14-12-20 |
610 рет қаралған
Көлгінов халықтың көңілінен шықты ма?.
Көлгінов халықтың көңілінен шықты ма?

Астананы басқару оңай деймісің қарағым!

Әкім болу соның ішінде Астана мен Алматыға әкім болу оңай емес. Біздің ше, осы екі үлкен қалаға жүрек жұтқан адам ғана әкім болатын секілді. Қарасаңыз, қараша жұрт Астанаға кім әкім болып келсе де үйінен шықпай қалған қоқысы үшін де әкімді тэгтеп жатады. Абайсыз да көше тайып жығылса да әкім кінәлі болады. Осындай күнделікті тіршілікте болып тұратын ұсақ-түйектің бәріне қала әкімін «қаралап» отыруды жұрт әдетке айналдырған. Әлбетте, жұрт айтып жататын мәселелердің бәрі даурықпа, назар салуға тұрмайтын дүние десек, қателесеміз. Мұндай сөз әсіресе, кінәмшіл келетін қала тұрғындарының шамына тиетіні сөзсіз. Әрине, кез келген қала сынды Астананың да ағымдағы және ұзақ мерзімді проблемалары бар. Бірақ жасалған істі жасырып, жыртық іздеп жаңалық құруға құмарлық та желіге байланған жұрттың қашанғы әдеті. Әйтсе де Атырауда отырып, Астананың көшесіндегі қар қабырғасын батып, күрелмеген қарға күрек ала жүгіретіндей күңіренетіндерді түсіну қиын. Осындайды көріп отырып, Астананың әкімі қалай шыдайды деп ойлайсың… Шындығында, Астана әкімінің жұмысы – шаруашылық жұмыс. Алаң таңнан қара кешке дейін кабинетіне кіруге уақыты болмайтын Көлгіновке жүктелген міндет ауыр. Ауыр болатыны – тұтас билік құрылымы орналасқан қаланың шаруасын дер уақытында реттеп, ала-құла тұрғындардың көңілін тауып, оның сыртында қаланы дамытуға күш салу айтқанға оңай.

Мәселен, Астанада әлеуметтік проблемалар мен протестік көңіл-күй өршіп тұрған кезде тағайындалған Алтай Көлгінов орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, елордадағы осы кезге дейінгі жұмысын қортындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ қарша борады. Бірнеше сағатқа созылған брифингте қала әкімі көптің көкейінде жүрген көп жайдың басын ашты.

Көлгінов кабинеттен тыс жерде…

Көлгінов Батыс Қазақстаннан келген кезде Астана аналардың қарсылығына тұнып тұрған болатын. Сол кездегі әкім Бақыт Сұлтанов әлеуметтік-тұрмыстық жанайқайын айтып көшеге шыққан көпбалалы аналарға не істерін білмей тосылып, аналар үкімет пен Ақ Орданың арасында жүрген еді. Іске министрлер араласқан да шақтар болған. Көлгінов келген соң аналардың қарсылығы бірте-бірте тыншыды, басылды. Сөйтсе Алтай Сейдірұлы «Жанұя» орталығын ашып, сол орталықтан көпбалалы аналар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар,  жағдайы ауыр азаматтарға көмек берілетін еткен. Бұл өз кезегінде қарсылықтың қарқынын басып, аталған әлеуметтік топтың проблемасын шешуге алып келді. Иә, бәрі керемет болып кетпес, дегенмен олардың өмірі де реттеле бастағаны анық. Сырт қарағанда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың мәселесін бұрынғы жолмен бәрін үкіметке итере салып отыра беруге де болар еді, бірақ тегінде мемлекетшіл адам әлеуметшіл келеді, әлеуметшіл келетіні – жылағанның жасын сүрту, ауыр тұрмысын жеңілдетуге шын адами жанашырлықпен қарауы. Іскерліктің түбінде адами жанашырлық жатады. Әйтпесе, Көлгінов те көп әкім құсап «Проблема бар, шешу жолдарын іздеп жатырмыз» деп уәдені үйіп-төгіп «шешу жолдарын іздеп жүріп» басқа қызметке ауысып кеткенін өзі де білмей қалатындай өзіне ыңғайлы жолды таңдап алуына болар еді. Керісінше, болды. Астанаға көз тіккен жұрттың назарынан түспеген аналар «көтерілісі» тынышталды, демек оңды, тұрақты көмек көріп отыр деген сөз. 

Тағайындалған кезде Көлгіновтің алдынан көлденең шыққан тағы бір мәселе үлескерлер, үй мәселесі еді. Бұл өзі Астананы басқарған бұрынғылардың бас ауруына айналған нәрсе. Баяғыда Тасмағамбетов аралап жүретін кездерден кейінгі құрылыс алаңдарынан жиі бой көрсететін әкім Көлгінов болды. Жақсы атану үшін жүрмейтіні рас. Әңгіме сол баяғы «сақалды» құрылыстар, «қашан салынып бітеді?» деп тағаты таусылған үлескерлер. Сол сарсаңға салған 52 құрылыс нысанының былтыры 10 пайдалануға берілген. Биыл тағы 20 кешеннің құрылысы аяқталмақ. Алмпамыстай күн санап өспесе де бір жылда он құрылысты аяқтату әкімнің ықпалының зор екенін әрі бастағанын ісін соңына дейін қадалып отырып қадағалайтынын көрсетсе керек. Әйтпесе  біздің елде әкім келіп кеткенше ғана жұмыс істегендей түр танытатын компаниялар толып жатыр. Тоқпағы мықты әкімнің ғана тұралаған құрылысты тұрғыза алатынын бір жылда он үйдің пайдалануға берілгенінен байқауға болады. Бұл аз десеңіз, Алтай Көлгіновтың бастамасымен тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 миллионнан 1,5 миллионға артқан. Бұған қоса «Шаңырақ» сертификатын алушы азаматтардың санаты үштен тоғызға дейін көбейген.

