09-10-18 |
3380 рет қаралған
Шерхан Мұртаза дүниеден озды.
Шерхан Мұртаза дүниеден озды

Қаламгер, журналист көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза бүгін, 9 қазан күні ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы – барысқа байланысты қойылған.

Алғашқы кітабы 26 жасында «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көрді. Оның еңбектері ТМД және шет тілдеріне аударылған. Қаламгер Тұрар Рысқұлов жайында 5 кітап жазған.

Шерхан Мұртаза әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Қырғыз жазушысының «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды.

Шерхан Мұртаза – әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын да қазақша сөйлетті. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады.

«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, ұлт жанашыры, қарымды қаламгер, әйгілі журналист Шерхан Мұртазаның отбасы, туған-туыстары және қаламдастарына қайғырып көңіл айтамыз!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.