26-12-18 |
11270 рет қаралған
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр.
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

«Фотографиялық эстетика» («фотографическая, мгновенная эстетика») «фотографиялық, ілездік пайымдау» («фотографическое, мгновенное осмысление») дегеннің не екенін мен алғаш рет Асқар Сүлейменовтен көрдім. Бірде Рамазанның бөлмесінде сол кездегі әйгілі жапон жазушыларының әңгімелерін оқып, талдап, бас қатырып отырғанбыз. Рамазанмен бір топта оқитын еврей бала бар еді. Аты есімде жоқ, фамилиясы – Бренер болатын. Сол ваннаға барып қолын шайып келе жатып Төлеген ағаның бөлмесіне бас сұғып өтті.
– Көрші бөлмеде Асқар Сүлейменовтің өзі отыр. Сол кісіні шақырайық, – деді қайтадан орнына отырып жатып. 
Барлығымыз қосылып, «Асқар аға!» деп айқайладық. Біраздан соң Асекең келді. Біз проблеманы айтып, қанша оқысақ та түсіне алмаған бірнеше әңгімені алдына қойдық. Асекең қолына ілінген әңгімені ала салды. Бұл Акутагаваның әйгілі «Батат езбесі» («Бататовая каша») атты шығармасы еді. Асекең әңгімені оқыған жоқ. Тек бірінші бетті қарады, қалғанын немқұрайды парақтап өтті де, соңғы бетке бірнеше секунд қана көз тоқтатты. Болды. 
–    Бұл жапон миниатюризмінің өлімі жайлы әңгіме, – деді содан соң сәл күрсініп, орындықтың арқалығына шалқайып. 
–    – Түсінбедім, – деді Бренер таңқалып, – Сіз, әңгімені тіпті оқыған да жоқсыз ғой. Таратып айтыңызшы. 
– Әңгіменің басында бір самурайдың батат ботқаны жақсы көретіндігі, сүйіп жейтіндігі айтылады ғой, солай ма? – деді Асекең. 
– Иә, солай, – дедік барлығымыз қосылып. 
– Ал әңгіменің аяғында басқа самурай, оны қонаққа шақырып, алдына бірнеше жүз адам жейтіндей қылып, батат ботқасын тау қылып үйіп қояды. Осыдан кейін бас кейіпкер сол тамақты жеккөріп кетеді. Яғни, бұл жапон мінезіндегі не нәрсенің шағын, аз болғанын қалайтын миниатюризмге айтылған мадақ жыр. 
Бәрі орын орнына келді. Ештеңе дей алмадық. Асекең екінші әңгімені қолына алды. Бұл жолы алғашқы екі бетке сәл шұқшиды да, содан кейін соңғы бетке бір қарады. Болды. 
Әңгіменің ұзын-ырғасы. Бір жапондық өнертапқыш сиқырлы деуге болатын электрондық лампа ойлап шығарады. Лампаның өтіне тұрған адамның экрандағы бейнесі мүлдем басқа болып шығады. Мысалы, бір адам кактус, бір адам – қоян болып, ал енді біреуі – акула болып көрінеді. Өнертапқыш, өзінің таңғажайып туындысын алып, циркке барады. Цирктің бастығы көріп, ертең хабарласам дейді. Ертеңіне өнертапқышқа «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитеттің» (осындай да комитет болады екен-ау) президентінің өзі хабарласады.  Кеңсесіне шақырады. Сол президент өнертапқыштың лампасын бүкіл патентімен 200 млн. долларға сатып алады. Бұл ақшаны әйеліңіз бен балаларыңыз ала алатындай етіп банкке салыңыз дейді президент. Ойында ештеңе жоқ өнертапқыш ақшаны екіге бөліп әйелі мен балаларының атына салады. Ал енді мына контрактың құрметіне шампан ішейік дейді президент. Әңгіменің аяғында өнертапқыш у қосылған шампаннан өледі. 
Бәріміз аңтарылып Асекеңе қарап отырмыз. Асекең жымиып күлді. 
– Андрей Тарковскийдің «Сталкер» деген фильмін көрдіңдер ме? – деді содан кейін, – Ағайынды Стругацкийлердің «Жол шетіндегі пикник» («Пикник на обочине») деген шығармасы бойынша түсірілген. 