«Біз Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп әлеуметтік пәтер алатын азаматтардың санатын кеңейттік. Медицина қызметкелері, мұғалімдер, өрт сөндірушілер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері және полицейлердің пәтер алатын мүмкіндігі бар. Оған 1 мың пәтер қарастырылып отыр. Аталған бағдарлама бойынша алғашқы жарна пәтер құнының 1% пайызын құрайды, баспананы кейін жекешелендіруге болады», – дейді әкімнің өзі.

 

Көлгінов, көгілдір отын және көмір

Желсіз күндері Астана аспанын түтін басып тұратыны бұл күнде жаңалық емес. Әншейінде Астанаға тамсанып, аузын ашып, көзін жұматын жұрт мұндайда аяқ астынан жаппай қала экологиясының қызу белсенділері болып шыға келеді. Жалпы қала жұртына жағу да түсіну де қиын… Әлбетте, жұрт та кінә жоқ, көргенін айтады. Астананың ауасына қатысты мәселе бар екенін әкім де біледі. «Жалпы Нұр-Сұлтанда 3 негізгі ластану көзі бар. Бұл ЖЭО, жеке сектордағы пештер және көлік. Алғашқы екі проблема алдағы жылдары елорданы газдандыру есебінен шешіледі» депті. Рас, Астанаға газ барғаны сүйіншіленген.

«»Железнодорожный» елді-мекенінің тұрғындарымен кездестім. Олардың қатарынада жақында ғана газға көшкен тұрғындар да болды. Жергілікті азаматтармен елді-мекенді дамыту мәселелерімен қатар 2021 жылдың жоспарын талқыладық.
Сонымен бірге Промышленный, Көктал-2, Агрогородок елді-мекенінің бір бөлігінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталса, қазір сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды осы жылдың желтоқсан айына дейін газға қосуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін Көктал-1 елді-мекенінің тұрғындарында да газға қосыла алады.

700-ден астам тұрғын техникалық шарттарды алса, 3,5 мыңнан астам тұрғынға фронт-офистерде кеңес берілді. Бір текше метр газдың бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді.

Газбен қамту – Елбасының стратегиялық жобасы. Тұңғыш Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры Орталық Қазақстан мен елорданы еліміздің бірыңғай газ тасымалдау желісімен байланыстырады.

Қаланы газдандыру үш кезеңде жүргізіледі. Бұл процесс Мемлекет басшысының әрдайым бақылауында. Сонымен қатар, осы айда ЖЭО-1 және ЖЭО-2 су жылыту қазандықтарының бір бөлігі газға ауыстырылды» деп Көлгінов қараша айында айтқан. Содан бері көп өтпесе де газдандыру тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал кез келген қаланың «қысымын» көтеретін көлік мәселесінде Көлгіновтің өз жоспары бар екен.

«Егер біз қоғамдық көлікті ауыстырып, велосипедшілерге жағдай жасап, дамытатын болсақ, «жаяу жүргіншілерге арналған қала» қағидасы өз нәтижесін береді. Кейбір инвесторлар автопарк салып, электр автобустарын сатып алады, бізден маршруттар мен субсидиялар сұрайды. Үшіншіден, көгалдандыруды барынша қолға алу керек. Елорда көшірілген сәттен бастап Елбасының тапсырмасымен құрылған «Жасыл белдеу» шамамен 90 млн га жерге отырғызылды, оның 17 млн қалада. Бұл қаланың «өкпесі». Сондықтан ағаш отырғызуды одан әрі жалғастырамыз».

Бірақ Астана толық газға көшпегендіктен әрі халық саны да артып келе жатқандықтан көмір жағатын үйлердің саны баршылық. Бірақ әкімнің айтуынша, көмір жағуды азайтудың бір амалы бар көрінеді.

«Біз сондай–ақ бірқатар министрліктермен талқыланатын тағы бір мәселе – бір кездері түнгі тариф деген болған, түнде электр энергиясының бағасы төмендеді және адамдар оны пайдаланды. Қазір адамдар түнде пештерін көмірмен жаға бастады, ал оның сапасынан көп сұрақ туындайтыны белгілі» дейді әкім. Демек көмірдің түтінін сәл де болса азайтудың жолы түнгі тариф қосу.

Көлік пен көмір демекші, Астананың ішіндегі саябақтардың түнемел орынға айналған жағдайы да біраз әңгіме болған. Содан әкім қаладағы саябақтың бәрін әкімшіліктің балансына алып, қираған орындықты, жарылған шамды реттеп, қоқыстан тазартты. Мұны да әділдік үшін айтқан жөн.

Айта берсең, Астана мен Алтай Сейдірұлының жұмысы жайлы әңгіме көп, әзірге осы жерден қайырайық. Ал Астана әкімінің әлеуметтік желідегі белсенділігі мен әкімдер арасындағы беделі басқа әңгіменің арқауы.

Айтпақшы, Астана да оның тұрғындары да, әкімі де біздің мақтауымызға титтей де зәру емес екенін жақсы білеміз. Біздікі – әкімнің істемеген ісін емес, бір уақ істеген ісін де айту.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.