11-11-24 |
3150 рет қаралған
Балалардың үнсіз жанайқайы: суицидтен қалай құтқара аламыз?.
Балалардың үнсіз жанайқайы: суицидтен қалай құтқара аламыз?

Балалар арасындағы суицид – жаһандық эпидемияға айналып бара жатқан трагедия. Болашақтың арқау үміті болар жастардың осындай жазатайым қадамдарға баруы – кез келген қоғам үшін орны толмас қайғы. Осыған байланысты жастардың жан күйзелісіне мән беріп, қолдау көрсету керектігі жайында әр бұрыштан айтылып жүр. Бүгінгі таңда бұл күрделі мәселені шешу бойынша қоғамда ортақ пікір қалыптастыру үшін, осы салада маманданған сарапшылардың дәйектерін егжей-тегжейлі талдап, оқырман назарларына ұсынбақпыз.

Жағымсыз статистика: Әлем бойынша әр жыл сайын 720 мың адам өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл әрбір 40 секундта 1 адамның өмірі қиылады дегенді білдіреді. Суицидтен қайтыс болғандар саны кісі қолынан қаза болғандар санынан екі есе көп. Мұның 60 мыңнан астамы – 10-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер өлімі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі бойынша, суицид – жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімнің үшінші себебі.

Жергілікті көрсеткіштер Қазақстанның да атаулы мәселе бойынша жағдайы мәз емес екендігін көрсетеді. Алысқа бармай-ақ, жақында қыркүйек айында Алматы қаласында бір жарым аптаға жетер жетпестен 5 суицид оқиғасы тіркелді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өз өміріне қол жұмсау әрекеті 11-13 жас аралығындағы балалар арасында жиі кездесетінін, орташа жас – 15-17 жас аралығы екендігін мәлімдейді. Бұл ауқымды түйткіл әрбір азамат үшін өзектілігі мен маңыздылығын айғақтап отыр. Яғни, әрбір адам суицидтің себеп-салдарын, дабыл қағар белгілерін, алдын алу жолдарын білуі міндетті.

Әрбір кәсіби маман өзінің тәжірибесі мен бақылауына сүйене отырып, суицидтік мінез-құлықтың көптеген себебін анықтап айтады. Дегенмен, барлығының негізгі себептері жалпы алғанда бір жерде тоғысады. БҰҰ Балалар қоры – UNICEF-тің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, отбасындағы қарым-қатынас баланың ішкі тыныштығының орнауында жетекші рөлді атқарады. Бұл ата-ана мен бала арасындағы түсіністік деңгейі мен ата-ананың өзара қарым-қатынасына қатысты болуы мүмкін. Яғни отбасындағы дау-жанжал, қаржылық мәселелер, ата-ананың ажырасуы сынды тұрақсыздық жағдайлары балада үлкен алаңдаушылық сезімін тудырады деген сөз. Баянсыз махаббат, жаңа ортаға бейімделу, белгілі бір топтан өзін шет сезіну, буллинг секілді қоғамдық факторлар да жас баланың өз өміріне қатысты экзистенциалдық сұрақтар қоюына итермелейді. Балалық шағында қоршаған ортаны зерттеп, белсенділік таныту арқылы өмірге құштарлығын арттырудың орнына өмір туралы, өзінің ондағы орны туралы негативті ойларға батып кетуі ықтимал.

UNICEF ұйымы өз өміріне қол жұмсау әрекеті арқылы бала өзіне жай ғана назар аудартқысы келеді деген мифті жоққа шығарды. Керісінше, өмір дағдарысында қолдау таппаған жан жалғыздықты бастан кешіріп, бұл өз кезегінде суицидтік ойларға алып келеді-ау деген призмадан қарау керек. Ал отбасындағы зорлық-зомбылық – бөлек талқылауды қажет ететін жеке фактор.

Суицид жасау ойы мен ниеті бар адамдарды анықтау арқылы қаншама өмірді құтқаруға болады. Осы орайда Астана қаласының Психологиялық денсаулық орталығының суицидологы Михаил Смецкойдың пікірі назар аудартарлық.

«Менің жұмыс істеп жүргеніме қанша жыл болды, сондағысы бәрінің айтатыны – мұндай болады деп ойламадық. Еш нәрседен күдіктенбеген. Ал істің егжей-тегжейіне үңіліп, не сөйлесе бастасаң, өз-өзіне қол жұмсауға дайындалып жүрген адамның бірнеше айқын белгісін байқаймыз», – дейді суицидолог.

