7 мамыр күні кешкі сағат 17:30 шамасында Қостанай мен Тобыл арасындағы «Солнечный» дүкенінің маңындағы автотұрақта көлігінде Жеңіс күніне арналған ту ілулі тұрған тұрғынға жол полициясының қызметкері келіп, туын алып тастауды талап еткен. Ол бұл әрекетті «әкімдіктің тапсырмасы» деп түсіндірген. Алайда нақты құжатты немесе негізді келтіре алмаған. Сөзіне қарағанда, ол бұл әрекетті «үгіт-насихат» немесе «арандатушылық» деп бағалаған. Тұрғын: «9 Мамырды еске алудың өзі провокация болғаны ма?» деп наразы болды. Бұл туралы «Наша газета» басылымы жазды.
Полиция қызметкерінің ескертуі заңды ма? Егер заңсыз болса, ол қызметкер жауапкершілікке тартыла ма? Жалпы, мерекелік атрибутикаға байланысты патруль қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді ме?
Облыстық ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Бауржан Қасымқан бұл жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, мереке күндері полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеген. Көлік жүргізушілеріне жол апаттарының алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте көліктің габаритінен шығып тұрған жүк – ірі тулар, әскери техниканың макеттері, музыкалық құрылғылар сияқты атрибуттар назарға алынған. ҚР Жол қозғалысы ережелеріне сай, егер көліктегі заттар габариттен 1 метрден артық шығып тұрса, арнайы белгілермен белгіленуі тиіс. Осындай жағдай анықталған кезде, егер ол ұсақ сипатта болса және сол жерде түзетілсе, тек ескерту берілген.
Фото: zakon.kz