Заң халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, ең бастысы, елдің игілігіне қызмет ету үшін қабылданады. 2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң да заман талабын, қоғам қажеттілігін ескере отырып тәжірибеге енгізілген маңыздың құжат.
Биылғы жылдың басынан қолданысқа енгізілген заңның мақсаты, міндеті белгілі. Ол – қаржылық қиындыққа тап келген жеке тұлғаларды банкрот деп тану арқылы, азаматтардың материалдық жағдайын түзеуіне, әлеуметтік мәселелерін шешуіне қол жеткізу. Осындай жақсы ниетті көздеген заңның тәжірибе жүзінде қолданылып келе жатқанына тоғыз айдан асты. Бұл уақыт жаңа заңның артықшылығы мен кемшілігін бағамдауға, халықтың заңнамаға қатысты түсінігінің орнығуына жеткілікті мерзім.
Шынын айтқанда бүгінде екінің бірі банкке қарыз. Қаржылық сауаттың кемдігінен сәл қиналған адамдардың несие ресімдеуге бейім тұрғаны байқалады. Әрине, арасында шарасыздықтан, басқа амалының жоқтығынан осындай қадамға баратындар да бар. Бұған қоса, несие берудің жеңілдігі, құжаттардың аз сұралатыны, талаптың төмендігі, қарыз алуға шақыратын жарнамалардың көптігі де халықты ойланбай несие алуға итермеледі. Сондықтан, қарызға батудың артында қаржылық, құқықтық сауаттың төмендігі тұрғанын мойындауымыз керек. Қазіргі уақытқа дейін мемлекет қаржылық қиындыққа тап болған заңды тұлғаларды сауықтыруға басымдық берді. Соның нәтижесінде «Оңалту және банкроттық туралы» заң 2014 жылдың 7 наурызында қабылданған болатын. Егер заңды тұлғалардың банкроттығына көңіл бөлінген сияқты, дәл осындай қамқорлық жеке тұлғаларға да жасалғанда, несиеге берешегі барлар саны қазіргідей көп болмас еді. Әрі бұл екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы орталықтарының несие беру әдісін өзгертуіне түрткі болар еді.
Несие берудегі жауаптылықтың төмендігі берешегі бар жандар қатарын арттырды. Заң қабылданар алдындағы статистика республика бойынша несиесін төлей алмай отырғандар саны 2 миллионнан асатынын көрсетті. Бұл жұмыс істеуге қабылетті азаматтардың несие шырғалаңынан шыға алмай жүргенін дәлелдейді. Міне осыған орай жеке тұлғалаларды банкрот деп танудың жан-жақты мүмкіндігі қарастырылды.
Банкрот деп тану әлемдік практикада бұрыннан бар тәжірибе. Өркениетті, дамыған елдерде мұндай заңдар тиімді жұмыс істеп келеді. Мәселен Еуропа еліндегі заңдарды зерделегенде, банкроттыққа барынша қатал қарайтынын байқаймыз. Өйткені бұл елдерде банкроттық кейіннен қаржылық операциялар жасаудағы қара тізімге қостыратын, бұдан кейін кредит алуға шектеу қоятын процедура ртінде бекітілген. Жалпы, біздің елімізде де жаңа заңдағы талаптарды көпшілікке түсіндірген дұрыс. Мұның бірінші себебі біздегі жеке тұлғалар банкроттықты несиеден құтылудың амалы деп біледі де, оны салдары туралы мүлде ойламайды. Заңды түсіндірмеу азаматтың өзінің ғана қаржылық қиындықпен бетпе-бет келуіне әсер етіп қоймай, банк, шағын қаржы ұйымдарын әбігерге салатынын ұмытпайық.
Соңғы статистикалық деректер бойынша Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заңына сүйене отырып, өзіне жеңілдік жасағысы келген азаматтар қатары қалың. Қаржы министрлігі ұсынған деректерге сенсек, тек алғашқы үш айда азаматтардан өзін банкрот деп тану туралы 49 мың өтініш түскен. Өтініш беру – банкрот деп тану дген сөз емес. Құзырлы орындар бұл өтініштерді іріктеп, тек заң талабына сай келгендерді ғана төлемге қабылетсіз деп тани алады. Мысалы жоғарыдағы 49 мың өтініштің 32 мыңы сол тұста азаматтарға қайта қайтарылған. Мұндағы басты есебеп борышкерлердің берешек сомасының белгіленген межеден көптігі, сондай-ақ, бірнеше несиесінің болуымен байланысты. Дегенмен, қаржылық ұйымдар өтінішті қараусыз қалдырғанға қапаланудың қажеті жоқ. Өйткені, үш айдан кейін азаматтар өзін банкрот деп тануға тағы өтініш бере алады. Қаржы министрлігі алғашқы лектің өтініштерін, тілектерін мониторингтен өткізе келе жыл соңына дейін жаңа заңның игілігін еліміздің 1,1 миллион тұрғыны көреді деп алдын ала болжам жасап отыр.
Әрине, заң қабылданған соң оның қоғамға қызмет еткені, халықтың ахуалын түзегені жақсы. Алайда, бұл заңның кері әсері барын да азаматтардың қаперде ұстағаны абзал. Өйткені, банкрот болу танылу азаматтардың несие тарихына тікелей әсер етеді. Бұл болашақта мемлекеттік бағдарламалар бойынша ипотекалық несиемен үй алғысы келетіндерге кедергі келтірері анық. Аз уақытқа берілген, шағын, тұрмыстық қажеттілік үшін алынған несиені уақытында төлей алмаған азаматтардың көп жылға жоспарланған ипотекалық қарыздарды жауаптылықпен қайтаруы банктің күмәнін тудырары анық. Сондықтан, банкрот деп танылуды қарыздан құтылу деп келтек ойлап, қате қадамдар жасамау керек. Жалпы, жаңа заңды қабылдаумен бірге, елімізде несие берешегін қысқарту үшін қосымша көптеген іс-шараларды қатар жүргізу маңызды. Соның ішінде несие алуға шақыратын, несие алушылар арасында ұтыс белгілейтін қаржы ұйымдарына тыйым салған орынды. Егер жарнама жасаған күннің өзінде, онда қарыз алудың үлкен жауаптылық екені, әркім өзінің шамасы, мүмкіндігі келетін көлемде несие рәсімдеуі керектігін ескерткен абзал.
Сонымен қатар, банктер несиесін төлей алмағандарға күніне бірнеше рет телефон шалып, жүйкесін шаршатады. Мұндай әрекет онсыз да қаржылық қиындыққа тап болған азаматтардың денсаулығына теріс әсер етіп, отбасында жанжалдың туындауына, жұмысын сапасыз атқаруына себеп болып жатады. Сондықтан қарызын кешіктірген азаматтарға қоңырау шалу мерзімін, реттілігін қарастырған абзал.
Ең бастысы, заңдарды түсіндіру, қаржылық, құқықтық сауатты жоғарылату бағытындағы жұмыстарды тоқтатпаған дұрыс. Қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары бұқаралық ақпарат құралдарымен үндестікте жұмыс істеп, жаңашылдықтарды дер кезінде таныстырып, мамандар түсіндірмесін жариялап, көпшілікпен сұрақ-жауап алаңын тұрақты қолға алып тұрса, нұр үстіне нұр болмақ.
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024
-
03.10.2024