01-06-18 |
8910 рет қаралған
«Көпке ұмтылған жалғыздың» сыры.
«Көпке ұмтылған жалғыздың» сыры

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемнің үздік 100 оқулығы қазақ тіліне аударылып, басылуы қолға алынған еді, сол оқулықтардың 18-і осы күнде жарыққа шығып үлгерді. Солардың бірін оқи отырып, оқулық дегеніміз – құрғақ ережелер мен тапсырмалардан тұратын, күрделі терминдердің жиынтығы  және оны тек студенттер мен ұстаздар ғана оқиды деген стандартты ойдан арылуымыз керек екенін түсіндік. Бүгінгі заманның оқулығы – қарапайым тілде жазылған, кез келген адамды қызықтыра алатын, сонымен қатар көптеген деректер арқылы оқырманға молынан ақпарат беретін оқу құралы. Осы мақаламызға арқау болып отырған кітап әлеуметтік психология іліміне арналған.

         «Жалғыздық – құдайға ғана жарасқан» – бұл ауызекі тілде көп қолданылатын қазақтың қарапайым мақал-мәтелдерінің бірі. Бірақ бұл мақалдың астарында үлкен ілім жатқанын Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе. (The social animal) кітабынан терең түсінуге болады. Аутор «Адам – қоғамдық жануар» деген Аристотельдің анықтамасына көптеген дәлелдер келтіреді. Б.д.д 328 жылдар шамасында данышпан Аристотель «Саясат» деген кітабында «Адам – жаратылысынан қоғамдық тіршілік иесі. Табиғатынан қоғам өміріне қатынаса алмайтын индивид – адам деген ұғымнан не төмен, не жоғары. Қоғам – табиғаты бойынша адамнан үстем тұратын әлдене. Қарапайым өмір сүре алмайтын немесе қоғамдық өмірді мүлде қажет етпейтін индивид – не «мақұлық», не «Құдай», -деген анықтама берген.  Кітап ауторы Аристотельді әлеуметтік әсер ету мен иландырудың кейбір негізгі принциптерін тұжырымдаған алғашқы байыпты ойшыл деп бағалайды.  Алайда Эллиот Аронсон XIX ғасырдың соңында тәжірибелік сынақтар арқылы әлеуметтік-психологияның ғылыми негізін қалаған Триплет деп есептейді. Одан кейін 1930 жылдардың соңына қарай Курт Левин бұл ғылымды одан әрі дамытты.  Э. Аронсон әлеуметтік психологияны жас ғылым екенін айта отырып, бұл дегеніміз адамзат үшін маңызды және пайдалы бір нәрсе айтуға әлі дайын емес екенімізді мойындаумен тең дейді.

Қазақ тіліне аударылып, жарыққа шыққан кітап Э. Аронсонның «The social animal» кітабының 11-ші басылымы.  Ғалым ізденісін 1970 жылы бастаған, екі жылдан кейін кітапты жазып, түбегейлі біттім деп ойлаған. Алайда 1975 жылы кітапты қайта қарауды шешіп, осы уақытқа дейін оқулықты жаңартып, толықтырып, өзгерістер енгізіп, 11 мәрте қайталап басқан. Соңғы басылымын аутор 2011 жылы шығарған екен.

Аутор әр тұжырымын тәжірибелерге сүйене отырып жеткізген және келтірілген бір тәжірибеге кітаптың әр жерінде қайта оралып, еске салып, кітапты бастан-аяқ байланыстырып отырады. Мысалы, Сэм есімді кейіпкер кітаптың ең басында мысалға келтірілген болса, ол кейіпкерді кітаптың әр жерінде түрлі  жағдайларда мысалға келтіріп, «ал Сэм қайтар еді?» деген сияқты сұрақтармен оқырманды Сэмге түрлі көзқараста қарауға итермелейді. Оқулық тілі өте жеңіл, салалық терминдер аз қолданылғандықтан бұл кітапты кез келген адам қызығып оқи алады. Кітаптың түпнұсқадағы «The social animal» деген тақырыбының өзі менмұндалап тұрса, ал ондағы тақырыптар мен тақырыпшалар адамның көңілін кітапқа бірден бұрары анық. Кітап қазақ тіліне аударылғанда мазмұнына қарай «Көпке ұмтылған жалғыз» деп алынған екен. Әрине, Аристотельдің адамға «қоғамдық жануар», «саналы жануар» деген сияқты анықтамалар бергенін білетін адам көп болуы керек. Дегенмен де, кітаптың атауын мағынасына қарай өзгерту дұрыс шешім, себебі әр елдің өз қабылдауы, дүниетанымы, сөз саптауы бар екенін ескерген жөн. Жалпы кітаптың аудармасында да осы мәселелер жіті қарастырылып, көптеген сөздердің тігісін жатқызып, кітаптың мазмұнын сақтай отырып, қазақ тілді оқырманға барынша түсінікті етіп аударғандары көрініп тұр.

