19-06-19 |
2420 рет қаралған
Сапалы балықты қайдан алуға болады?.
Сапалы балықты қайдан алуға болады?

Қазақстан ешқандай теңіз немесе мұхитпен шектеспейтін ел болғандықтан йод тапшылығы бар елдердің қатарына жататыны белгілі. Қазақ халқының негізгі тұтынатын өнімдері ет және сүт, ал балық және теңіз өнімдері басқа азық-түлікке қарағанда аз тұтынылады.

Статистика комитетінің мәліметтері бойынша елімізде жан басына шаққанда бір жылда жаңа ауланған немесе салқындатылған балық – 0,7 кг ғана тұтынылады екен. Бұл дегеніңіз кей адамдар тіпті мүлдем балық жемейді деген сөз. Балықты ең көп тұтынатын Атыраулықтардың өзі 19 кг балықпен қоректенеді. Адам ағзасына қажетті йодтың 90% азық-түліктен алатынын ескерсек, бұл өте аз көрсеткіш. Сондықтан да Қазақстан йод тапшылығы мен қалқанша безі аурулары көп кездесетін аймаққа жатады. Дәрігерлер күнделікті тамақтану рационына балық және теңіз өнімерін қосуға кеңес береді. Балық шаруашылығы да біздің елімізде енді қолға алына бастаған сала.

Қазақстан нарығы балықпен толық қамтамасыз етілмеген. Мұны жаңадан ашылған «Kaz Organic Product» балық шаруашылығымен айналысатын кешеннің директоры Алексей Щетинин айтады. 

«Бұл Қазақстандағы алғашқы толыққанды органикалық балық аулау кешені. Биылғы күзде Қазақстан нарығына ақ балық және клариус шығарамыз. Бұл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі сияқты маңызды салаға қосқан үлесіміз. Әсіресе йод жетіспейтін аймақта қол жетімді жаңа ауланға балық әр адамның ас мәзірінде болуы керек. Балабақшалар, мектептер, әскер, ауруханаларға өнімімізді жеткізуге дайынбыз. Біз жоғары сапаға кепілдік береміз, өйткені балықтың денсаулығын тұрақты түрде бүкіл цикл бойынша қатаң қадағалаймыз. Қауыздарымыз заманауи басқару және автоматтандырудың озық әлемдік технологияларын қолдана отырып жабдықталған. Азықтарды өндіру – органикалық өнімдерді өсіруге көмектесетін тағы бір фактор. Барлық шикізат Қазақстанда жасалған, сапасы өте жоғары, яғни біз фермерлергеде көмектеміз. Ақша елден кетпейді. Барлық шикізат пен дайын азық зауыттың өндірістік және техникалық зертханасында қоректік және қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша мұқият талдаудан өтеді«, -деді Алексей Щетинин.

14 маусымда Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында Қазақстандағы тұңғыш «Kaz Organic Product» ЖШС толық кезеңді органикалық балық аулау кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіпорын өз балық қорларымен және жеммен жұмыс істейтін қоршаған ортаға зиян келтірмейтін бірінші «жабық» өндірісі.

Өндіріс орны клариус, баррамунди, стрйбасс, тилапия, нефрит алабұғасы, австралиялық қызыл шымшуырлы таңқышаян өсіреді. Бұл балықтар өте дәмді, әрі құрамы пайдалы дәрумендерге бай дейді кәсіпорын директоры.

Аталған балық шаруашылығының жыл сайын 10 000 тонна клариус, 500 тонна ақ балық, 10 тонна австралиялық қызыл шымшуырлы таңқышаян өсіру мүмкіндігі бар екен. Щетинин мырза Қазақстан аумағын табиғи таза, пайдалы және қолжетімді бағадағы балық өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарларында бар екенін айтады.

«Осы уақытқа дейін бізде балықтың алты түрін өсірдік. Болашақта біз олардың қатарын кеңейтуді, мысалы көксерке бағығын қосуды жоспарлап отырмыз. Біз қазір өндірісті толық қалыпқа келтірдік, ендігі жерде сату саласын реттемекпіз», -деді А. Щетинин.

Балық арнайы бассейндерде өсіріледі, бассейндердегі су үнемі сүзгіленіп, тазартылып отырылады. Әр балық өзінің арнайы қорегімен қамтамасыз етіледі екен.

Қазіргі уақытта компанияда 100-ге жуық адам жұмыс істейді және толық қуатына жеткенде 500-ден астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.