Биылғы жылы біз білетін қаржы әлемінде үнемдеу маңызды бола түседі. Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, 2019 жыл қазақстандықтарға үнемдеуді мықтап меңгертеді.
Сарапшы маманның айтуынша, биыл әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға байланысты тіпті алпауыт компаниялардың өзі шығындарын азайтып, қаржыларын барынша үнемді жұмсауға тырысып жатыр. Осы ретте әрбір жекелеген адам үшін де жеке қорға қаржы жинау маңызды бола түседі. Бұл ретте маман жұмыс істейтін айлық табысы бар қызметкерлерді үнемшіл болуға шақырып отыр.
«Қазір аяқ астынан қаржы қажеттілігі туа қалса, көпшілік қауым бірінші банктен несие алуға ұмтылады. Хош, несиені алуын аларсыз. Бірақ «қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын» ұмытпаңыз.
Бір ескеретін жайт, несие қайтару барысында қаражатты одан асыра төлейсіз, соның нәтижесінде жұмсалған ақша көлемі екі есеге айтарлықтай молаяды.
Ендігі бір қаржыны қолға түсіру көзі – ағайынға, қатар-құрбыларға, туыстар мен таныстарға салмақ салу. Бұл қалай болғанда да бұрынғы сыйластығыңызға сызат түсірмей қоймайды. Өйткені мерзімді күні қарызды қайтара алмасаңыз, қадіріңіз кете бастайды.
Әсілі, мұндайда ең тиімдісі – ешкімнен қарыз алмауға ұмтылу. Ол үшін белгілі бір сомада артық ақша қоры болуы қажет», – дейді маман.
Алайда айлығын шайлығына жеткізе алмай, қымбатшылық қамыты қысып жүрген жандарда артық ақша болмауы да мүмкін. Бұған қатысты маманның айтар уәжі:
«Бір сәт өзіңізге өзіңіз мынадай сауалдар қойып көріңізші: 1. Өзіңіздің айлық шығындарыңыз қандай? 2. Қазіргі кезде жеке қорыңызда аздап болса да ақша бар ма? 3. Сол сома шығындарыңызды жабуға жете ме? Осы сұрақтардың жауабы сіздің қаншалықты дәрежеде өмірдегі түрлі құбылыстарға дайын екендігіңізді анықтайды. Бұл арадағы ең бір қиын нәрсе – қорыңызда ешқандай қаражат болмай, айлықтан айлыққа әзер жететін күйде болуыңыз. Мұндай кезде ертеңгі күнді бүгін, яғни алдын ала ойластырған жөн. Ол үшін әуелі өзіңізге қажет ай сайын жарататын қаражат сомасын анықтаңыз. Егер отбасылы болсаңыз, сол отбасындағы барлық мүшені есепке алыңыз. Сіздің жинақтарыңыздың ең төменгі сомасы айлық шығынның қорытынды сомасына тең келуі тиіс. Сіздің тұрақты қорыңызды қандай соманың құрайтындығын білу үшін қазіргі жұмыстан айырылып қалсаңыз, жаңа жұмыс орнын немесе табыс көзін табу үшін қанша уақыт кететінін анықтап алуыңыз керек. Егер бұл бір ай өтпестен жүзеге асса, онда қордағы қаражатыңыздың сомасы айлық шығындарыңызға тең келеді. Ал егер одан ұзаса, болжанған уақыт мөлшерін айлық шығын сомасына көбейтіңіз», – дейді маман.
Негізінде, сарапшылардың пікірінше, қор жинап қою сіздің бай, не кедей болуыңызға қарамайды. «Миллионер атанудың жолдары» деп аталатын кітаптарда жазылып жүргендей, қолыңызға түскен кез келген қаржының 10 пайызын жинай беріңіз. Біріншіден, бұл белгілі бір тәртіпке үйретеді, екіншіден, жеке қорыңыз үнемі толықтырылып тұрады. Басты шарт – бұл ақшаны жұмсамаңыз. Тіпті тиімді бір сауда жасаудың реті келіп жатса да аталмыш қаржының бар екенін ұмытып кеткен абзал.
«Біздің ақшаға деген көзқарасымыз таза тиімділікке құрылуы тиіс, әрқашан оны жоғары табыс әкелетіндей қолдану керек. Әрине, шынайы өмірде бәрі ойдағыдай бола бермейді. Шопингомания деп аталатын сәнді аурудың түрі бар. Дүкенге жаны құмар, бос уақытының 70 пайызын дүкендерді аралауға жұмсайтын адамдар да табылады. Киімді жаңалау ісі, әрине, мұңайып тұрған көңілді көтеруге мүмкіндік бергенімен де көңіл-күй үшін сауда жасау ісіне абайлап қараған жөн. Психологтар мәселені шешу үшін шопингтің көмегіне жүгінетіндердің қатарын бақылап көріпті. Нәтижесінде, олардың жағдайлары анағұрлым мол ақшасы бар бай-манаптар емес, керісінше, ақшасы мүлде жоқ болып тиын санап қалатын орта таптағы адамдар екендігі анықталған», – дейді Тоғжан Шаяхметова.
Осылайша маманның пайымдауынша, биылғы жылы қаржысын үнемдегендер қиындықта ұтып шығады. Ол үшін әрине қазаққа сауда жасау мәдениетін меңгеру керек. Байыған кезде, яғни жалақы алған күні базарға бармауды үйрену керек. Бұл әрекет ақшаны көп жұмсап жіберуге итермелейді. Әмиянға көп ақша салып жүретін әдеттен арылу керек. Бұл қаржыны көзсіз көсіп жіберуден сақтандырады. Маркетингтік жүрісті меңгеру керек. Ол үшін сатып алып тұрған тауардың сапалы, не сапасыз екенін зерттеу қажет. Киім-кешектің сертификатын сұрау, азық-түліктің сыртқы қаттамасын оқып шығу маңызды бола түспек. Осылайша қаржы сауаттылығын меңгергенде ғана «қазақтың әмияны заманға сай толыға түседі» дейді мамандар.
Дереккөз: qamshy.kz Қарлығаш Зарыққанқызы
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024
-
13.11.2024