Ұлттық әдебиет пен ақындық өнерді қолдау және насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Жастар кеңесі құрылды. Кеңестің алғашқы отырысы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының төрағалығымен ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада 30-ға тарта жас-ақын жазушылардың қатысуымен өтті, – деп жазады aikyn.kz
Жиында «Жастар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық әдебиеттерді шетелге насихаттау» сынды өзекті мәселелер көтеріліп, жас ақын-жазушылар өз ұсыныс пікірлерін жеткізді.
– Бұл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына оң әсерін тигізетін керемет бастама болып отыр. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы жастарымыздың қолында екені баршаңызға белгілі. Көк туымыздың биік желбіреуі үшін әр салада, оның ішінде әдебиет саласында ізденіп жүрген жастардың легі күн санап өсіп жатқандығы – болашаққа деген сенімді нығайтады. Сіздердің әрқайсыңыздың отандық әдебиеті мен мәдениетінің дамуы жөніндегі пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Бүгін міне сіздермен әдебиет саласындағы бірқатар мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар, Министр бүгінгі таңда атылмыш ведомства тарапынан қандай жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, министрлік жыл сайын «Жас толқын» сериясымен жас қаламгерлердің еңбектерін жарыққа шығарып отырады. Осы жылы аталмыш сериямен Қуат Қиықбайдың «Бейуақыт» және Бағашар Тұрсынбайұлының «Тіл мен жүрек» сын мақалалары шығарылды. 2017 жылғы қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу бойынша комиссияның шешімімен 52 шығарма сатып алынды, – деді сала басшысы.
Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың негізгі мақсаты жазушыларға қаламақы төлей отырып, жаңа тақырыпта, жаңа бағытта шығармаларды шығару, жас қаламгерлердің толқынын артыру.
Жастар әдебиетінің бүгінгі жай-күйін Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек сөз етті.
– Жастар әдебиетінің жетістіктері туралы айттық. Алайда, жастардың барлығы талантты болғанмен, бәрі гений емес. Шығармашылық адамына өмір бақи кемелдену қажет, іздену қажет. Сол себептен, мен Қазақстанда жоғарғы оқу орыны статусы бар «Әдебиет академиясын» құруды ұсынамын. Бұл Академияда мүйізі қарағайдай, классик қаламгерлеріміздің шеберханалары жұмыс істеп тұрса. Қазіргі технологияларды пайдалана отырып, жақын және алыс шетел интеллектуалдарының онлайн лекциялары таратылып оқытылса. Академияда тегін ағылшын және өзге де әлем тілдері курстары жұмыс істеп тұрса. Бұл 2 жылдық әдеби курстарды бітірген адамға Әдебиет магистрі атағы берілуі керек.
Бұл жалғыз әдебиетке ғана емес, жалпы қоғам санасының интеллектуалдық дамып-өсуіне салынған зор инвестиция болар еді, – деп ұсыныс білдірді.
«Бүгін бізге Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тамаша кеңістіктер ашып, үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бағдарламаның бір арнайы жобасы – жаһанда қазақ мәдениетін насихаттау екенін бәріміз білеміз. Осы тұрғыда, қазір жасақталып жатқан әдеби антологиядан бөлек, жастар әдебиетінің озық үлгілерін БҰҰ 6 тіліне аударсақ. Сол антологияға енген қазақ жастарының бір бөлігі Еуропа мен АҚШта, бір бөлігі Азия мен Африкада әдеби турне жасаса. Шетелдерде кештер, тұсаукесерлер және тағы басқа қызықты формаларды ойластырып, әдебиетімізді насихаттайтын шараларды ұйымдастырсақ – үлкен іс болар еді.
Үшінші. «Мәдениет туралы» Заңда әдебиетке қатысты ешқандай бөлім не бап жоқ. Бұл әрине әдебиетке жасауға болатын көптеген игіліктерді шектеп отыр. Заңда киноматография бар, театр бар, тіпті кітапхана да бар, ал, солардың бастауында тұрған әдебиет жанры жоқ, – деді Ақберен Елгезек.
Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Қарағызұлы да өз ұсыныстарын жеткізді.
Ол, алдымен университеттегі қазіргі қазақ əдебиеті оқулығын қайта қарауды айтты. Екіншіден, 30-40 жас аралығындағы қаламгерлерге мемлекеттік дәрежеде сыйлық тағайындау мәселесін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Кеңеске жиналған жас ақын-жазушылар еркін форматқа көшіп, министрге нақты көзделген ұсыныстарын жеткізді.
Ақын Қалқаман Сарин Мұқағали туралы кино түсірсек деген ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, ол кітап мəселесін қозғап, қайта басу ісіндегі жеңілдіктердің қажет екенін жеткізді. Жас ақын-жазушыларды жұмыспен қамту, түркі əлеміне ортақ төл сыйлық дайындап, ауқымды байқаулар өткізу керектігіне тоқталды.
Ерлан Жүніс кітап шығару ісінде жас қаламгерлерге басымдық беріліп, кемі 20 пайыз жаңа буының кітабы шықса деген ойын айтты.
Мирас Асан кітаптардың аудио нұсқаларын шығаруды ұсынды. Аудио антологиямен қоса, Ұлттық арнада үзіліп қалған «Поэзия əлемі» бағдарламасы қайта жалғасын тапса деп тілек білдірді.
Мақсат Мəлік түрлі өнер ұйымдарының байланысын жетілдіру керектігін, театр, кино салаларына қаламгерлерді тарту қажеттігін айтты.
Бейбіт Сарыбай драматургияға қатысты өз ойын ортаға салып, түйінді тақырыптардың шешімін табуға шақырды. Жаңа шығармалардың жарыққа шығуы үшін өнер академияларында 10 жас дарынға грант бөлу мəселесін көтерді.
Министр қозғалған мәселелер мен ұсыныстардың алдағы уақытта тезірек шешіліп, ұлттық әдебиетімізге қатысты жаңа заң баптарын қарастыратына уәде берді.
А.Алтай
Дереккөз: aikyn.kz
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024