17-09-21 |
610 рет қаралған
Тоқаев Ауғанстанда болатын аштық жағдайының жаһандық сипат алатынын болжады.
Тоқаев Ауғанстанда болатын аштық жағдайының жаһандық сипат алатынын болжады

Қазақстан президенті ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысында мемлекет басшысы соңғы айларда Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайдың тез өзгеріп, ахуалдың тұрақсыздану қаупі туындағанын айтты. Бұл туралы Ақорда сайты жазды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мандатына мұндай сын-қатерлердің алдын алу және оған дер кезінде мән беру мәселелері кіреді. Бұл біздің беделді екі аймақтық құрылым арасындағы іс-әрекеттерді үйлестірудің маңызды екенін көрсетеді. Ауғанстанның уақытша үкіметі алдында аса күрделі міндеттер кешені тұр. Жаңа мемлекеттік құрылымды қалыптастыру және жалпы ұлттық тұтастыққа қол жеткізу сияқты стратегиялық мақсаттардан бөлек күнкөрістің көкейтесті мәселелерін де шешу қажет. Экономиканың қордаланған мәселелерінің шешілуі, түптеп келгенде, Ауғанстан мемлекеттілігінің шама-шарқын айқындайды. Шындығы осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, дағдарыстан шығу үшін бұл елдегі ішкі ресурстар мүлде жеткіліксіз. БҰҰ-ның бағалауы бойынша Ауғанстан гуманитарлық апат жағдайында тұр.

«Бұл асыра айтқандық емес. Жуық арада Ауғанстан аса ауыр азық-түлік дағдарысына ұшырауы мүмкін. Осы қиыншылық Орталық Азия аймағының да шекарасын айналып өтпейді. Оның салдары жаһандық сипат алады. Аталған жағдай, ең алдымен, тұрғындардың көшуге мәжбүр болуынан туындайды. Алайда, қазір жай болжам жасаудың емес, нақты іске көшудің маңызы зор. Елдеріміз бен ұйымдарымыз деңгейінде Ауғанстан халқына көмектесу үшін «гуманитарлық көпірді» жедел түрде салған жөн. Қазақстанның инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, мұндай «көпірді» ұйымдастырудың маңызды бөлігі ретінде Алматы қаласында аймақтық хаб құру ұсынылады», -деді президент.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.