Елдің барлығы көрген болып шықты. 
– Міне, бұл әңгіменің идеясы сол «Сталкерден» алынған, – деді Асекең. – Хотя ,керісінше де болуы мүмкін. Жапон жазушысы өз әңгімесін қашан жазды, Тарковский өз фильмін қашан түсірді, кімнен кім алды, кімнен кім үйренді – білмеймін. Тіпті, екеуі бірін-бірі білмеуі мүмкін. Идея екеуіне шамамен бір уақытта келуі мүмкін. 
–    Аға, тезірек әңгімені талдаңызшы, – деді Рамазан. 
–    Жақсы, – деді Асекең, – «Сталкерде» бір адам, өзінің жазылмайтын дертке ұшыраған қызына шипа іздеп Зонаға барады ғой. Сонда Зона оған, баласына арнап шипа емес, оның өзіне зор байлық береді. Себебі, Зона, адамның ауызбен айтқанына қарап емес, оның ішкі сұранысына қарап береді. Яғни, қызына ем сұрап барғанымен, кейіпкердің шын ниеті ақшада ғана еді. Немесе Зона ешқандай сөз бен сезімге сенбейтін структура. Ол адамның ішкі матрицасына ғана жауап береді. Жапон әңгімесіндегі лампа да сондай нәрсе. Адамның сыртқы түрі мен ішкі түрі бар. Нағыз шындық сол ішкі түрінде, матрицада. Лампа экранға сол матрицаның суретін түсіреді. Бұл жердегі Зона біздің ұғымымыздағы абақты емес, түсініксіз түрлі оқиғалар болатын тылсым аймақ.
Бұл жолы да ешкім үндей алмады. Тек жалт-жалт етіп бір-біріне қарасқан. 
– Ал, енді мына әңгімені қарап беріңіз, – деді Рамазан тағы бір кітаптың бетін ашып ұсынып. 
Бұл Акутагаваның «Жылқы аяқ» («Лошадиные ноги») деген әңгімесі еді. Асекең әдетінше әңгімені парақтап шықты да, шылымын тұтатып орнынан тұрды. 
–    Мен сендерге бүкіл жапон әдебиетін талдап беруім керек пе? – деді жымиып, – Өздерің де миларыңды қажап, біраз жұмыс істетпейсіңдер ме? 
Бұрылып жүре берген. 
– Тым құрмаса кілтін айтыңызшы, – деді Бренер қалжыңдай жалынып. 
Асекең есікке бір сәт қана бөгелді. 
– Гогольдің «Нева проспектісі» жинағын қайыра оқып шығыңдар, – деді, содан соң кетіп бара жатып. 
Кейін тағы бір кездескенімізде жылдам оқу техникасы жайында әңгіме болды. 
– Осылайша оқуға қалай жеттіңіз? – деп сұраған едім. 
– Көп адам сөйлем қуалап оқиды, – деді Асекең. – Ең өнімсіз тәсіл. Ол бұрынғы әдебиетке жарасатын. Ал қазіргі әдем әдебиетінің структурасы мүлдем басқа, тиісінше ондай әдебиет басқаша оқуды талап етеді. Қысқаша айтқанда, қазіргі текстер сөйлемнен емес – блоктардан тұрады. Орыстар оны «смысловые блоки», «смысловые куски» дейді. Бізше «мағыналық блоктар». 
Бетіме күмәндана қарап аз-маз отырды. 
– Теңеуім сәтсіз шығар, бірақ сәтсіз болса да айтайын, – деді, содан соң, – Мысалы, көп қабатты үйлерді дайын блоктардан құрап шығады емес пе, қазір. Қазіргі әдебиет те солай. Қазіргі романдар жазылмайды – дайындалады. Яғни, қазіргі әдебиетті оқығанда, сол мағыналық блоктарда ненің әңгіме етілетінін қарап қана шығасың. Болды. Мысалы, Акутагаваның әңгімесін алайық. Ондағы бар кілтипан әңгіменің басын бастап, аяғын тұйықтайтын екі блокта. Ал қалғаны осы екеуінің арасын толтырған ассоциациялар ғана. 