Әлеуметтік психология дегеннің не екенін түрлі мысалдармен түсіндірген ғалым оны ең алдымен – әлеуметтік әсер екенін айтады. Ол – адамдардың басқа жандардың сеніміне, сезіміне және жүріс-тұрысына тигізетін ықпалы деп түсіндіреді. Зерттеулер мен тәжірибелерге басымдық беретін аутор нәтижелері тайға таңба басқандай көрініп тұрса да, зерттеу жүргізу маңызды. Себебі біз «білетін» және ақиқат, шындық  деп сенген көптеген нәрсе мұқият зерттегенде жалған болып шығатынын айтады. Аутор келтірген көптеген эксперименттердің ішінде тіпті жан түршігерлік мысалдар да кездеседі. Э. Аронсон біздің қоғамда басқа адамның немесе белгілі бір топтың қысымы салдарынан адамның мінез-құлқы, пікірлері өзгеретінін жазады. Зерттеуші көбіміздің әлеуметтік оқшаулануға ұшырамау үшін жанұшыратынымызды да тілге тиек етеді: «Адамдарға бірдеңеге тән болу өте қажет. Әлеуметтік жануарлар үшін қабылдану мен қабылданбау ең күшті сыйлық пен жаза іспеттес. Себебі біздің эволюциялық тарихымызда әлеуметтік шеттетудің салдары – қауіпке толы әлемде ресурстардан және топтың қорғауынан айырылу салдары тіпті ауыр. Осылайша, адамдар өздерінің генін күшті топқа бейімдеп, әрі қарай ұрпақ жалғастырады…».

Аронсон бұқаралық коммуникацияның адамдарға ықпалына жеке тарау арнаған. Қазіргі шексіз ақпарат алу мүмкіндігінің тым жеңіл болып кеткені, қоғамдағы өзгерістердің тым жылдам болып жатқандығы айтылған. Сондай-ақ ғалым, көбінесе жаңалықтардан туындайтын қуатты эмоция ұтымды шешім қабылдауға кедергі жасайды деп тұжырымдайды.  Кітапта келтірілген мысалдардың бірінде былай делінеді: «… Жақында Роджер Джонсон алты ай бойы ірі және жергілікті желілер таратылымын қоса отырып, телевизиялық жаңалықтар бағдарламаларының мазмұнына талдау жасады. Тарихи ауқым және тарихи зерделеуге кеткен уақыт ауқымы тұрғысынан қарағанда, зорлық-зомбылық, қақтығыстар және адамдар таратқан азаптар жаңалықтарда үстам мәнге ие. Олар барлық ақпараттың 53 пайыздан астамын алады. Сонымен қатар Джонсон тым қатыгез оқиғалар туралы эфирде бәрінен бұрын хабарланғанын анықтады… онда әдеттегі жаңалықтардың 80 пайызы зорлық-зомбылық пен қылмысты хабарлауға арналған. Осындай күйде ұсынылған жаңалықтар айналамыздың шынайы көрінісі емес екені анық.  Бұл БАҚ-тарды басқарып отырған адамдардың мейірімсіздігінен немесе бізді алдап-арбағысы келетінінен емес, олардың біздің көңілімізді аулағысы, сөйтіп назарымызды жаулап алғысы келетіннен болса керек. Олар көрермендерді қызықтыра түсуге тырыса отырып, бізге еріктен тыс ықпал етуі мүмкін» деп жазады. Әрине, бұл Америка телеарналары туралы жазылғанымен, біздің елде де осыған ұқсас жағдай екенін болжап білу қиын емес.

