… Құрметті оқырман, мен естелігімнің ең қамрықты, ең ауыр жеріне келдім. Қандай ертегідей ғажайып ғұмыр болса да, бір күні аяқталады. Дүние осынысымен өкінішті…
Асекеңнің бұл дертке қашан шалдыққанын білмеймін. Әйтеуір, күндердің күнінде оң бүйірін ұстап ауырсынып отырып қалатынын жиі байқай бастадым. Содан соң, онсыз да ашаң адам, еті торалып жүдей бастады. Үйден шықпай жатып қалатын болды. Ауруханаға көп баратын болды. Соңғы кездесулеріміздің бірінде тәкаппар тұлғаның аурудан еңкейіп еңкіш тартқанын көріп жүрегім шымыр ете қалған. Асекең көп жөтелді. Гавана сигарасын үгітіп салатын өзінің әйгілі хош иісті қорқорын да тарта алмады. Тұтатуын тұтатып, содан соң алыстау қойып қойған. Бірақ сөзі түзу.
– Қияметке тақағанда, адам өзінің қашан және қалай басталғанын көп ойлайды екен, – деген еді Асекең ауырсынып отырып. – Мен адам ретінде, әрине, қазақтан басталдым. Сол себепті елім туралы, оның өткені мен кеткені туралы көп ойлайтын болдым.
Мен сөздің аяғын тосып үнсіз отыра бердім.
– Төңкеріске дейін, қазақ, империядағы орыстан кейінгі ең үлкен халық екен, – деді Асекең аз-маз демалып алғаннан кейін. – Саны көп, өзі бай, өнерлі. Күшті буржуазия қалыптаса бастаған. Батыстың өнерін үйренем деп ентелеп тұрған, алқынып тұрған арда халық. Байлар, ақсүйек аристократия балаларын Варшава мен Парижден оқыта бастаған. 17-ші жылғы топалаңға дейін осындай болыппыз. Ең ұлы… және ең қатерлі халық болыппыз. Ал ең ұлы халыққа – ең ұлы езгі, ең ұлы қырғын. Біздің көргенімізді көрсе, басқа халық жер бетінен жойылып кетер еді. Біз аман шықтық. Әрине, ақылға симас шығынмен, бірақ жаңа күнге жеттік. Осы ұлы езгі, ұлы тепкі ізсіз кеткен жоқ. Қимасымыздан айырылдық. Қазақтың мың жыл бойы аялап көркейткен шадыман дәулеті – өзінің адамгершілігі еді. Жауының өзі мойындаған биік кісілігі еді. Міне, сол адамгершілік, сол кісілік кенересінен төмен түсті. Фазиль Искандердің айтқаны бар, «Намысы, ары тапталып, абыройы төгілгендер бірін-бірі жек көреді. Себебі, олар бір-бірінің айнасы іспетті. Осыдан келіп халықтың кісілік салттары төмендейді» («Обесчещенные ненавидят друг друга. Каждый зеркало для другого. Отсюда грубость нравов») деп. Қазақтың бір-біріне деген пейілінің азайғаны осы ақылға симас қорлаудың салдары. Қазақ есеңгіреп қалған. Алтын тақта отырып өзінің патша екенін ұмытып кеткен, құлға құрмет қылған. Белшесінен алтынға батып отырып, өзінің бай екенін ұмытып кетіп, қайыршыдан ақша сұраған. Ұшан дарияның жағасында отырып шөлдеп, ішетін су іздеген халықпыз. Бақыт пен байлық қол созым жерде екенін, мінез өзгерсе – тағдырдың да өзгеретінін білмейміз. Жүсіп Баласағұн, осыдан мың жыл бұрын, өзінің «Құдатғу білігінде» бақыт пен байлыққа жетудің амалдарын айтып кеткен. Сол «Құдатғу білік» ешқайда кеткен жоқ. Сол «Құтадғу білік» қазақтың өз қолында, жүрегінде, қанында. Жүрегінің терең түкпірінде жатқан сол кітаптың тымқұрмаса алғашқы он бетін оқыса да жеткілікті. Әрине, ерте ме-кеш пе, қазақ бұл тығырықтан шығады. Бірақ, жоғарыда мен айтқан сананың сырқатынан арылу үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек. Қасқа жол сонда ашылады. Өкініштісі, біз ол кезде болмаймыз.
Екеуміз де үнсіз қалдық.
– Сіз менімен қоштасып отырған сияқтысыз, – дедім мен.
– Иә, қоштасып отырмын, – деді Асекең. – Біздің ұрпақ, біздің ел, бұ дүниеден ақырындап кетіп жатырмыз. Әне, Бәтима апаң кетті. Араға үш жыл салып Төлеген ағаң кетті. Міне, мен де аттанайын деп отырмын. Бірақ сен жалғызсырама. Зейнолла мен Төкен бар. Төкен қырсықтау, бірақ қырсықтығының ар жағында үлкен жүрек бар. Ал Зейнолла… тұрған бойы мейірім ғой. Екеуі сенің ағаң ғана емес – достарың. Оларды түсінуге тырыс. Бұның сыртында өзіңнің замандастарың, өз елің бар емес пе.
– Мен сізді ешқашан ұмыта алмайтын шығармын, – дедім мен.
– Рахмет, – деді Асекең сәл мұңайыңқырап, – Адал көңілің үшін. Бірақ… небір дегдарлар мен кемеңгерлер өлгенде де қазақтын шаңырағы ортасына түскен жоқ. Біз Мұхаңның да өлгенін көрдік. Сәбең мен Ғабеңнің де дүниеден қалай өткенін көрдік. Қамықтық. Бірақ еңсемізді көтердік. Себебі ағаның өлімі ініге жаңа міндет артады . Егерде сендер біз бұл фәниден кеткеннен кейін қырық жыл қайғырып, дүниеден баз кешіп кететін болсандар,онда нашар шәкірт болғандарың. Өлген өледі, тірі кісі тіршілігін істейді. Ең бастысы – іс ары қарай жалғасуы керек.
Кенет… бағанадан бері ауырсына бүгіліңкіреп отырған адам шалқая бере күлген. Баяғы Асекең алдымнан жарқ етіп шыға келді. Ауыру оның тәнін қорлағанымен, жаны мен рухын қорлай алмапты.
– Мен Фазиль Искандерді жақсы көрем, – деді ол күліп болып, көзінің жасын сүртіп, – Пайғамбар. Совет одағында өмір сүрген, дәлірек айтқанда өмір сүруге мәжбүр болған Карлейль. Абхаз халқының Карлейлі. Мәскеуге қанша рет барып жүргенде онымен таныса алмағаныма өкінемін. Сол Фазиль Искандердің керемет сөзі бар, «Еңбек еткеннен гөрі, қасірет шеккен оңай. Бүкіл Россия – ол ішкіш Гамлет» («Страдать проще чем созидать. Вся Россия – это пьющий Гамлет») деп. Солар сияқты болмаңдар. Қасірет шегу – еңбек етпеудің амалына айналып кетіп жүрмесін.
Бәрі де баяғыдай. Ауырмағандай. Қиналып азап шекпегендей. Жарқылдап күліп шығарып салған.
Бұл 1992 жыл, қыстың ортасы еді.
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
27.11.2024