– Ал екіеші әңгіме… мүлдем басқа. Тамаша, – деді сәл үнсіздіктен кейін, – Тамаша әңгіме. Гениальный әңгіме. Біздің цензура  оны біліп өткізді ме, әлде байқамай жіберіп алды ма? Кім біледі?
Бетіме қарап күлді. 
– Біз туралы, біздің система туралы әңгіме ғой. Джордж Оруэллдің «1984», «Скотный двор» романдары сияқты «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитет», ол бүгінгі әлемнің сиқы. Өнертапқыш ойлап шығарған лампа, адамның шын бағасын беретін және оның әлеуметтегі орнын көрсететін тетік. Яғни, ол ешкімге керегі жоқ, пайдасыз нәрсе. Надандық өте қымбат тұрады. Адамзатты надандықта ұстау үшін қанша ақша керек болса, сонша жұмсалады. Қарашы өзің, бірді екілі адам болмаса, өз орнында отырған адам бар ма, осы біздің қоғамда?.. 
… 70-шы жылдардың соңында, біз, әдебиетпен әуестенетін жастар Төлеген ағаның үйіне көп жиналатынбыз. Әсіресе филфактың орыс бөлімінде оқитын студенттер, орысы бар, еврейі бар, Рамазанның бөлмесінде отырып өлең оқып, пікір алмасып, әдеби салон ұйымдастыруды әдет қылып алған. Және Төлеген ағаны іздеп келе қалса, Асекеңді арамызға шақырғанды тәуір көретінбіз. 
… Қыстың бір ұзақ кеші еді. Мандельштамның, Волошиннің, Ахматованың бұрын естілмеген өлеңдері оқылды. Үлкендермен отырған жерінен қиылып шақырғаннан кейін, сөзімізді жерге тастамай Асекеңнің жанымызға келіп отырғанына біраз болған. Жұрт бір саябырсығанда Асекең тамағын кенеп алып, өзінің жұғымды даусымен бір өлеңді оқи бастаған. Мәнері осынша әдемі болар ма. Ең соңында даусы болар-болмас қырылдаңқырап, 
– С любимыми не расcтавайтесь,
Всей кровью прорастайте в них.
И каждый раз на век прощайтесь,
Когда уходите на миг, 
– деп барып, аяқтағанда отырған жұрт ду қол шапалақтаған. Әңгімеден әңгіме өрістеп отырғанда, бір орыс қыз Анна Ахматованың «Шіркін, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығатынын осы жұрт білсе ғой» («Ах, если бы знали из какого сора растут стихи») деген, афоризмге айналып кеткен сөзін келтірді. 
– Сіз қалай ойлайсыз? – деген содан соң Асекеңе қарап. 
Асекең әдетінше сәл ойланып барып, жауап берді.
– Суреткер өзінің ішкі дүниесіне қалай бойласа да, бәрібір табатыны – сол қоқыс. Бұл жерде Ахматова дұрыс айтады. Тіпті, ең тұңғиыққа барып қазына іздесеңіз де бәрібір қолыңызға тек қоқыс ілінеді. Бірақ, біздің бақытымызға орай шығармашылықтың табиғаты тексті құрайтын элементтерге тәуелді емес. Яғни, қоқысты қатар-қатар қоя салу – әлі шығарма емес. Қандай да болмасын шығарма, өзін құрап тұрған бөлшектердің жиынтығына тең емес, одан биік тұр. Аздан соң қоқыстың алтынға айналып кетуі – бұл сиқырға, алхимияға ұқсас нәрсе. Әлемде қаншама өнердің теоретиктері болған, бірақ, бірде-біреуі бұл процесті жарытып түсіндіріп бере алмаған. 
– Сонымен, Анна Ахматова дұрыс айтқан ғой? – деді студенттердің бірі. 
– Иә, – деді Асекең, – Сальвадор Далидің «Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмайсыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызығатындай ештеңе жоқ» («Не бойтесь совершенства. Вам его не достичь. Тем более, что в совершенстве нет ничего хорошего») деген сөзі бар ғой. Ахматованың айтып отырғаны – осы.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.