30-10-23 |
1550 рет қаралған
Заң отбасылық зорлыққа тосқауыл қояды.
Заң отбасылық зорлыққа тосқауыл қояды

Отбасылық зорлық-зомбылық деректерінің соңғы жылдары күрт көбейіп кеткені кім-кімге де белгілі. Әлімжеттіктің ошағына айналған отбасыларға «әркімнің жеке шаруасы» деп бейжай қарауға болмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Себебі, біздің мемлекеттегі басты құндылық – адам, оның өмірі мен бостандығы екені Конституцияда жазылған.

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын 2022 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот, құқықтық саланы дамыту мен отбасылық құндылықты сақтауға қатысты бірқатар мәселелерді атап көрсетті. Соның ішінде Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді. «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деген Президент отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, одан жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалатынын жеткізіп, «Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді» деп өзінің ұстанымын алға тартқаны белгілі.

Алматы қаласы Медеу ауданының учаскелік инспекторы, полиция майоры Сырым Жетенұлының айтуынша, бүгінгі қылмыстың дені отбасындағы тәрбиенің осалдығынан, туыстар арасындағы жанашырлықтың төмендігінен, толық емес отбасылардың көбеюінен орын алып отыр. Өкініштісі, мұндай зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балалар көп зардап шегеді. Ұлының анасына қол көтеруі, сол сияқты, әкесінің күнделікті анасын ұрып-соққанын көріп өскен баланың да психологиясы бұзылатыны, мұндай әрекетті қалыпты жағдай деп санайтыны тағы шындық. Осы мәселелерді реттеу мақсатында заңның қатаңдатылуы – заман талабы.

Учаскелік инспектор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізіліп, биылғы жылдың  1 шілдесінен бастап заңды күшіне енген жаңашылдықтар жұмыстарын біршама жеңілдеткенін алға тартып отыр. Себебі құжаттың артықшылығы баршылық. Тек соны халыққа дер кезінде жеткізу кезек күттірмейді.

– Жаңа өзгерістерді халыққа түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауатын көтеру мақсатында сот тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаның қатайтылуы, заң талаптарының нақтылануы өзекті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) жеке бастың құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы тарауына енгізілген өзгерістер мен қосымшалар туралы тарқатып айтқан орынды. Мұндағы ең басты өзгеріс – бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыны жазасыз қалдырмаудан көрінеді, – деген полиция майоры жаңалықтың айтарлықтай ауқымды екенін алға тартты.

Мәселен бұрын жәбірленушілер отбасының абыройына нұқсан келмеуі үшін, азаматының атына кір келмеуі үшін зорлық-зомбылықты жария етпей, ұрып-соғуға көніп жүре беретін. Тіпті, өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінгенімен, құқық қорғау қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартатын. Соның кесірінен көптеген зорлықшылар жазасыз қалатын еді. Себебі, іс қозғалуы үшін міндетті түрде жәбірленушінің арызы керек болатын. Ал әкімшілік хаттама түзілмеген соң және іс қозғалмаған соң, бұл факті бойынша іс сотқа жолданбай орта жолда қалатын еді. Қазір жәбірленуші арыз жазудан бас тартса да, іс куәгерлердің хабарламасы бойынша қозғалып, сотқа жолданады. Өйткені жаңа өзгеріске сәйкес, жәбірленушінің арыз жазуы міндетті емес.

Сырым Жетенұлының айтуынша, жаңа түзетулерге орай жәбірленушілердің өтінішінсіз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға да мүмкіндік берілген. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен DVR жазбалары жеткілікті. Мұндағы соңғы шешімді сот қабылдайды. Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалса, полиция келгенде шиеленіс шешіліп, ер адам өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде, әйел арыз жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқықбұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Міне осы айғақтарға сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданады.

Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ соңғы өзгертулер бойынша тараптар тек бір рет қана татуласа алады. Яғни отбасылық жанжал жасаушы бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі жолы қайталанған жағдайда оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ. Яғни, енді сотта тек бір рет татуласуға болады. Ал екінші рет зорлығын қайталағандарға кешірім берілмейді.

Сонымен қатар, әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімі бекітілді. Заңнамадағы бұрынғы талапқа сай, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 5, 10 немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген болатын. Іс жүзінде соттар қаулы шығарған кезде 1-ден 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алумен шектелетін. Енді отбасылық жанжал үшін зорлық-зомбылық жасаушыға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Ал зорлық қайта жасалған жағдайда бұрын 10 тәулікке дейін қамауға алу көзделсе, қазір бұл мерзім нақтыланып, зорлықшы 10 тәулікке қамауға алынатыны бекітілді. Сондай-ақ, ұрып-соғу үшін бұрын 10 тәулікке дейін қамауға алу көзделсе, енді бұл мерзім де нақтыланып, зорлықшының 10 тәулік қамауға алынатыны дәйектелді. Ұрып-соғуды қайталағандарға бұрын 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделсе, жаңа өзгерістерге сай 20 тәулік қамауға алу бекітілген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендердің де жазасы 15 тәулік (бұрын – 15 – ке дейін) қамауға алу, қайталап жасалған жағдайда – 25 тәулікке (бұрын – 20 тәулік) қамауға алу боп бекітілді.

Сонымен қатар, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мәселен, ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке (бұрын 5 тәулікке дейін болған) әкімшілік қамауға алу көзделген. Бұдан басқа, сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқару құжатын орындамағаны үшін 669-бап бойынша жауапкершілік күшейтілді. Осылайша, құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу белгіленді. Осы уақытқа дейін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл не 7 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қолданылды. Мұндай құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталағаны үшін 20 тәулікке (бұрын 10 тәулікке дейін болған) қамауға алу көрсетілген.

Жоғарыдағы өзгерістер мен толықтырулар құқық бұзушылықтың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау үшін жасалған. Ал қол жұмсау және денегі зақым келтіргені үшін әкімшілік қамауға алу бұрынғыша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1, 73-2 баптарына сәйкес 20 тәулікке дейін болып қалды. Бұл баптардағы айыппұл түрлері ескерту берумен алмастырылды. Мұндағы логика қарапайым. Бұрын зорлық жасаушы азаматтар отбасылық бюджеттен айыппұл төлейтін. Одан әйелі мен балалары зардап шекті. Осы ретте баламалы жазалар агрессорларға қатесін түзеуге мүмкіндік беруімен құнды деген жөн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.