arasha.kz

«Жаңатастағы оқиға»: Өрт тез тұтанған

Жаңатаста бес бүлдіршіннің өліміне әкелген өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған. Қайғылы жағдайға байланысты шұғыл құрылған арнайы комиссия тексеру нәтижесінің алғашқы қорытындыларын хабарлады.

Бүгін Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жаңатастағы қайғылы жағдайға шенеуніктер түсініктеме берді.

«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын-ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын-ала зерттеу мәліметтерін жариялады.

«Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде орын алды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған, – деді Ермек Момбаев.

Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, ТЖ департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Кеше комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнына барып, жұмыс жүргізуде. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі, соның ішінде психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын береміз», – деп Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына көңіл айтты.

Оның айтуынша, отбасы толыққанды. Марқұм болған балалардың әкесі  медициналық  мекемеде жұмыс істейді, анасы бала күтімімен демалыста отырған  мектепте мұғалімі.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы пәтерде болған өрттен бір отбасының бес баласы қаза болды.  Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған.

Елді есеңгіреткен оқиғаға қатысты Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Жаңатас қаласында өрттен қаза болған бес баланың ата-анасына көңіл айтты.

Кейін желіде отбасыға қатысты тың деректер шықты. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өрт кезінде қайтыс болған бүлдіршіндерге желіде  жоқтау арнады.

 

 

Exit mobile version