16-07-18 |
5740 рет қаралған
Қазақ әдебиетінің антологиясы үш тілде жарық көрмек.
Қазақ әдебиетінің антологиясы үш тілде жарық көрмек

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында БҰҰ-ның негізгі алты тіліне қазіргі қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларын аудару ісі бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр. Бұған дейін қазақ әдебиетінің антологиясы ағылшын және испан тілдерінде жарық көретіні айтылған еді. Енді бұл қатарға француз тілінде шығатын аударма қосылды.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева бастаған жұмыс тобы өкілдері жоба бойынша таңдалған француз баспагерлерімен Франциядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сөйтіп, Парижде заманауи қазақ әдебиетінің екі антологиясын француз тілінде тарату, басып шығару және аудару жұмысына араласатын шығармашылық концорциумның қатысушылары анықталды.

Жоба қатысушылары Париждің бірінші округінің мэриясы мен елордалық мәдени бірлестіктің қолдауымен іріктелді. Олар Қазақстанның бұрыннан келе жатқан достары екені белгілі әрі жобаның стратегиялық серіктестері атанды. Сондай-ақ, қазақстандық бастаманы Француз ұлттық кітаптар орталығы қолдады және аталмыш ұйым өкілдері кітап сапасының сыртқы рецензенті болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия ондаған француз баспаларын және стратегиялық серіктестердің ұсыныстарын қарай отырып, өнер және әдебиетті дәріптеу бойынша аударма және баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мишель Де Мол (Michel de Maule) баспасын таңдауды ұйғарды. Оның негізін салушы және бас редакторы -танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix).

Меморандумға қол қою кезінде баспашы әрі әдебиетші ретінде жобаның француз оқырманына жаңа мәдениетті ашатын зор әлеуетін байқайтынын айтты. Ал Париждің Мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, антология мәтінінің әдеби және эстетикалық құндылықтан бөлек зерттеушілік мәні бар. Қауымдастық жұмысқа әдебиет, мәдениеттану және аймақтану салаларының білікті мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Олар француз оқырманына Қазақстан мәдениетін жан-жақты әрі кәсіби түрде танытатын болады.

Жоба аясында антологияны тек Францияда емес, сондай-ақ, француз тілі ресми түрде жүретін немесе негізгі тілмен қатар пайдаланылатын елдерде тарату бойынша үлкен жұмыс атқарылғалы отыр.

Әлемде дәл осындай елдер саны әртүрлі есептер бойынша 50-ден астам, 220 миллионнан көп халық француз тілін күнделікті өмірде қолданады. Қазақ әдебиетін аталмыш елдерде кеңінен танытып, дамытумен француз тілінде сөйлейтін елдердің барлығына танымал «Престиж Коммуникацион» (Prestige Communication) жаһандық коммуникациялық агенттігі айналысады.

Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою кезінде елді мәдениеті, рухани жәдігерлері мен ішкі дамуы арқылы жаһандық әлемде дамытуға бағыттайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қазақстандық тараптан меморандумға қол қоя отырып, серіктестердің назарын аудармалардың жоғары көркемдік сапасы мен жарияланымдардың эстетикалық сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды. Сөйтіп, қазіргі заманғы қазақ әдебиеті осымен үш тілге аударылатын болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.