16-03-18 |
9880 рет қаралған
Жаман бала қайдан шығады?.
Жаман бала қайдан шығады?

ОҚО, Абай ауылындағы сұмдықты естігенде жаны түршікпеген адам жоқ. Дегенмен, бұл қоғамда етек жайып келе жатқан кеселдің салдары. Ал оның түпкі себебі неде?
Қоғам белсенділерінен бастап, қарапайым халыққа дейін істің әділ шешімін табуын талап етіп жатыр. Демек әңгімегенің түп тамырына үңілмесе болмайды…

Алдымен шулы оқиғаның айналасындағы қазіргі жағдайды баяндай кетелік.

Балиева істің байыбына жете алады ма?
Еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева 14 наурызда түнде Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келіп, өңірдің ІІД бастығымен және жәбір көрген жеті жасар баланың туыстарымен кездесті. Әрі балаға қайтадан кешенді және тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізу үшін 15 наурызда өзімен бірге Астанаға алып кететінін мәлімдеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өзі жіберген мониторингтік топтың бала жағдайын тексеріп шыққанын айтты.

Дегенмен:

– Балаға қатысты қандай да бір шешімдер қабылдауға әлі ерте. Барлығы сараптама қортындысы шыққаннан кейін белгілі болады. Сондай-ақ, күдікке ілінген балалардың да заңды құқықтары бар. Олардың зорлау әрекеттеріне қатыстылығы дәлелденсе, заң жүзінде жазасын алатын болады. Бірақ құқықтары толығымен ескеріледі, – деген Зағипа Балиева.

Депутат баспана да бергісі келеді
Депутат сонымен қатар болашақта баланың басқа жаққа қоныс аударуына, баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасау жағы қарастырылып жатқанын айтты. Оған бүлдіршін баланың әжесі келісімін берген.

Зағипа Балиева, қоғамдағы түрлі пікірталасқа байланысты, баланың қазіргі жағдайына алаңдауға ешқандай негіздің жоқ екенін алға тартты. Оны жеткіншек қазір толықтай мемлекет қамқорлығына алынған деп түсіндірген.

«Бұл процесте біраз қателік кетті»
Кеше 15 наурызда облыс әкімінің төрағалығымен Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы жағдай бойынша отырыс өтті. ОҚО әкімі барлық тексеріс жұмыстары аяқталған соң, нәтижесін көрсететіндерін айтқан.

– Бұл процесте біраз қателік кетті. Қазір біз жұмыс тобын құрдық. БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерін осы іске араласуға шақырамыз, – деген Жансейіт Түймебаев.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы Абай ауылында жеті жасар бала зорланды деген ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Кейін ОҚО ІІД өкілдері осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 121 бабының 4 бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Алайда күдіктілер немесе ұсталып, қамалғандар жайлы ешқандай мәлімет түспеді. Артынша білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова сараптама қорытындысы оқушы баланың зорланғанын растағанын хабарлаған болатын.

Бұқара халықты мектеп директорының мықты тамыр-таныстарының барлығы алаңдатып отыр. Іс жымы білінбей жабылып қала ма деген қауіп басым.

Оның үстіне біз қоғамда етек жайып келе жатқан кеселдің салдарымен күресіп жатырмыз, енді себебіне үңілейік…

Қатыгез бала қайдан шығады?
Қаршадай баланы қорлаған да, зорлаған оқушылар. Бұл балалардың бойында осынша зұлымдық қайдан шыққан?

Әлемдік сарапшылар ата-анасының тәрбиесін дұрыс ала алмағандардың арасында­ қатыгез балалардың жиі кездесетіндігін айтады. Шындығында қатыгез бала қайдан шығады? Саралап көрейік…

Баланы­ дүниеге әкелген ата-ана дұрыс тәрбиені тал­бесіктен бастап берсе жақсы.

Психолог Айбек Сыдықов, баланың бойындағы кез-келген теріс әрекет тәрбиенің жоқтығынан туындайды деп есептейді.

– Біз бұрын ондай балаларды көше тәрбиелеген деп айтсақ, қазір гаджет, интернет тәрбиелейді деуге тура келеді. Өсіп келе жатқанмен ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайды.

Заң бойынша бала тәрбиесіне ата-анасы, содан кейін мектеп жауапты. Себебі, заң тәрбие беруді мектепке де жүктейді. Бала мектепте өте көп уақытын өткізеді, сондықтан білім ошағында оның тәртібінің қандай екенін байқап анықтауға болады. Әрі қарай есепке алып не болмаса балада қалыпты нормадан ауытқушылықтың бар екені туралы ата-анасына ескертуі тиіс, – дейді ол.

