26-12-18 |
10770 рет қаралған
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр.
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған. 
– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.
Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді. 
– Бұл өлген адамдардың бейнесі.
Отырғандар ду күлді. 
– Қалай?
– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ, Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.
– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған балалардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.
– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. – Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали, өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой. 
Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан. 
– Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар… 
***
– Абайды оқу бар да, Абаймен кездесу бар, – деген еді Асекең тағы бірде, – Көп адам Абайды оқыдық, білеміз деп ойлайды, Алайда, Абаймен кездескен адам кемде кем. Өте аз. 
– Ал мен ол шалмен күнде кездесемін, – деді көзімдегі үнсіз сұраққа жауап беріп. – Күнде кездесеміз, күнде дауласамыз. Дауласпаған күніміз болған емес. 
Асекең күлді. 
– Кейде жанжалдасып, төбелесіп те аламыз. Рабиндранат Тагордың айтқаны бар ғой: «Жаратқан Ие, мені асау кезімде құрметтеуші еді, ал аяғына жығылғанымда үстімнен аттап кете барды» («Всевышний, уважал меня, покуда бунтовать я мог, когда ж я пал к его ногам, он мною пренебрег») деп. Абай да осындай, құлша бас игенді, табынғанды жек көреді. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» демей ме, бір сөзінде. 
– Тізерлеп тұрмайынша бұлақтан су іше алмайтының сияқты, Абайдың алдында да бас ию керек, – деді содан соң сөзін үстеп, – Бірақ, бас июдің, яки тізерлеп тұрудың да жөні бар. Мынау Ресейдегі дворян заманында ақсүйектердің ақтас сарайларында дворецкий дегендер болған. Сол әулеттің бүкіл үй жайын, шаруашылығын басқарып отырады. Батыс Еуропада олар әлі бар. Ағылшын, француздар оларды «мажордом» деп атайды. Олардың жүріс-тұрысы мен әдебі – биік мәдениеттің көрінісі. Сол мажордомның бас игенін көріп қайран қалдым. Осынша тәккапар иілуге болады екен. Құлдар сияқты белінен екі бүктетіліп емес – желке түсынан. Тәккапар иілген басқа қарап тұрып, мажордомның абыройы мен беделі қожайыннан артық болмаса, кем емес екенін байқайсың. Міне, қазақтар да осылай иіліп үйрену керек. Хас өнердің алдында бас ию – қорлық емес, қайта өзіңе бедел, өзіңе абырой… 
… Бірде өнердің тіліне қатысты бір әңгіме басталды. 
– Қазіргі бейнелеудің тілі ескірген, – деді Асекең. – Талант пенен уақыт бір-бірімен матаса байланысқан. Үш түрлі талант болады. Біріншісі – өз заманынан озып туған талант. Бұлар әдетте – генийлер. Мәдениеттің, өз заманы үшін түсініксіз құбылыстарын осылар тудырады. Көп жағдайда, парадоксальдық идеялар осы генийлердің үлесі. Уақыт өтеді, қоғам есейеді, парадокстар әдепкі нәрсеге айналып, мәдениеттің еншісі болып кетеді. Ал екінші талант – өз заманын тауып, өз орнына қона салған талант. Мұндай талант иелері – ең бақыттылар. Себебі, уақыт, қоғам, әлеуметтің мәдени өресі – бәрі осылар үшін жаратылғандай. Бірді-екілі шетін мысал болмаса, бұлар мұратына жеткен таланттар.  Таланттың үшінші түрі – өз заманын тауып келе алмаған талант. Өзінің дәуірі өтіп кеткеннен кейін, өзіне арналған той-думан аяқталғаннан кейін келген талант. Бөтен ғасырда жүрген бөгде талант. Бұндай талант иелері – ең бақытсыздар. Яғни, өз уақытынан озып туған және өз уақытынан кешігіп туған талант – екеуі де бақытсыз. Ал өз заманын жаңылмай тауып келген талант – бақытты. 
Асекеңнің сөзінің аржағынан аяусыз ауыр үкімнің нобайы шалынды. Солай болды да.  
