Әлемге танылған қазақ аруын ата десе, ойыңызға кім оралады? Қазаққа аты мәшһүр мықты қыздар жетерлік, шүкір. Ал осыдан бір ғасыр бұрын ескі құрлықта тұрып, ол жақтың зиялы қауымын тәнті еткен қазақтың аяулы қызы Алла Елшін (Ильчун) туралы көбіміз білмейтініміз рас.
Парижге бірнеше рет сапарлап барғанымызда, онда тұратын қоғам қайраткері Берлин Иришевпен танысып, жүзбе-жүз сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Берлин Кенжетайұлы Алла есімді қазақ аруының есімін бірнеше жыл бұрын ғана еліне оралтты. Бәрі де жерлесіміздің қарапайым антикварлық дүкеннен суретші Леон Цейтлин ХХ ғасырдың орта шенінде майлы бояумен салған, Алла Ильчун бейнеленген картинаны алуынан басталған. Сол өнер туындысы Алла Қуантханқызы Елшінге қатысты Берлин мырзаның қызығушылығын оятады. Содан Алла кезінде жұмыс жасаған Кристиан Диор мен Ив Сен-Лоран сән үйінің сарапшыларымен зерттеу жұмыстарын бастап кетеді.
1949 жылдан бері Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Жапония, тіпті Австралияның баспасөзінің фотографтары еңбектеріне арқау еткен әйгілі модельдің бұған дейін шығу тегі Қытайдан деп жаңсақ пікір қалыптасып келген. Өмірінің соңына қарай Алла өнертанушы Александр Васильевке және француздық биограф-журналистке сұхбат беріп, өзінің қазақ екенін айтқан.
1897 жылы Алматының бақуатты отбасында дүниеге келген Қуантхан Елшін жоғары білімді инженер болып, Харбин теміржолын салуға жіберіледі. Ол жерде Петербургтен келген орыс қызы Тамара Михайлованы кездестіріп, екеуі бас қосады да, дүниеге Алла деген ару қыз келеді. Алайда Манчжурияға жапондар басып кірген кезде, Қуантхан отбасының қауіпсіздігін ойлап, оларды теміржолмен Шанхайға әкеледі. Сол жолда қарулы қақтығыстың ушыққанын көріп, жақындарының бас амандығы үшін әйелі мен қызын Шанхайдан Францияға бағыт алған норвегиялық корабльге салып жібереді де, өзі кейін большевиктердің қуғынына ұшырап, құрбаны болады.
Анасымен Парижге жеткен Алла қиындығы мен соқпағы мол жаңа өмір бастайды. Білімге құштар жас қыз бірнеше тілді (французша, немісше, ағылшынша, орысша, италиянша, испанша) еркін меңгереді. Қайтпас қайсарлығы мен тектілігінің арқасында тағдыр жолынан қаймықпай, шыңдалып, өзін-өзі жасап шыққан деуге толық негіз бар. Ол – өмірден өз орнын тауып, бақытқа қол жеткізген жан. Оны қалай білеміз?
- Біріншіден, Алла қайсар қыз болып бойжетті. Ал өмір қайсар жандарды сүйеді. Қытайдағы соғыстан Еуропаға аман жетуінің өзі өміріне жігер бергендей. Өжет боп өскен Алла Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде француз партизандарының құрамында болып, лазаретте медбике болып жасайды. Осылайша Парижді басқыншы жаудан азат етуге жан-тәнімен атсалысады.
- Екіншіден, сәттілік оның серігі болған дей аламыз. Соғыстан аман шығып, бейбіт заман қайта орнағанда, құрбысымен сән дефилесіне барған Алланы Кристиан Диордың өзі байқап қалып, өзіне жұмысқа шақырады. Содан оның қасында үздіксіз 20 жыл бойы жұмыс жасайды. Тіпті К.Диор дүниеден өткен соң да, келесі бір ірі сән үйі аттай қалап, Алла Қуантханқызы Ив Сен-Лоранмен жұмысын жалғастырады.