Отбасындағы дау-дамайдың, ұрыс-керістің, айқай-шудың, төбелестің барлығы бала психологиясына кері әсе­рін тигізбей қоймайды. «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық» дейді қазақ. Бала – ата-ананың айнасы. Үйде ата-анадан жөнді тәлім алмаған баланың бо­йында мейірім­ділік, адалдық деген қасиеттер болмауы да мүмкін. Онсызда балаға мейі­рімділікті емес, қатыгездікті үйре­тіп жатқан қоғамның теріс ықпалы көп.

Балаңыз үшін жауапты сізсіз…
Екіншіден, бала өз әрекетінің жазасыз қалатынын біледі. Ол ең қарапайым әрекетінен байқалады. Мысалы, қоқысты көшеге бір тастайды, көрші ауладан алма ұрлайды, біреуді мазақтайды, жазаланбаса екінші рет қайталайды, осылайша, еті үйреніп, қалыпты жағдайға айналады.

Осындай ұсақ-түйектен баланың мінез-құлқы қалыптасады. Балаңыз 5-6 жасынан бастап біреудің затын рұқсатсыз алатын болса, оған көз жұма қарамаңыз. Түсіндіріңіз. Қойдырыңыз. Әйтпесе өсе келе, онысы әдетке алып, кейіннен қылмыс жасауға оңай баратын болады.

Сарыағаштағы жағдайға келетін болсақ, қоғамға тигізген залалын қылмыстық кодекс аясында қарастыру керек. Заң бойынша,14 жасқа толғаннан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан балаңызға ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып, құлағына құйып сіңіре беру керек. Себебі, балаңыз үшін жауапкершілік ата-анасының мойнында.

Үшіншіден, бұл бірнеше баланың қатысуымен болған зорлық. Топтық қылмыстың жазасы да ауыр болады.

Төртіншіден, бір рет қана болған жәйт емес, бірнеше рет қайталанған. Оны да ескеру керек.

Бұл – агрессия емес, жүйелі әрекет
– Бұл жағдайды жасөспірімдік агрессияға жатқызуға келмейді. Агрессия байқалмайды да. Бұл – жүйелі әрекет. Қылмыстық іс-қимылға өте жақын.

Жасөспірімдердегі агрессия деп олардың белгілі бір субъектіге қарсы келіспеушілігін, наразылығын, ашық қарсылығын айтуға болады. Бұл жерде олардың бойларын агрессия биледі ме, әлде өз әрекеттерінен ләззат алды ма, оны біз біле бермейміз.

Агрессия кезінде адам айқайлап, ұрысып, өзінің эмоциясын басқара алмай қалады. Ал бұл жағдайда, олар алдын ала ойластырып, сырт көзден жасырын жасаған. Бұл – басқа әрекет, – дейді психолог.

Психологиялық тұрғыда девиантты мінез-құлық деуге болады. Яғни, қалыпты нормадан ауытқу.

Жақсы мен жаманды айыра алмайды
Үлкендердің тәрбиесіне бағынбайтын балалар көше кезіп, ұрлық жасап, ішімдік ішіп, ойына келгенін жасайды. Мұндай балалар өздерін айналасындағылар ренжітті немесе олардың жан дүниесін ешкім түсінбейді деп ойлайды.

Бала жақсы мен жаман арасындағы шекараны алып тастағысы келеді. Әр жаста ол әрқалай білінеді:

5-7 жас. Бұл кезде бала екі ойлы боп жүреді, аяқ астынан үлгерімі нашарлап кетуі мүмкін. Көңіл күйі өзгеріп, тез ашуланғыш, тырысқақ келеді. Осындай күйде олар тез шешім қабылдайтын замандастарының айтқанына тез бағынады.

7-10 жаста девиантты мінездің асқынуы байқалады. Ата-анасы және мұғаліміне наразылығын білдіру үшін аузына келгенін айтуы мүмкін. Кейде, керісінше тұйықталып, құрдастарымен араласудан қорқады. Ұйқының нашарлығы, тәбетінің болмауы, күйгелек, даулы жағдайда өзін тым қорғансыз сезінуі байқалуы мүмкін.

10 жастан жоғары жасөспірімдік шақта девиантты мінез-құлық күшейеді. Баланың кез-келген әрекеті оған көмек керектігін айтып тұрады. Ол өнеге мен нормадан ауытқиды, негативті ықпалға көнеді, тентектік жасап, ішімдік ішеді, шылып шегеді, ұрлық жасайды.