– Кеңес әдебиеті өзінің таланты мен кісілігі тұрғысынан алғанда осы үшінші топқа жатады, – деді Асекең жайбарақат, – Біз ең артта қалған қоғамбыз, бірақ, айтысымызға қарағанда әлемдегі ең озық, ең өскелең қоғам екенбіз. Және бұл комедияға барлығымызды қатыстырып қойып отыр. 
Асекең аз үнсіз отырып сөзін сабақтады. 
– Біздің әдебиет жаңа заманға бір жарым ғасырлық кешеуілмен кірді. Содан соң Кеңес заманында тағы жетпіс жылдық тежеуіл. Жинақтап келгенде біз батыстан екі ғасырдан астам уақыт қалып келеміз. 
– Стиль мен шеберлікті айтып отырсыз ба? – деп сұрадым. 
– Жоқ, – деді Асекең, – Стиль мен шеберлікті үйреніп, меңгеруге болады. Менің айтып отырғаным – сана. Бір ғұламаның айтқаны бар: «Сананы үйрену мүмкін емес» («Сознанию нельзя научиться») деп. Адам жүре ақылды болмайды, ол туғанда адамға тән ақылмен туады. Сол ақылы жүре кемелденеді. Ал, ақылың болмаса – неменең кемелденеді? 
– Сен дұрыс түсін, мен бәрін жоққа шығарып мансұқтап отырғам жоқ, – деді содан соң мені жұбатып, – Бірақ, қазіргі қазақ романының формасы, ол батыстан олжаға келген форма. Өз табиғатымыздан өсіп шықпаған. Ұлттық роман ондай болмауы керек еді. 
– Ал, сол ұлттық роман бола қалса, қандай болуы керек еді? – деп сұрадым. 
– Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығуы керек еді, –  деді Асекең, – Мен соңғы ғасырда соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың барлығын дерлік оқып шықтым. Осы шығармалардың барлығында соғыстың санасы өте төмен. Әйтеуір бір бітпейтін қырғынның хикаясы. 
Асекең бөлмені ары бір-бері бір кезіп өтті. 
– Өкінішке орай біз дамудың мүлдем басқа бір жолына түстік, – деді содан соң төмен қараған күйі – Қазақ кейін, сол тумай қалған қоғам мен дүниеге жаратылмаған күйінде кеткен әдебиетті талай ғасыр жоқтайды. 
– Осы айтқандарыңызды неге қағазға түсірмейсіз? – дедім мен. 
– Оның не керегі бар? – деді Асекең, – Мен саған былай дейін, осы дүниенің әр түкпірінде әр сәтте мыңдаған, тіпті, миллиондаған адам болуы мүмкін – адал, пайдалы іс тындырып жатыр. Соның арқасында ғана мына дүние төңкеріліп кетпей аман тұр. Басыма келген ойды дереу қағазға түсіру міндетім емес деп ойлаймын. Рас па, өтірік пе, мынадай бір хикая естігенім бар. Гоголь бірде орыс пірадарлығының орталығы Оптина Пустынь деген жерге барады. Сол жерде қолына бір қолжазба ілінеді. Монахтардың біреуі оның «Өлі жандар» романын талдаған екен. Гогольге бұл талдау өз романы туралы жазылған сын-мақалалардың ішіндегі ең озығы болып көрінеді. Монахтан мақаланы не себепті жарияламағанын сұрайды. Сонда монах, «Оның не керегі бар, бұл мақаланың жазылғандығының өзі жеткілікті емес пе» деп жауап беріпті. Ой ешкімдікі емес. Ойға таласу, әдебиеттегі орынға таласу, мен үшін түсініксіз нәрселер. Ешқашанда түсінбейтін шығармын. 
Асекең жадырай күлді. 
