Гендерлiк саясаттың қоғам өміріне дендеп енуі елдегі бірқатар құндылықтардың өзгеруіне түрткі болды. Бүгінде ел аумағында гендерлік саясатты нығайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің халыққа арнған жолдауларында қоғамдағы әйелдердің рөліне ерекше тоқталады. Ежелгі жаугершілік заманнан бері қазақ халқы небір зұлматты бастан кешірді. Сондай қиын-қыстау кездердің бәрінде қазақ әйелінің бүкіл ауыртпалықты еш қайыспай ер-азаматтармен тең көтерісіп келе жатқанын Елбасымыз үнемі үлкен құрметпен еске алып отырады.
Қазақстан 2003 жылы «Гендерлік саясат тұжырымдасын» қабылдады. Ол тұжырымдама Қазақстандағы гендерлік саясаттың мақсат-міндетін, негізгі қағидаттары мен басымдықтарын көрсетті. Ал, 2016 жылы елде «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» ҚР Президентінің Қаулысы шықты. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның құрылуы да бұл істегі көптеген міндеттердің алдыға ілгерілеуіне мұрындық болды. Соңғы деректер осындай мемлекеттік мақсатты жұмыстардың атқарылу барысында елдегі барлық педогог мамандардың 75 пайызын әйелдер құрағанын, медицина қызметінің 87 пайызын қыз-келіншектер ұстап отырғанын көрсетті. Көптеген әйелдер мемлекеттік қызмет тетіктерінде басқарушы лауазымдарында тер төгіп жүрсе, жүздеген әйелдер парламент мен мәслихаттың депутаттары атанды.
Гендерлік теңдік бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында Елбасының тікелей басшылыққа алуымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Ол заң аясында республика аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген әйелдің құқығы қорғалатын болды. Бұдан бөлек, әйелдер қауымы ел экономикасын көтеруге атсалыса бастады. Шағын және орта кәсіпкерлікті бірден дөңгелетіп алып кетті. Өз бизнесін дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орталықтарын қалыптастыру да әйелдердің үлесіне тиді. Және бұл бастаманың бәрі бүгінгі таңда өзінің оң нәтижелерін беріп отыр.
Қазақстан гендерлік теңдік, әйелдердің құқығын қорғау мәселесі бойынша 2016 жылы дүниежүзілік рейтингте 144 елдің арасында 51-орынды иемденді. «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деген Елбасы Н.Назарбаевтың тұжырымдамасы ешқашан өз мәнін жойған жоқ. Президент үнемі әйелдер қауымының тек отбасының тірегі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің де тірегі екендігін айтып отыруы қазақстандық аруларға қанат бітіреді.
Бүгінде қыз-келіншектер бүкіл салада табысты еңбек етіп жүр. Медицина болсын, педагогика, саясат, бизнес, өнер, мәдениет, кәсіпкерлік саласы болсын әйелдердің атсалысумен гүлденіп, кемелденіп келеді. Әйелдер тек қана мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарда ғана емес, отбасылық міндетте де өз қызметтерін адал атқаруда. Қазақстанды демографиялық жағынан көтеріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу де осы кісілердің үлесінде. Елбасымыз қоғамдағы әйел аналардың орнын айқындап, өзінің арнайы қаулысымен «Отбасы күнін» белгіледі. Бұл мерекенің әрбір жанұя үшін маңызы зор. Кез келген ұлы идеялар алдымен адамда өз шаңырағында өмірге келеді. Сондықтан да, отбасы – қасиетті орда.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» Қазақстан әйелдеріне тың серпін бергенін айтады. «Президент Нұрсұлтан Әбішұлының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көпшілік арасында ерекше талқыға түскен, маңызды құжат болды. Ол ауқымды бағдарламалар өзінің өзектілігімен, бүгінгі күннің қажеттілігін тап басып тануымен ерекшеленді. Осы міндетті межелер жолында Қазақстан Республикасы бүкіл дүниежүзі елдерінің көшін бастайтын болады» деді Г.Әбдіқалықова.
Бүгінгі таңда елдегі барлық мемлекеттік қызметшілердің 55 пайызын әйелдер құрайды. Сондай-ақ, басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,5 пайызды, жоғарғы басшы лауазымдарындағы әйелдер – 29 пайызды құрапты. Алдағы уақытта да бұл көрсеткіш өзінің жоғары нәтижесімен ғана көпшілікті қуантатыны анық. Демек, елдегі гендерлік саясат қоғам дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосуда.
Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі қай саланың болмасын гүлденуіне, көркеюуіне себепкер. Отбасылық құндылықтарды алға шығаратын мемлекет үшін қыз-келіншектердің тек қана мемлекет ісімен емес, отбасының іргесінің бекіп, нығаюы да маңызды. Бұл тұрғыда да, қазақ әйелдері өзге елдердің көшін бастайтынына сенім зор. Демографиялық өсімнің артуы, денсаулық факторының жақсы көрсеткіштерге ие болуы, бала санының артуы, мектептерге балалардың сыймай жатуы осындай игілікті істердің нәтижесі болса керек. Гендерлік саясат мемлекетті нығайтады, шағын және орта кәсіпкерлікті көтереді. Ең бастысы, әйелдің қолы тиген жерде жинақылық, тазалық орнайды, әйелдің табаны тиген жерде тыныштық, бейбітшілік орнайды, әйел жылуын шашқан ортадан татулық үзілмейді.
Г.Жексембінова,
Алматы облысы Қаратал аудандық сотының судьясы
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024