28-06-24 |
11520 рет қаралған
Қостанайда Ш. Шаяхметовтың 85 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Қостанайда Ш. Шаяхметовтың 85 жылдығына арналған іс-шара өтті

27-28 маусым күндері Қостанай облысы әкімдігі  мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы мемлекет және қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметовтың 85 жылдығына орай «Тіл – халық рухы» республикалық ашық есік күнін өткізді.

Өзара тәжірибе алмасу мен оқытушылардың кәсіби шеберліктерін  дамыту мақсатында өткен шарада облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов қатысушыларға алғыс айта отырып, былай деді: «Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік тілге деген қызығушылық артып келеді. Осы ретте, тіл оқыту орталықтарының қоғамдағы оң бағыттарды қолдап, тіл үйретуде әдістемелік көмек көрсетуі маңызды. Ұйымдастырылып отырған өзара тәжірибе алмасуға арналған бүгінгі шара сонысымен құнды деп білемін. Осы арқылы Шайсұлтан Шаяхметұлының ана тілімізді дамыту бағытындағы ізгі істерін жалғастырамыз. Тұлғаның мерейтойына орай өткен бұл шара тек бастамасы ғана, алда тіл жанашырының 85 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар жоспарлануда».

Ашық есік күніне арнайы қатысқан Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының медиасарапшысы, журналист Жарқынбек Жұмаділұлы қатысушыларға Ш.Шаяхметовтың қызмет пен ғылымды қатар алып жүргендігі, ұзақ уақыт Қазақстан Министрлер кеңесінде оқу-ағарту саласын басқарғандығы, кейін жеті жыл бойы Білім министрі қызметін атқарғандығы, оның іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті, басқарып отырған саланың күрделі мәселелерін шебер шеше білген жөнінде кеңінен баяндап берді.

«Тілдарын» облыстық орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова орталықтың атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырса, Жетісу облысының «Тіл»  оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев  «Орталық жұмысын жүйелендіру» тақырыбында баяндама жасады. Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы басшысы Марта Дәулетбаева «Ізденіс пен нәтиже» атты дәріс оқыды.

Сонымен қатар, Астана, Атырау, Шымкент қалаларындағы тілге қатысты мекемелер  онлайн ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып өз әсерлерімен бөлісті. Тіл мамандары шеберлік сабақтар көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.

Іс-шара аясында  келген қонақтар ұлы ағартушы Ы.Алтынсариның кесенесіне тағзым етіп, облыстық мемориалдық музейге барып,  «IQOSTANAY» оқушылар сарайымен танысты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.