06-02-24 |
5440 рет қаралған
Тараған Үкімет қымбатшылықты ауыздықтай алмады – Ермұрат Бәпи.
Тараған Үкімет қымбатшылықты ауыздықтай алмады – Ермұрат Бәпи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи отставкаға жіберілген Үкімет күрделі экономикалық міндеттерді атқара алмады деген ойын білдірді. Бұл туралы KAZINFORM жазды.

«Үкіметтің отставкаға кетуі кешегі күннің тарихы, оны қаузай берудің қажеті жоқ. Өткен жылы мен Әлихан Смайыловтың Үкімет басшысы болуына қарсы дауыс бергем. Ә.Смайылов жақсы жігіт болғанымен, ол премьерлік функцияны атқаруға шамасы жетпеді. Отставкаға кеткен Үкімет қымбатшылықты ауыздақтай алмады, кедейшілікке қарсы үкіметтік бағдарлама жасай алмады. Ол Үкімет өрт сөндіру қызметін атқарды, қай жерде өрт, қайда апат — соның жауабымен ғана айналысты. Елдің күрделі экономикалық жағдайында отставкаға кеткен Үкімет өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмады», – деді Ермұрат Бәпи.

Одан бөлек, депутат жаңа Үкімет басшысы ретінде «Amanat» партиясы ұсынған Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдайтынын айтты.

«Негізі менің жорамалымда Олжас Бектеновтің кандидатурасы жоқ еді. Бұл тұрғыда мен Президенттің көзқарасынан алшақтау болған екенмін. Қазір ойлап отырсам, өтпелі кезеңде аталған кандидатура қажет. Қазір елдің бюджеті дефицит жағдайда, оның үстіне қазынаны инвестиция құюмен толтыру болмайтын нәрсе, өйткені ол үстеме пайызбен қайтарылатын дүние. Менің ойымша, бюджетті толтырудың әдісінің бірі ел ішінде және шетел асқан активтерді қайтару. Мен ойлаймын, Олжас Бектенов Үкімет басына келсе, Президент алдымен заңсыз кеткен активтерді қайтаруды міндеттейді. Әрине, О.Бектенов бұған дейін әкім не министр болмаған, бірақ ол Президент әкімшілігін басқарып, бір жылдың ішінде оның көкке өрлеуі құстың самғауындай болды. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы болды, демек заңсыз шетел асқан қаражат, сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбы оған таңсық емес», – дейді ол.

Оның айтуынша, ұрланған активтерді қайтарып, ел экономикасына жұмсау қажет.

«Әрине, жаңа Премьер-Министрдің кім болатынын түстен кейінгі жиында білетін боламыз. Президент те өз пікірін айтатын шығар», – деп қорытындылады халық қалаулысы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.