Бұндай баланы дұрыс жолға салу оңай емес, әрі көп уақытты қажет етеді. Ол үшін девиантты мінездің қайдан пайда болғанын анықтау керек.

Тек содан кейін, баланы қайта тәрбиелеу басталады. Ол үшін ата-анасы, психолог пен психотерапевт, мұғалімі және әлеуметтік педагог болып, бірлесе жұмыс жасасаңыздар ғана оң нәтижеге жете аласыз. Ал ең дұрысы алдын алу керек. Ол үшін:

Балаларыңызға уақыт бөліңіз
– Олардың жанынан табылыңыз, ең бастысы, кішкентай кезінен бастап неғұрлым көп уақыт бөліңіз. Бірге ойнау, сөйлесу, балаңызға қызықты іспен айналысу керек.

Бүгінде қалай?

Бала өз бөлмесінде смартфоннан бас алмаса, әкесі теледидардан босай алмайды. Шешесі ас үйден шыға алмай жатады. Негізінде бәрі үйде болғанымен, бастары бірікпейді, әркімнің өз ісі бар.

Ал баланың қасында болу дегеніміз екеуіңізді біріктіретін ортақ іспен айналысу. Онымен сөйлесу. Сол кезде ғана бала әке-шешемен байланысын сезінеді, ата-анасына сенуге болатынын, оған бәрін айтуға болатынын ұғынады, – дейді Айбек Сыдықов.

Ата-ана психолог болуы керек
Мұқият болыңыз, күнделігі, дәптері, жазуы қандай қарап жүріңіз. Телефоны болса, кіммен сөйлесетінін де білуіңіз керек.

Естеріңізде болсын, бақылау мен тексеру емес, қарау керек! Себебі, бала өзін қадағалап жүргенін білсе, бала үшін сіз бақылау органына айналасыз, ал сіз – ата-анасыз.

Бұл балаңыздың бойындағы өзгерісті дер кезінде анықтап, көмек қолын созу үшін керек.

Осындай жағдайға душар болған бала әке-шешесіне айтса, өзін кінәлай жөнеле ме деп қорқады. Ешкіммен бөлісе алмайды. Ал баласына жақын ата-ана да оның мінезіндегі өзгерісті бірден байқайды. Баланың басынан қандай жағдай өтпесін, ең бірінші сізден көмек сұрап келетіндей қарым-қатынас орнатуыңыз керек, – дейді психолог.

Баланың іс-қимыл, әрекетіне мән беріңіз…
Бала жүріп-тұрғанда ауырсыну сезінсе, оның іші ауырса;
Баланың іш киімі бүлінгенін, қанның жұққанын байқасаңыз;
Жыныстық мүшелерінен қан ақса;
Бала киімін ауыстырудан бас тартса;
Баладан депрессивті немесе агрессивті әрекет байқасаңыз;
Тамақтануға зауқы соқпаса;
Өзіне сенімсіз, өзін төмен санағанын көрсеңіз;
Өз-өзіне қол салғысы келсе;
Бала себепсіз мектепке бармай жүрсе;
Ұйқысы бұзылып, ұйықтаудан қорқып, қорқынышты түстер көрсе, зорлық көріп жүруі әбден мүмкін.
Балаңыз зорлық көріп жүр деген күдік болса…
Балаңызды мұқият тыңдап, мына сұрақтарды қойыңыз:

Не болды?
Қасыңда кім болды?
Қашан болды?
Бұл жағдай болған кезде, оның қайда болғанын біліңіз.
Нені істемеу керек?
Балаға орындай алмайтын уәде бермеңіз.

Өздігіңізбен зерттеу жүргіземін деп әуре болмаңыз.

Не істеу керек?
Балаға қауіпсіз орын табыңыз;
Оның болған жағдайда кінәсі жоқ екенін түсіндіріңіз;
Мұқият тыңдаңыз;
Баланың айтқандарын есіңізде сақтаңыз;
Әңгімені қолдап, баланы сөкпеуге тырысыңыз, барынша шыншыл айтыңыз;
Өз құқығыңыздың аясында ғана әрекет жасаңыз.

Керекті нөмірлер:
Полиция – 103

Жедел желі – 150 (қалалық нөмірден теру керек);

Жедел желі – 1409 (қалалық нөмірден теру керек);

«Қорғау Астана» жеке қоры – +7 (702) 8929 777;

Дереккөз: informburo.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.