Осы тұста сарапшының соңғы айтқан дәйегіне баса назар аударған жөн, себебі оның айтуы бойынша, мұндай ауыр шешімге келген адам өзін ұзақ уақыт бойы дайындайды. Өмірін кез келген уақытта тоқтата алса да, Михаил Смецкойдың бақылауы бойынша, адамды, әсіресе жаны нәзік баланы бұл қадамға барудан айнытатын басты екі нәрсе бар. Біріншісі – өзін-өзі сақтау инстинктінен шығатын қорқыныш сезімі. Енді өлімнен қорқынышын ұмытып, одан аттап өтуі үшін адамның қаншалықты қиналуы керек екендігі жайында ойланып көріңіз. Екіншісі – жақыныңа махаббат деген үлкен күш. Біздің әрқайсымызды ұстап тұратын жақын адамдарымыз бен олармен болған жылы сәттер бар. Яғни, «Анам жылайды ғой», «Достарыммен не болмақ?» деген ойлар суицидентті кері шегіндіріп отырады. Әлбетте, осындай ішкі қарама-қайшылықтарға тап болған жан көп қиналады. Көмекке мұқтаж бала жан-жағындағыларға бұл жайында саналы немесе бейсаналы түрде әрқалай тұспалдайды. Мінез-құлқындағы өзгерістер, көңіл-күйдің құбылуы – назар аударуға тұрарлық маңызды белгілер. Сонымен қатар, Михаил Смецкой күдіктінің сөйлеу мәнеріне және жиі айтатын дүниелеріне мән беру керектігін атап өтеді. Мысалы, «Кейде отбасыма менсіз-ақ жақсы болатын секілді…» деген адамның өзін айналысындағыларға масыл сезінетінін білдіретін және «Өмір сүргім келмейді» деген тура ойлардың сыртқа шығуы шұғыл түрдегі қолдау мен ашық диалогты талап етеді.

Денсаулық сақтау ұйымы суицидтің алдын алу шаралары ретінде бірқатар шешімдерді ұсынады. Біріншіден, кәмелетке толмаған жастардың өз-өзіне қол жұмсау құралдарына қолжетімділігін шектеу. Оларға пестицидтер, қару-жарақ, дәрі-дәрмектер кіреді. Өзің жасағаннан гөрі, мұндай құралдармен суицид жасау әрекеті әлдеқайда жеңілірек. Ал тіке шектеулер арқылы біз қорқыныш сезімін жеңе алмай жүрген суицид жасаушылардың санын азайта аламыз. Екіншіден, аталмыш мәселе туралы БАҚ-та барлық этикет нормаларын сақтай отырып, жұртты толық, дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету. Үшіншіден, қызығушылығы ортақ ұйымдар құру арқылы жасөспірімдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру. Төртіншіден, мектептерде психологтардың жұмысын жақсартып, ата-аналарды жауапкершілікке тарту. Бесіншіден, суицидтік мінез-құлықтан зардап шеккендерді анықтап, дер кезінде көмек көрсету.

Жасөспірімдердің суицидтік ойларымен жұмыс жасауда мол тәжірибесі бар, психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкаяның айтуынша: «Қазақстандағы басты мәселе – психологиялық көмек көрсететін біртұтас қызметтің болмауы. Әрбір аудан, әрбір облыс мәселені өзінше шешеді. 111, 114 нөмірлері болса әрқашан жауап бере бермейді. Балалар қайдан көмек іздейтінін білмейді». Бірақ әлемде Денсаулық сақтау ұйымымен бірігіп, бұл мәселені жүйелі түрде шешуге қадам жасаған елдер бар. Солардың бірі, барлығымызға үлгі болар – Тайланд. Олар суицидпен күресуде реформа жасап, дағдарысқа араласудың бірегей әрі көпжақты шешімін ұсынатын The Hope Taskfore деген ұйым құрған. Ұйымның психикалық денсаулық департаменті Тайланд полициясымен бірігіп, әлеуметтік желідегі суицидтік ойға ықпал етушілер мен сол күйзеліске душар болғандарға қатысты деректерді анықтап, алдын алу бойынша толыққанды жұмыс жүргізеді.

Мәселенің тоқетеріне келер болсақ, әйгілі психолог Виктор Франклдың мына сөзін қаперде ұстауды ұсынар едік: «Суицидті тоқтатқысы келген адам ең бірінші көкіректі кеміріп бара жатқан экзистенция сұрақтарымен жекпе-жек шығудан қорықпауы керек. Оң жауап беріліп, көңілдегі түйткіл мен түйіндер сәт-сәтімен тарқатылған сайын, суицид адамнан алыстай береді». Ал осы тұста үміт отын жағып, өмірдің тәртібі жеңіспен ғана емес, ақтық демің қалғанша күресумен өлшенетінін жас ұрпаққа жеткізу – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Гүлназ Ерденқызы
MNU Халықаралық журналистика мектебінің 1-курс студенті

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.