ҚР Сыртқы істер министрлігі әзербайжан-армиян қақтығысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Амангелді Құрметұлы аталған ведмоствоның мәлімдемесіне көңілі толмайтынын айтады.
«Біздің Сыртқы істер министрлігі Елбасының әу баста ұстанған саясатын жалғастыра алмады. Елбасы 2015 жылы өткен ЕАЭО жиналысында «Армения Еуразия экономикалық одағына БҰҰ мойындаған территориясымен ғана кіреді» деп қадап айтқан болатын. Елбасы осы сөзі арқылы Қазақстанның Әзербайжанның территориялық тұтастығын жақтайтынын ашық жеткізді. Бірақ еліміздің Сыртқы істер министрлігі соңғы мәлімдемесінде «Соғысқан дұрыс емес, қос тарап талуласуы керек» деп айтқандай болды. Қазір мемлекет ретінде әлем мойындаған фактіні ашық айта алмасақ, ертең басымызға күн туған кезде бізге кім қолдау көрсете алады? Халық Таулы Қарабақ мәселесінде әділдік Әзербайжан жағында екенін біліп, ойын ашық айтып отыр. Солай бола тұра Сыртқы істер министрлігінің екіұшты позиция ұстанып отырғаны қызық. Біздің елдің Еуропадағы Франция мен Бельгия сияқты күмілжіп отырғаны дұрыс емес. Ал Қырғызстан болса «Біз Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдаймыз» деп ашық айтты. Бір сөзбен айтқанда еліміздің Сыртқы істер министрлігі жалтақтық танытып отыр. Әзербайжан мемлекетін бауырлас ел ретінде қалай болған күннің өзінде қолдауымыз керек еді», – дейді сарапшы.
Амангелді Құрметұлы түркі әлемінің жағдайынан бөлек, әскери салаға да қатысты өз ойын айтып жүрген білікті маман. Сондықтан да біз одан қай елдің әскери қуаты жоғары екенін сұрап білген болатынбыз.
«Шын мәнісінде Әзербайжанның әскері Армениямен салыстырғанда 4-5 есе қуатты. Оның үстіне Әзербайжан әскері шекаралық операциядарға қатысып мол тәжірибе жинаған. Егер Ресей мен Иран сияқты елдер Арменияға жақтаспайтын болса, Әзербайжан Таулы Қарабақты бір аптада қайтарып алады. Алайда Ресейдің Таулы Қарабақ қақтығысына қатысуға мүмкіндігі жоқ. Себебі Ресей араласатын болса, Түркия бірден іске кіріскелі тұр. Оның үстіне қос елдің арасындағы қақтығыс «орыс қаруы мықты» деген мифті тағы жоққа шығарды.
Қазіргі таңда қарапайым халық зардап шекпесін дегенді ескеріп, Әзербайжан артық қадамға барып отырған жоқ. Соңғы екі күнде Әзербайжан әскері зеңбірекпен алыстан атқылап, дрондармен шабуыл жасап жатыр. Бір сөзбен айтқанда Армениядан қарағанда Әзербайжанның армиясы мықты», – дейді сарапшы.
Амангелді Құрметұлының айтуынша, қос елдің арасындағы әскери операция бірнеше күнде аяқталуы мүмкін. Бірақ әр операция сайын Әзербайжан өз жерін қайтарып отыратын болады. Өйткені Әзербайжан 2016 жылдан бастап осындай саясат жүргізіп жатыр.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.