Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қамауға алынды. 14 жастағы оқушы қыз оны түнде иен жерге апарып, көліктің ішінде тиісіп, азғындамақ болды деп айыптады. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Қыздың анасы Гүлжаухан Медетбекованың айтуынша, мектеп оқиға жайлы білгенімен, қызына бұл туралы жақ ашпау керектігін айтқан. Қыз мектепке барудан бас тартып, қазір үйде оқып жүр. Анасы үш айдан бері оны психологтар мен тергеушілерге апарып жүр.
Оқиға наурыз айында болған. Мұғалім түнде келіп, қызды «серуенге» шақырған. Қыз келісім берген, бірақ мұғалім оны иен жерге апарып, өз сезімін айтып, құшақтап, сүйіп, қол жүгірткен. Қыз қарсылық танытып, көліктен қашып шыққан.
Ата-анасы болған жайттан кейін дереу полицияға жүгінген. Анасы мектеп мұғалімдерінің қызына қысым көрсетіп, үнсіз болуға мәжбүрлегенін айтады.
Мектеп директоры бұл жағдайды растады, бірақ қысым көрсеткен мұғалімдер емес, оқушылар деп отыр. Оның айтуынша, қыз қыркүйекте мектепке қайта оралады.
Күдікті — 38 жастағы, бес баланың әкесі. Мектепте 16 жыл жұмыс істеген. Қазір ол қамауда, іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.