1 сәуірден бастап Ресейде басқа елдерде берілген жүргізуші куәліктерін қолдануға болмайды. Бұл шектеу Ресейде тұратын қазақстандықтарға да қатысты.
«Парламентская газета» басылымының хабарлауынша, тыйым 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін Ресей азаматтығын немесе тұруға ықтиярхатын алған шетелдіктерге, сондай-ақ шетелде жүргізуші куәлігін рәсімдеп, осы күннен кейін Ресейге кірген ресейліктерге әсер етеді.
Шетелдік жүргізуші куәліктерін пайдалануға шектеу 2023 жылы «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» заңға енгізілген түзетулер аясында қабылданған. Бүгіннен бастап бұл ереже күшіне енді.
«Егер шетелдік азамат Ресейде 2024 жылғы 1 сәуірден кейін заңдастырылса, ол өз елінде берілген жүргізуші куәлігін тағы бір жыл бойы қолдана алады. Ал 1 сәуірден бастап шетелдік куәлікпен көлік жүргізу заңбұзушылық болып саналады – жүргізушілерге көлік құралын басқару құқығы жоқ болғаны үшін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері 5 мыңнан 15 мың рубльге дейін», – деп жазады «Парламентская газета».
Тек Беларусь азаматтарына және беларусьтік жүргізуші куәлігі бар ресейліктерге ғана ерекше жағдай жасалған.
Бұған дейін қазақстандықтардың Ресейдегі уақытша тұру мерзімі қысқартылған болатын.
Фото: Orda.kz