Абзал Құспан, заңгер:
– Биылғы жылдың мамыр айында «Кулибаевтар Халықбанкті сатады екен, оны Қытай инвесторлары алады екен» деген әңгіме интернет кеңістігін жарып жібере жаздаған еді, әдеттегідей ақпарат негізінен орыстілді ортада таралып, талқыланып жатты. Артынан Қытай инвесторларына сатылатыны туралы ақпарат жалған деді, ал одан соң бұл турасында әңгіме мүлдем тиылды, оған қатысты ең соңғы ақпарат 03 маусымда ғана жарияланған екен. Сатылатыны туралы ресми мәлімет 03 мамырда жарияланғанын ескерсек, тура бір ай бойы талқыланып, кейіннен ешкімге қызық болмай қалғандай шорт үзіліпті. Кеше ғана қаржы саласына қатысы бар бір азаматпен аяқасты әуежайда кездескенімде осы жәйтті білетінін сұрағам, біледі екен. Оған сенсек, Халықбанк сатылыпты, сатылғанда да «жақсы» сатылыпты, басқа емес дәл сол Қытай инвесторлары банктің бақылаушы пакетін сатып алыпты. Түсінікті болу үшін айта кетейін, Халықбанк және оның тұтынушылары дегеніміз, ол бюджет қызметкерлерінен тұратын армия,тиын-тебенін тек осы банктен алуға мәжбүр, әлеуметтік аз қамтылған топтар, зейнеткерлер, ол студенттер және кредит рәсімдеген ауыл тұрғындары. Ол жалпы Қазақстандағы ең ірі жүйеқұрушы қаржы институты. Төмендегі мақалада сарапшылар Кулибаевтарға Халықбанкті сату (ол кезде тек сатуға шығарылған болатын) не үшін қажет болуы мүмкін екендігін талқылаған екен. Мен мәселеге басқа қырынан келгім келеді. Барлық жерасты байлықтарымыз, шикізат, мұнай сияқты еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салаларда Қытай инвесторлары отыр, оған әлемжелідегі бірер жазбаларды есептемегенде, назар аударуды қойдық.
Ал, күні кешеге дейін ҚР әскери доктринасында Қытай «ықтимал қарсылас» (вероятный противник) ретінде қарастырылып келді. Сонда қазір, Қазақстанның сыртқы қауіпсіздікке қатысты саясаты өзгерді ме? Бүкіл әлемге проблема тудырып отырған Қытай, енді бізге ешқандай қауіп-қатер төндірмейтін болғаны ма? Енді бір кездері (аты айтып тұрғандай) Халықтан, Елден алып алған банкті де Қазақстандық олигархат Қытайларсыз басқара алмайтын болғаны ма? Әлде экономиканың барлық саласын жаппай Қытайландыру арқылы, бұлар шынымен Қазақстанды бөлшектеп сатып жатыр ма?
Жазба Абзал Құспанның фейсбук парақшасынан алынды.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024