Орта деңгейлі америкалық аптасына 30 сағат теледидарға телміреді екен. Бұл статистика Қазақстанда басқаша болуы әрине, мүмкін, бірақ Джордж Гербер мен әріптестері жүргізген зерттеу біз үшін де маңызды деп ойлаймыз.  «1960 жылдың соңынан бері қарай осы зерттеушілер мыңдаған телебағдарламалар мен прайм-таймдағы кейіпкерлерді зерттеді. Толықтай қарастырғанда, олардың қорытындысы телевидение көрсететін шынай өмір америкалық көрермендерді дәстүрлі түрде адастырып келгенін растайды. Мысалы, 1960 және 1970 жылдарда прайм-тайм кезіндегі  бағдарламаларда еркектер әйелдерден үш есе артық болған, ал әйелдер еркектерден жас әрі тәжірибесіздеу болып көрсетілген. «Түрлі-түстілер» (әсіресе латынамерикалықтар мен азиялық америкалықтар) мен қарт адамдар мүлде көрсетілмеген десе де болады. Аз топтар өкілдері қосалқы рөлдерге ысырылып тасталған. Прайм-тайм кезінде кейіпкерлер ретінде кәсіпқойлар және менеджмент өкілдері шақырылған. Бұл кездерде Құрама Штаттардағы жұмыс күшінің 67 пайызы «көк жағалылар» (жұмысшылыр) немесе қызмет көрсету саласының өкілдері еді. Мұндай әлеуметтік топтардың 25 пайызы ғана телевидение кейіпкері болды. Шынайы өмірде қылмыс саны теледидардан көрсетілгендей емес, кемі 10 есе аз болатын. Теледидар кейіпкерлерінің жартысына жуығы апта сайын түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайтын, шындығында әр жылда америкалықтардың 1 пайызы ғана нақты зорлық-зомбылыққа душар болатын-ды. ФБР статистикасы бойынша, соңғы бірнеше жыл бойы елде зорлықпен жасалған қылмыстар үздіксіз төмендеумен болды, бірақ теледидар оны үнемі өсіп отыр деп көрсетті».

         Эллиот Аронсонның айтуынша, теледидарды тым көп көретін адам үшін шынайы өмір кәдімгі реалити-шоу секілді екен. Ал саясаттанушы Бернард Коэннің айтуынша: «БАҚ-тар адамдарға көп жағдайда не ойлау керектігін айта алмауы мүмкін, алайда олар оқырмандардың не туралы ойлануы керек екенін өте сәтті жеткізе алады. Жазушы, редактор және баспагер сызып берген картаға сәйкес, әлем адамдарға әртүрлі болып көрінуі мүмкін».

Кітап ауторының жазуынша, біз ғаламшардағы ең ақылды және сәтті жаратылыс болсақ та, қателікке бой алдыруға ерекше бейімбіз. Алайда біздің қателіктеріміз – ақымақтықпен немесе кездейсоқ жасалынған қателіктен емес. Ол компьютерлік бағдарламалар сияқты жүйелі теріс түсініктер мен қателіктер сияқты. Кей кездері бір нәрсеге қол жеткізгіміз келсе, бағдарлама жұмыс істейді, ал басқа бір жағдайда жұмыс істемей қалады. Біз қателіктерді зерттеу арқылы санамыз қалай бағдарламаланғанын біле аламыз.

Ал Эмили Пронин мен әріптестерінің тұжырымын оқығанда біздің де езуімізге күлкі үйіріліп, өзіміз бен айналамыздағы адамдар еске түсті. Олар  «мен орташа адамға қарағанда соқыр сенімге азырақ бой алдырамын» деп ойлау кең тараған соқыр сенімдердің бірі екенін анықтаған екен. Оқулықта былай дейді: «…Тарих көрсеткендей, адам өзінікін – абсолютті дұрыс және өзгелердікі қате екеніне сенімді болған кезде қатігездік пен жеккөрінішке толы әрекет жасау оңай болып кетеді».

Ал Мартин Селигман өз зерттеуінде «ұтылу – тек жолы болмаудың нәтижесі, оны талпыныс пен қабілеттің күшімен жеңуге болады» деген оптимистік ойлау стилі одан да жақсы жетістіктерге, жақсы денсаулыққа және өзінің перспективаларын жақсы көруге алып келетінін анықтаған. Аронсон мұны эгоцентристік ой мен өзін-өзі ұлықтау атрибуцияларының пайдалы тұсы көп деп, сонымен бірге бұл позитивті салдардың өз құны бар екенін есімізде ұстауымыз керектігін ескертеді. «Оның құны – өзіміздің және әлемнің бұрмаланған бейнесі» дей келе аутор: «бұрмаланған әлемнің бейнесі өзімізді және өз әрекетімізді ақтап алудан туындайды» -дейді.

«Мен үшін әлеуметтік жануарлардың ең ғажайып қасиеттерінің бірі – өзімізді мейірімді және саналы адам ретінде көруге деген қажеттілік» деген  Э. Аронсон неліктен бұлай айтқанын келесі «Өзін-өзі ақтауға» арналған тараудан оқи аласыз.

