Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі азаматтыққа қабылдау немесе азаматтықты қалпына келтіру кезінде талап етілетін мемлекеттік тілді элементар деңгейде, ҚР Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу көлеміне қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізу жобасын әзірледі.
"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңның 17-бабы 14-тармағында мынадай негіз көрсетілген:
егер азаматтыққа қабылдануға немесе қалпына келтіруге өтініш білдірген адам мемлекеттік тілді элементар деңгейде, ҚР Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын уәкілетті орган белгілеген көлемде білмесе, өтініш қанағаттандырылмайды.
Жаңа түзетулерге сәйкес, білімнің төменгі шектері мынадай болуы тиіс:
Мемлекеттік тіл – кемінде 15 балл
ҚР Конституциясының негіздері – кемінде 20 балл
Қазақстан тарихы – кемінде 15 балл
Қазіргі талаптар бойынша:
Қазақ тілінен – кемінде 36 балл,
Конституция негіздерінен – 9 балл қажет.
Қазақстан тарихына қойылатын талап өзгеріссіз қалады.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл жоба әр пән бойынша тест сұрақтарының санының тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, азаматтыққа үміткерлер үшін шекті деңгейлерді 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоба "Ашық НҚА" порталында 25 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.