- Үшіншіден, оның жаны да, тәні де өте көркем еді. Қыпша бел қазақ қызының белі 47-ақ см. болған. Алла мінезді қыз еді, бірақ ол ешбір модельге ұқсамайтын, сондықтан К.Диор оның барлық еркелігін көтеріп, сәттілігінің бойтұмары деп танып, өмір бақи тамсанып өткен. Жоғары сән маманы Джулия Гайонның пікірінше, Франция тұрғындары оны Диордың сән сиқыршысы деп білген.
- Төртіншіден, Алла өзегі мықты, өрелі, негізі берік, еңбекқор, өзіндік «менін» қалыптастыра білген тұлға болған. Алла подиумға киіп шыққан қай киім болмасын, тек қана табыс әкелетін, өйткені оның киген киім үлгілері дереу өз иелерін табатын: Марлен Дитрих сынды жұлдыздар мен Еуропаның әйгілі ханымдары бірден сатып алатын болған. Алла кутюрье тіккен жаңа киімді керемет келбетімен көрсетіп қана қоймайтын, сонымен қатар тігіс түрі мен сәнді тенденциялар туралы әдемілеп баяндап бере алатын болған. Ал ең бастысы, оның мінсіз мүсіні мен отты жанары замандастарын тамсантып, көрген жанды қызықтырып, бәсекелестерін қаймықтырған. 1963 жылы «Women’s Wear Daily» басылымының тілшісі: «Алланы зор қошеметпен қарсы алды. Оның құпия-сырға толы аурасы барлық көрсетілімге әсер етті. Оның мені баурап алғаны соншалық, мен тіпті үстелімнен ұшып кете жаздадым», деп жазады.
- Бесіншіден, ол өз ісінің хас шебері болған. «Dior» сән үйінің бірінші бет-бейнесі болған қыпша бел Алла сән әлемінде айрықша стильді қалыптастырған. Қабақты қиғаштап сәндеудің жаңа үрдісін енгізген. Сондықтан болар, Францияның мәдениет министрі болған Фредерик Миттеранның өзі біздің қыз туралы: «Асып-сасқан манекенщицалар ішінде ол – нағыз ханшайым» деп баға берсе, Кристиан Диор Аллаға «Туабітті модель!» («Mannequin – né») деген.
- Алтыншыдан, Алла бақытты жар, аяулы ана болған. Ол поляк азаматы, экономика және саяси ғылымдар докторы граф Майк де Дюльменге тұрмысқа шығып, Марк есімді ұлды дүниеге әкеледі.
- Алла өзінің қажырлы еңбегі мен адами тұлғасы арқылы өз замандастарына да, келер ұрпаққа да жарқын үлгі болып қалды. Ол – мәртебелі сән мінберін бағындырған алғашқы қазақ қызы. Өз заманында атақты модельерлерге шабыт сыйлаған Аллаға «Шығыс маржаны» деген ат берген, ол туралы кітаптар жазылған.
Диордың музасы осыдан тура 32 жыл бұрын, 1989 жылдың 8 наурызында, 63 жасқа қараған шағында дүниеден өтеді. Алла Қуантханқызы Елшін туралы бүгінгі дейін бірнеше көркем фильм, арнайы кештер мен кітаптың тұсаукесері өтті. Тыңғылықты зерттеу мен айқын дәйек-деректің арқасында Берлин Иришев Мәскеуден және Парижден «Диордың музасы» («L’ENIGME D’ALLA. Muse de DIOR») атты кітабын шығарды. Алланың ұлы Марк де Дюльмен Парижде фотограф болып жұмыс жасайды, ол да нағашыларын тауып, Франциядағы Қазақстандықтар қауымдастығының құрметті бір мүшесі болып қабылданды.
Өкінішке қарай, өз еліміздің мәдениет саласына жауапты құзіретті органдары әлі де болса бұл қазынамызды халыққа насихаттауда аса белсенділік танытпай отырғаны таңдандырмай, қаймықтырмай қоймайды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейтіндей, елде болып, қадірін білмей жүрген жергілікті дарынның бірі емес. Әлем танып, әлем мойындап қойған. Өз еліміз қашан толық таниды? Тағдыр тауқіметімен туған елден алыс кетсе де, әлемді мойындатқан мұндай қазақтың қызының есімі қандай құрметке де, үлгі болып, насихатталуға да әбден лайық деп санаймыз.
Алма Сайлауқызы
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024