– Өткенде Мәскеуге барғанда ЦДЛ-де отырып, естіген анекдотым. Ақындарды әскерге алыпты. Барлығын сапқа тұрғызып «На первый, второй рассчитайсь!» («Бірінші мен екіншіге жіктеліңдер!»)  дейді. Сөйтсе, барлығы да, кезегі келгенде «Первый!» деп айтатын көрінеді. Офицер түк түсінбей аңтарылып қалады. Сонда саптың басында тұрған ақын «Сіз білмейді екенсіз ғой, бізде барлығы да – бірінші ақындар» деп түсіндіріпті. Әдебиеттегі біріншілікке таласу – примитив. Егерде ақын я прозашы, шын ақын немесе шын прозашы болса, оның біріншілігін ешкім де тартып ала алмайды. Әркім өз орнында тұрып – бірінші. Әдебиет пен өнер, абырой жарыстыратын жер емес. 
Асқар Сүлейменов қалыптастырған ортаның бізге ерекше ұнайтын мінезі бар еді. Олар жастарға ерекше ықылас-пейілді болатын.   Қашан болсын, әсіресе өнер қуған жастармен риясыз әңгіме дайын тұратын. 
– Сендер өскелеңсіңдер, – деүші еді Асекең. – Сендердің замандарың озық. 
Бірде Төлеген ағаның үйінде таңға созылған отырыс болды. Төлеген ағаның анасы, күйші Сүгірдің жақын қарындасы болып келетінін білетінбіз. Ал, ол кейуананың Асекеңмен сыйластығы жеке әңгіме. Табалдырықтан аттағанда алдында кім тұрса да айналып өтіп, ең әуелі сол кісіге барып сәлем беруші еді Асекең. Артынан барып басқа адамдармен амандасып, хал-жай сұрасушы еді. Ежелден қалыптасқан салт, Асекеңнің бұл мінезін ешкім сөкет көрмейтін. Сол күні әжейді қоярда қоймай жастармен бір дастарханға отырғызған Асекең. 
– Ханым ием, моя царица, – деп әжейдің қолынан сүйгенде,  Бәтима апай мен Төлеген аға, екеуінің көзінде де қаймыжық жас, бір-біріне жалт-жалт етіп қараған. 
Сол кеште Асекең сұрап отырып әжейге көп әңгіме айтқызды. 
– Ханым ием, – деді соңында, – Сүкеңнің елге ішекпен салық салғанын айтыңызшы. 
– Ағамыздың мінезі қиындау еді, – деді әжей. – Қой, ешкі сойған үй ащы ішегін иіріп әкеп береді. Өзінің бір құралы болды. Сол құралдың көзінен өтпеген ішекті қайтадан ызып алып кел деп қайтарып жіберетін. Ішекті шақ келтірмеуші еді, жарықтық. Бір таққаны бір аптаға жетпей түтіліп қалатын. 
– Сүгір атамыздың домбыра тартқанын талай тыңдаған шығарсыз, – деді балалардың бірі, – Қалай еді? 
– Е, тыңдадық қой, – деді әжей, – Несін айтайын, одан кейін домбыраны ондай шалған адам баласын көрген жоқпын. 
Аздан соң әжей шаршап, Бәтима апай өз бөлмесіне апарып жатқызып келді. Өзіміз ғана қалдық. Әңгіме өрістей келе әдеби тақырыпқа қайтып келген. 
– Осы мен сізден мына бір нәрсені көптен бері сұрайын деп жүр едім, – деді балалардың бірі Асекеңе қарап. – Менің ойымша деспотизм, тирания мен биік әдебиеттің, биік өнердің арасында түсініксіз бір байланыс бар сияқты. Сіздің ойыңызша қалай? 
Асекең бұл жолы ұзақ үнсіз қалды. Содан соң әдетінше шылымын тұтатып, асықпай сөйлеп кеткен. 
– Егерде тиранияның биік өнерді тудыруы – заңдылық болса, онда ешқандай проблема жоқ. Қоғамды үнемі тепкіде ұстап отырсаңыз болды, өнер өз өзінен дамып отырады. Бірақ, шындығында олай емес. 
– Екеуінің арасында байланыс бар, – деді сұрақ иесі жеңілмей, – Бұл заңдылық, бұл факт. 
– Сондай-ақ, ешқандай  өнер тудырмай бедеу өткен тиранияның замандары болған, – деді Асекең жымиып. – Ешқандай тирания жоқ кезде де басынан алтын ғасырды кешкен өнер түрлері болған. Өнер тарихын зерттесеңіз болды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.