25-10-23 |
810 рет қаралған
Заң қашан мемлекеттік тілде жазылады?.
Заң қашан мемлекеттік тілде жазылады?

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Алайда басқа салаларда біртіндеп мәртебесін кеңейтіп, қолданылу аясын кеңейтіп келе жатқан мемлекеттік тілді заңшығарушылар назардан тыс қалдырған. Бүгінге дейін тек екі заңның ғана мемлекеттік тілде дайындалып, қабылдануы сөзіміздің дәлелі. Соған орай заңның қазақ тілінде жазылмауы ғана емес, мемлекеттік тілде дайындалған нұсқасы да қоғамда жиі сыналады.

Бұл мәселені заң шығару орталығы саналатын Парламент депутаттары да аз көтеріп жүрген жоқ. Көпшілік ренішін тудырған мәселенің бірнеше себебі бар. Оның біріншісі заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуде тәжрибенің қалыптаспауымен байланысты болса, екіншісі бұл жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру, мамандарды бір мақсатқа біріктіру жағы ақсап тұр. Заңнаманы мемлекеттік тілде әзірлеудегі түйткілдерді тарқату мақсатында құзырлы мекемелерді түрлі жиын, басқосулар тұрақты ұйымдастырып келеді. Мәселен Жоғарғы Сотта сондай маңызды басқосуға мұрындық болып, заңды мемлекеттік тілде сөйлетуге, қолдануға жауапты мекеме өкілдерімен бірлесіп, мәселені шешуге қадам жасады.

Сонымен бірге Заңшығармашылық институтының мұрындық болуымен ұйымдастырылған іргелі басқосуда да заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасында орын алып келе жатқан қателіктер көпшілік талқысына салынды. Әділет министрі қатысып, Сенат депутаттары, тіл саласының белгілі ғалымдары мен мамандары шақырылған бұл жиында заңдарды мемлекеттік тілде әзірлеудегі кемшіліктер мен оны шешуге арналған ұсыныстар жан-жақты сөз болды. Әрі айтылған маңызды мәселе қозғалыссыз қалмауы үшін басқосудағы баяндамалар арнайы жинаққа топтасытырып, көпшілікке жол тартты.

Заңдарды қазақша дайындау бір күнде, бір құрылымның көмегімен реттелетін шаруа емес. Бұған әр мекеме, әр ұйым, әр адам өзіндік үлесін қосуы тиіс. Өйткені, қазақ тілінің болашағы қазаққа керек. Шыны керек, заңдардың қазақша мәтініндегі сөйлемдердің құрылымы ауыр, жасанды, арасында мағыналық қателер де жиі кездеседі. Нормативтік актілерді мемлекеттік тілде қолдану тұрмақ, оқудың өзі қиындық келтіретін болған соң, қазақ тілінде сөйлейтін адвокаттарға шейін бүгінде заңды орысша оқуға мәжбүр. Бұл мәселені енді алысқа соза бермей шешу кезек күттірмейді.

Әрине, билік тарапынан мемлекеттік тілдің мәселесін реттеуге, мерейін өсіруге көмектесетін жаңашылдықтарды енгізуге талап бар. Мәселен Әділет министрілігінің заң шығармашылық институты жұмысын бастағалы бері заң саласындағы терминдерді қазақша сауатты аударуға, терминдерді қолдану бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға күш салып келеді. Сол еңбектің нәтижесі ретінде бүгінде түрлі сөздіктер қалыптастырылып, мемлекеттік органдарға таратылған. Бұл мемлекеттік құрылымдардың қазақ тілінде дайындайтын құжаттарын сауатты түзуіне үлкен көмек болғаны даусыз.

