26-09-18 |
5180 рет қаралған
Жәрдемақы жайы қалай?.
Жәрдемақы жайы қалай?

Бауыр еті – баласына әр ата-ана ең жақсы тағамды, сапалы киімді, әдемі ойыншықты алып бергісі келеді. Дегенмен теңге құны төмендеп, шетел валюталары қымбаттап бара жатқандықтан, балалар тауарларының да құны көтеріліп жатпаса, түскен жоқ. Себебі, еліміздегі тауарлардың көбі шетелден әкелінетіні белгілі. Ал баламен үйде отырған аналардың алып отырған жәрдемақысы қанша және ол бала күтіміне жете ме? Мұны біз анықтап көрген едік.

9 айлық егіз балалардың анасы Баян Құмарқызы бүлдіршіндерінің айлық шығынын тізіп берді:

«Өткен айда әр баланың күздік аяқ киіміне 10 мыңнан, сырт киімдеріне 15 мың теңгеден кетті. Сонда екі баланың сырт киімдеріне 50 мың теңге жұмсалды. 10 мыңға тамақтарын алдым, оның ішіне балалар ботқалары, жеміс-көкөніс езбелері кіреді. Күніне 6 жөргек кетіп отырады десек, бір қорапта 60 жөргек бар. Олардың бағасы 6000-8000 теңгенің аралығында. Сонда айына 20 мың теңге жөргекке кетті. Бір бала екі күнде бір қорап жасанды сүт ішеді. Оның әрқайсысы 2000 теңгеден. Бір айға 15 қорап жасанды сүт қажет. Ал мемлекеттен мен екі балаға 20 сүт аламын. Сонда ар жағында 10-15 сүтті сатып алып отырмын. Шамамен айына 15 мың теңгем сүтке кетіп отыр. Сонда балалардың ең негізгі шығыны бір айда 95 мың теңге. Бұл есепке балалардың бас киімдері, жеңіл-желпі үй киімдері, гигиеналық заттар, емізіктері мен ойыншықтары кірмейді. Бұдан бөлек, өткенде балаларым тұмауратқанда 30 мың теңгеге дәрі-дәрмек сатып алдым» -дейді жас ана.

Мақпал Шайхистамованың екі баласы бар. Кіші балам үлкенінің кішірейген киімін киіп өсіп келеді дейді.

«Балама бір реттік жөргектер сатып аламын. Ішінде 90 дана болатын қорабы 7600 теңге тұрады. Бір жерге барғанға деп дымқыл шүперек те сатып аламын. Ол да аса қымбат емес, 600-700 теңгедей тұрады. Әлі етік сатып алған жоқпын. Бірақ қандай етік алатынымды шамалап білемін. 4-5 айлық балаға етік шамамен 10 мың теңге тұрады. Сырт киім 20 мың теңгеның жобасында. Бірақ мен сырт киім алмаймын, себебі кіші балам үлкен қызымнан қалған киімді киеді. Мен қызыма да ұлыма да киімдерді бір жерден аламын. Сондықтан бізге сатушы жеңілдік жасап тұрады. Егер жеңі бар боди болса «барахолкадан» 1000 теңге, спорттық киімдер 1500-2000 теңге, ал қызыма 1800-2000 теңгенің көйлегін аламын. Балам 4 айлық. Жасанды сүт, қосымша тамақтар әлі берген емеспін» – дейді ол.

Жүктілік және босану бойынша жәрдемақы қанша?

фото - Baribar.kz
фото – Baribar.kz

Қазақстанда нәресте туған кезде берілетін бір реттік көмек бар. Оның көлемі: бірінші, екінші, және үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсеткіш, яғни 91 390 теңге. Ал төртінші, немесе одан да көп балаға – 63 айлық есептік көрсеткіш, яғни 151 515 теңгені құрайды.

Ал жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа дейін бала күтіміне арналған жәрдемақы беріледі. Ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кірмейтін әйелдерге беріледі. Бірінші балаға – 5,76 АЕК – 13853 теңге, екінші балаға – 6,81 АЕК – 16379 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК – 18880 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК – 21 405 теңге.

Жұмыс істеген әйелдер үшін жәрдемақы көлемі әлеуметтік қауіп уақыты туғанға дейінгі соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударылымдарға байланысты. Ал енді әлеуметтік қауіп дегеніміз – жүктілік пен босануға байланысты кірістің тоқтатылуы.

Жәрдемақының көлемін білу үшін соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударылым жасалған орташа айлық кіріс көлемін еңбекке қабілетсіз күндер санына сәйкес коэффицентке көбейтеміз. Еңбекке қабілетсіз күндер санына сәйкес коэффицентті уақытша жұмысқа қабілетсіздік анықтамасы берілген күндерге, яғни 30 күнге бөлу арқылы анықтайды. 126 күн/30=4,2 коэффицент

Әр жұмыс істейтін әйел жүктілік және босану бойынша 126 күнге дейін ақылы демалыс алуына құқылы. Сондай-ақ, жұмыс істейтін әйел баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы ала алады.

Баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақыны есептеу үшін келесі алгаритмге жүгінеміз: Әлеуметтік сақтандыру қорына аударған соңғы екі жылдағы табысты 24 -ке бөлеміз, шыққан санды 0,4-ке көбейтеміз, бұдан шыққан саннан 10 пайызды азайтамыз. Нәтижесінде шыққан сан – әлеуметтік төлемнің көлемі болып есептеледі.

Балаларының негізгі шығынының өзі өткен айда 95 мың теңгені құраған Баян Құмарқызы былай дейді: «Мен мысалы 200 мың теңге айлықпен декреттік демалысқа шықтым. Қазір әр балаға 34 мың теңге жәрдемақы аламын. Ол ақшаға қазір тек балаларымның тамақтарын ғана алып отырмын. Алғаш босанған кезде жөргек пұл деп 180 мың теңге жәрдемақы алған болатынмын. Бірақ егіз балалардың арбасы150 мың теңге тұрғандықтан бұл ақшаға соған кетті» – деп отыр.

Мақпал Шайхистамоваға жәрдемақысы әзірге жетіп тұр екен: «Мен өзім он-ақ ай жұмыс істегендіктен 38 мың теңге жәрдемақы аламын. Маған бұл ақша жетеді. Бірақ енді балам бір жасқа толғанда жәрдемақым тоқтайды. Сондықтан жұмысқа шығамын. Балама күтуші жалдаймын. Біздің ауданда күтушіге 90 мың теңге төлейді екен. Ондай жалақы төлеу үшін өзім 200-300 мың теңгенің жұмысын табуым керек шығар» -дейді жас ана.

«Arasha.kz» Алматы қаласында бала күтушісінің қызметі қанша тұратынын анықтап көрген еді, шаһарда бала қарайтындар өз жұмыстарын сағатына 500 теңге мен 1000 теңгенің айналасында бағалайды екен. Егер күтуші бала тәрбиесімен, тамақтандыру, ойнатудан бөлек, баланы бала бақшаға апарып-алып қайту, үй жинау, массаж жасау, жуындыру, логопедтік қызмет түрлерін ұсынса онда сәйкесінше қызметінің бағасы да өседі. Егер сіз ең арзан, сағатына 500 теңге алатын қызметшінің көмегіне жүгінгіңіз келсе, онда сегіз сағаттық жұмыс күнінде 4000 теңге ақы төлейсіз. Егер бір айда 24 жұмыс күні болса бала күтушыңізге айына 96 000 теңге айлық төлеп отырасыз.

фото - informburo.kz
фото – informburo.kz

Медицина және дәрі-дәрмек

Еліміздегі басқа да азаматтар сияқты бір жасқа дейін нәресте тұрақты тұрғылықты жеріне қарасты емханаларда тегін қаралады, бала науқастанған жағдайда ауруханаларда да тегін медициналық көмек көрсетіледі. Сәби дүниеге келгеннен кейін бір ай бойы учаскелік дәрігер баланың үйіне келіп қарап тұрады. Бұрын мемлекет балаға арналған тегін дәрі-дәрмек қобдишасын, бірқатар дәрілер мен дәрумендерді тегін беретін. Ал қазір мұндай жеңілдіктер алынып тасталған. Мұның себебін «Аман саулық» қоғамдық қорының жетекшісі Бақыт Түменова түсіндірді. Оның айтуынша, дәлелдеу медицинасы бойынша тегін беріліп келген ол припораттар адамдарға аса ешқандай көмек көрсетпейді деп алынып тасталды.

«Фармулярлы комиссия ешқандай пайдасы жоқ дәрілерді тегін берілетін дәрі-дәрмектер тізімінен алып тастап, оның орнына басқа дәрілерді кіргізді. Бірақ оған кейбір адамдар үйреніп қалған. Тамырдан екпе салу керек, тамшылататын дәрілер керек деп жатады. Бірақ жасыратыны жоқ, олардың адам денсаулығына еш көмегі жоқ. Негізі шет мемлекеттерде тамшылату дәрілерін біздегідей көп жасамайды» -деген маман дәрі-дәрмек қобдишасының да бұрын жас аналарға аса қажеттілігі болмағандығын айтады.

Статистика агенттігінің ақпараттары бойынша, 2017 жылғы желтоқсан мен 2018 жылғы қыркүйек аралығында елдегі инфляция көлемі 3,3 пайызды құрнаған. Қазақстан көптеген тауарларды алыс-жақын шет мемлекеттерден  сатып алатын болғандықтан елдегі тауардың құны тікелей доллардың бағамына байланысты. Ал «kurs.kz» сайтының 12 қазандағы мәліметі бойынша, бір АҚШ долларына шаққандағы теңгенің құны – 370,57-ні құрап отыр. Экономист мамандар теңгенің тұрақсыздығын айтуда. Сондықтан елде тауар бағасы тағы да қымбаттай ма, жоқ па екенін кесіп айту қиын.

Балжан Жеңісқызы, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.