Ал адамдардағы «агрессия» кісі бойында туғаннан болатын мінез-құлық па, әлде жүре пайда бола ма? Ғалым агрессияны генетикалық тұрғыда қарастырады, сондай-ақ әлеуметтік қарым-қатынастың адамдардың агрессиясына қатысы туралы сөз қозғайды. Сонымен қатар психолог адам бойындағы агрессиялы мінез-құлықты ауыздықтай алатынын айтады.

«Ата- бабаларымызға құрметіміз шексіз.  Әйтсе де олардың істеген істерінің барлығын қайталауға болмайды» деген антрополог Лорен Эисли былай деп жазады: «Бізге мұзды жаратын, жолбарыспен айқасып, аюмен алысатын адамнан гөрі мейірімді де, шыдамды адам қажет». Эллиот Аронсон антропологтың пікірімен келіскендей, эволюцияның бастапқы кезеңдерінде адамдар бәсекелестікті реттеп, агрессиялы мінез –құлықты ауыздықтауы мүмкін еді деген тұжырым шындыққа жанасуы мүмкін екенін жазады.  Аронсон «агрессияны» бұдан басқа да қырларынан жан-жақты қарастырады.

Бір жақты түсінік туралы бөлімде аутор жекелеген адамдар мен ситуацияларға, жағдаяттарға қатысты қалыптасқан пікірлері туралы жазады. Кітапқа сенсек, біржақты түсінік сипаттамасы бізді топқа бірігуге жетелейді екен. Мысалы, біз Таяу Шығыстағы қақтығыстарда барлық лаңкестер, лаңкес-жанкештілер жап-жас мұсылмандар екенін (кейде әйелдер де бар) білеміз, бұдан барлық мұсылман ерлер лаңкестер деп түсінбеу қажет.

Бірақ стереотиптеу міндетті түрде қасақана зорлық көрсету немесе әрдайым жағымсыз жағдай емес. Ең дұрысы біз әлеуметтік әлем күрделілігін жеңілдету үшін жиі қолданатын әдіске жататынын айтады маман.

Кітаптың 8 бөлімінде: «Адамдар бірін-бірі неге ұнатады? Бір-біріне өлердей ғашық болып жатуының сыры неде?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді.

Жоғарғы сынып оқушыларын зерттеген мамандардың түйгені, оқушыларды өзгелердің көзқарасы мен басқаларға ұнау жайы қатты толғандырады екен. Алайда бұл тек оқушыларға ғана қатысты емес екені анық. Осы мақаланы жазып отырған маған да сіздің ықылас-пейіліңіз маңызды екенін мойындамасқа амал жоқ. Аутор мысал ретінде келтірген Дейл Карнегидің «Достардың жүрегін жаулау және адамдарға әсер ету амалдары» (How to Win Friends and Influence People) деп аталатын кітабы 35 тілге аударылып, әлемдегі ең көп сатылған кітаптардың қатарына енуінің өзі осыны дәлелдеп отырған сияқты.

Ұнату, ұнау және өзіндік қадір, ұқсастық пен тартымдылық және тағыда басқа осы тақырып маңайында ғалым кеңінен зерттеген екен, оны кітаптан оқи аласыз.

«Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе. (The social animal)» кітабын оқыған студент алдымен ғылымға көзқарасын қалыптастырып, психология саласында тәжірибе, сынақ, эксперимент жүргізудің қаншалықты маңызды екенін түсініп, сонымен бірге ғылымға шынайы құштарлықты сезіне алады деп ойлаймын. Бұл кітап ұзақ жылдар бойғы зерттеулердің жемісі болғандықтан мақаламызға кітапта берілген көптеген құнды ақпараттардың бір пайызын ғана бере алдық деп ойлаймыз. Адамзат сан ғасырлар бойы өзін-өзі іздеумен, өзін тануға ұмтылумен келеді. Бұл оқулық сол талпыныстың бірі. Оқулық ауторы Эллиот Аронсон кітап соңында: «Қатігездік пен соқыр сенімді жойғым келеді,» -деген ізгі ойын да жасырмайды. Біз қалай ойлаймыз? Қалай жүріп тұрамыз? Бізді біреуге күш көрсетуге итермелейтін қандай күш? Көкірегімізді сүйіспеншілік сезімімен нұрландыратын не нәрсе? Осы сұрақтарға аутор әлі де ізденетінін айтады.

Балжан Жеңісқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.