Заңның қазақша сөйлемеуіне түрткі болып отырған мәселенің тағы бір қыры – мамандарға байланысты. Заң дайындап, ұсынатын мемлекеттік органдар салаға байланысты қазақ тілін жетік меңгерген заңгерлердің жоқтығын алға тартады. Өз саласын бес саусағындай  жақсы білетін заңгерлердің көпшілігі ойын орыс тілінде жеткізеді. Қарап отырсақ, қазіргі кезде заңгер мамандарын дайындамайтын жоғары оқу орындары аз. Осы білім ордаларының бәрі тек орыстілді заңгерлерді дайындамайтыны анық. Сонда жыл сайын қазақша білім алып, нарыққа шыққан мамандардың ішінде ойын қазақша жеткізе алатын, пікірін мемлекеттік тілде пайымдай алатын заңгерлердің шықпауы қалай? Мұны білім ордаларындағы ғалым, оқытушылар мемлекеттік тілдегі оқулықтардың аздығымен, заң терминдерінің орыс тілінде қолданылуымен түсіндіреді. Дегенмен, дәл осы кемшіліктер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айтылса, ойға қонымды, ақтауға лайықты болуы мүмкін. Ал жоғары оқу орындарында маман дайындап жүрген ғалымдардың тәуелсіздіктің отыз жылында қазақ тіліндегі оқыту әдістемесін бірізге түісіріп, оқу құралдарын дайындай алмай келе жатқанын қалай түсінуге болады?

Бұл тек заңгерлерге ғана қатысты емес. Заңдарды орысшадан мемлекеттік тілге аударумен айналысатын, сот отырысына қатысатын аудармашылардың да біліктілігіне аз сын айтылмайды. Заңдардағы түсініксіз мәтіндер, орашолақ тіркестер, орынсыз қолданылған терминдер аудармашылар дайындаудағы олқылықтардан да хабар береді. Заң жобасын мемлекеттік тілде жазу ісіне қазақ тілін жетік меңгерген, онда реттелетін қоғамдық қатынастардың қыр-сырын жақсы түсінетін мамандар таңдалуы тиіс. Мұндай мамандар әртүрлі салаларда қолданылатын терминдер мен тіркестердің мән-мағынасын барынша түсініп, қазақ тілінің грамматикалық ережелерін мүлтіксіз меңгеруі тиіс. Құқықтық нормалардың мағыналық сипатын аша білетін, заң салаларының ерекшелігін жақсы игерген білікті заңгер-аудармашылар ғана мінсіз заң дайындауға қабілетті. Сондықтан, сапалы заң дайындаудағы кемшіліктің күре тамыры білім ордаларындағы шикілікке тірелетінін естен шығармауымыз керек.

Бәрімізге мәлім, бүгінгі мемлекеттік қызметшілерге талап жоғары. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың сауатында мін жоқ. Дегенмен, осы сауатты мамандардың көпшілігі орыс тілінде білім алған. Сондықтан, оларды мемлекеттік тілде сөйлеуге, мемлекеттік тілдегі құжаттармен жұмыс істеуге дағдыландырып, сол арқылы заңдарды қазақшалау ісіне бейімдеуге болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай заңды қазақшалауға филологтарды тартқаннан гөрі, заңгерлерді тартқан оңтайлы. Белгілі тіл маманы Кенжетай Құрманбайұлының пікірінше, заң түсінікті болу үшін жай аудармашы болу жеткіліксіз. Заңды әзірлейтін, қабылдайтын адамдардың өзі қазақ тілінің табиғатын, терминдерін тереңінен түсінуі шарт. Өкінішке орай мұндай мамандар өте аз. Заңгерлер заң орбитасында жұмыс істейтіндіктен қандай терминді қай жерде қолдану дұрыс екенін жақсы біледі. Ал аудармашылар заң мәтініне қарапайым мәтін ретінде қарайтынын ұмытпау керек.

 Заң мемлекеттік тілде жазылмаған соң, бүгінде құқық қорғау органдарынан бастап, прокуратура, адвокатура, сот саласының барлығы қызмет барысында орыс тіліне  басымдық беретіні жасырын емес. Сот процестерінің көпшілігі орыс тілінде өтетіні сондықтан. Кейде сот поцесіндегі тараптардың, олардың қорғаушыларының, қадағалаушы орган өкілі мен судьяның да қазақ ұлтынан бола тұра, дауды орысша қарайтынын көріп қарның ашады. Қазақ пен қазақтың аудармашы арқылы тілдесуінің өзі көңілге сыймайтын кемшілік. Сондықтан, еліміздегі көптеген мәселенің туындауына түрткі болып отырған заңдағы олқылықтарды біртіндеп жолға қоятын кез келді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.