23-06-23 |
980 рет қаралған
Егістікті екі есе ұлғайтса да, ел сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр.
Егістікті екі есе ұлғайтса да, ел сұранысын қамтамасыз ете алмай отыр

Биыл Қазақстанда қант қызылшасы егістігі екі есе ұлғайды. 2022 жылы 10 мың гектар болса, биыл қызылша алқабы 19 мың гектарға жеткен.

Биылғы егіс науқанының басындағы көрсеткіш бойынша өсім – 87%.

Бұл – соңғы 5 жылда болмаған көрсеткіш – деп тымағын аспанға лақтырып отырған атқамінер көп.

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылғы қант дағдарысынан кейін егістік алқабы күрт кеңейтілген болатын. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей, «мен шайды қансыз ішем» деп қалтылдаған министрлерді де ел ұмыта қойған жоқ.

Алайда алқапты қанша кеңейтсек те, елдің ішкі қажеттілігін қанағаттандыруда жаңағы айтқан 19 мың гектар алқаптан түскен өнім небары 7-ақ пайызын өтеп бере алады екен. Қалғаны – импорт.

«Сұраушының сүйген асын кім берер?» дегендей, импортпен келгеннің иі қанбайтыны айтпаса да түсінікті.

Импорттағы кедергілерден туындаған қант тапшылығы ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті.

«Аузы күйген үрлеп ішедінің» кері болып, «ас ішерде, тағы бірдеңе бірдеңе істерде керек» болатын еліміз апыр-топыр 2022-2026 жылдарға арналған жоспар әзірледі. Онда Қазақстанда отандық шикізат ішкі нарықтың небәрі 7%-ын қантпен қамтамасыз ететіні айтылған. Қалғаны — өңдеуге арналған импорттық шикізат және импортталған дайын қант.

Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы мәселені шешуді ұсынды. Жалпы 2026 жылға қарай қызылша егістігі 38 мың гектар болуға тиіс.

Қазақстандағы қант қызылшасы алқаптары:

2022 жыл – 10 мың га;

2023 жылы – 19 мың га;

2024 жылы – 25 мың га;

2025 жылы – 31 мың га;

2026 жылы – 38 мың га.

«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, мемлекеттің 2026 жылға дейінгі жоспарын соңғы кездегі еліміздегі жаппай құрғақшылық құртып кетпесе, ол күнге де жетерміз деп отырмыз.

Arasha.kz

ФОТО: turkystan.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.