25-09-23 |
700 рет қаралған
Тоқаев: Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытуға ниетті.
Тоқаев: Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытуға ниетті

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшыларымен кездесу барысында айтты.

Президент үкіметтер басшыларына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ынтымақтастықты айтарлықтай нығайту үшін мол әлеуетке ие, сондықтан оны ілгерілету мақсатында барлық мүмкіндікті белсенді пайдаланған жөн деп пікір білдірді.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Бұл Одақ өте перспективті интеграциялық ұйым деп санаймыз. Одақтың экономикалық әлеуетінің мүмкіндіктері зор. Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық кооперацияның тиімділігі көлік-транзит әлеуетін ашумен тікелей байланысты, сондықтан көлік қатынастарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде дамыту керек деп санайды. Президент Иранға, Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізінің, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытының мүмкіндіктері жөнінде айтты. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне баса мән берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнеркәсіп саласындағы ықпалдастығын дамыту маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ биыл мамыр айында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру кезінде кооперацияға қаржылай көмек көрсету туралы құжатқа қол қойылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл механизм бірлескен жаңа өндіріс орындарын ашуға тың серпін береді.

Arasha.kz

ФОТО: Ақорда

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.