Соңғы сөз барлығымызға арналған сауал еді. Жұрт үнсіз қалды. Осы сәт мен Асекеңе қарап қайран қалдым. Бұған дейін де, бұдан кейін де мен оның осындай ойлы, түсінің осындай суық болғанын көрген емеспін.
– Егер сендер, мына айтып отырғандарың жай әңгіме емес, шын ақиқат жолына түскен адам болсаңдар, онда мына нәрсені ойларыңа мықтап түйіп қойыңдар, – деді Асекең әдетінше баяу дауыстап, – Қандай өнер болса да, хас өнердің қайсысы болса да бостандықтан, еркіндіктен жаратылады. Мен бұл жерде патшаның құлға «сыйлайтын» еркіндігін айтып отырғам жоқ. Мен, ешкімнің рахымы мен рұқсатын қажет етпейтін шын бостандықты айтып отырмын. Құлды азат ете алмайсың, себебі оның нәсілі құл. Ал шын еркін, шын азат адам абақтыда отырып та еркін, азат. Сондықтан, ешқандай тирания өнердің құнары бола алмайды, өнердің алғышарты бола алмайды.
– Әлбетте, өнер, күрес барысында жетілуі мүмкін, – деді содан соң Асекең сәл жұмсарып, – Бірақ қайталап айтайын, шын өнердің нәсілі – бостандық. Одан ары барып айтсам, шын өнер – ол іске асқан бостандық, мына дүниеге аян болған бостандық.
– Бейнелеудің тілі ескірді дегенде сіз не айтқыңыз келді? – деп сұрады жастардың бірі.
– Сол бейнелеудің тілінің ескіргенін айтқым келіп еді, – деді Асекең.
Жұрт күлді.
– Тіл инфляцияға ұшыраған, – деді Асекең де жымиып, – Батыста «предательство на вербальном уровне», «предательство слова» деген ұғым бар. Көп адам мұны байқамайды. Біздің әдеби тіл деп жүргеніміз, «көркемдіктің» тонын жамылған кеңсенің тілі.
Асекең кейде бетің бар, жүзің бар демей қатты айтатын әдеті бар еді. Бұл жолы да еркінен тыс сол әдетіне басты.
– Өзіне ынтызар болып, жалындап, өртеніп тұрған бозбаланы кеудесінен итеріп тастап, әлдебір былапыт шалмен көңілдес болған қыз қандай жиіркенішті болса, біздің бүгінгі бейнелеудің тілі де сондай жиіркенішті. Өнер идеологияға қызмет қылды. Білем, түсінем. Бірақ түсіну – кешіру деген сөз емес. Патшалар сызып берген шеңбердің ішінде отырып та ар мен ұятты, жауапкершілікті сақтауға болар еді.
– Сіз айтып отырған тіл қандай болар еді сонда? – деп сұрады отырғандардың бірі.
– Тымқұрмаса интеллектуалдық провокация болу керек, – деді Асекең. – Адамға ойлануды үйрететіндей болу керек. Осылайша біртіндеп адамның жүйкесі тіріледі, сыртқы дүние құбылыстарына тіл қатып үйренеді. Ал оқырман кітапты оқып болғанда, сол оқығанға дейінгі деңгейде қалса, онда ол ешқандай да тіл, ешқандайда да шығарма емес. Ештеңе болған жоқ. Адам отырды, оқыды, орнынан тұрды. Болды…
… Кейіннен оңаша әңгімеде Асекең аталған тақырыпты қайта қозғаған.
– Ұмытпасам Мандельштамда ғой деймін, «истерическое жизнелюбие», «истерическая любовь к социалистическому отечеству» деген анықтамалар бар. Қазақшаға аударсаңыз «өмірге деген қояншық құштарлық», «социалистік отанға деген, қояншықтың ұстамасы сияқты құштарлық» болып шығады. Әдебиетке, жалпы өнерге «өмірді сүйіңдер, отанды сүйіңдер» деген нұсқау жоғарыдан түсірілген. Террордан, репресиядан әбден есеңгіреген өнер нені болса да сүюге дайын. Биттей қайғы мен қамрық, жылт еткен күмән дереу жазаланады. Көп оқырман ненің не екенін білмейді. Ал, осы, системаға деген асық сезім, ұшы-қиыры жоқ махаббатты зерделеп қарасаңыз бәрінің де өтірік екенін көресіз. Бұның бәрі үрейден туған қиғылық, истерика. Махаббат, бола қалғанның өзінде мұндай тілде сөйлемейді. Мысалға, Бодлер француз поэзиясына, өштіктің тілінде сөйлеп отырып махаббат жайлы айтуды үйретті.
Асекең қорқорын тұтатып ұзақ ойға батты.
– Өмірді шын сүйген адам онымен қоштаса да біледі, – деді, содан соң ұйқыдан шошып оянғандай селт етіп, – Батыс әдебиеттануында «некрореализм» деген ұғым бар. Осы Бодлер сияқты ақындардың поэзиясының негізінде қалыптасқан болуы керек. Кейіннен орыстың бардтары бұны сайқымазаққа айналдырып жіберген. Ал, мен бұл терминді кеңірек түсінемін. Өлімнің алды, яғни өмір, содан соң өлімнің өзі, содан соң өлімнің арты. Міне, осының бәрін некрореализм деп қараңыз. Қазақ «Бұрынғылардан қалған бұл жалған дүние бізден де қалады» дейді. Не деген данышпандық! «Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін кетіспейік, азғантай өмірді мәнді қылып сыйласып өткізейік» дейді. Недеген ұлылық! Некрореализм дегеніңіз осы. Бұл үрей емес, өлімнен қорқу емес – жазмыштың заңына бас ию. Содан соң өздерінен кейін бұл дүниеге келетін сансыз ұрпақтар мен нәсілдерге бата беріп кету.
– Аға, үрейден туған «қиғылық махаббаттың» тоқтайтын уақыты болды емес пе? – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді Асекең, – Ұзаққа созылған истерика, қиғылық – дәстүрге айналып кетеді. Осылай жазу – дағдыға айналып кетеді, стиль болып қалыптасады. Ең қорқыныштысы келер ұрпақ өнер мен әдебиетті осы екен деп түсінеді…
… – Аға, «Абайдан ештеңе үйрену мүмкін емес» деген сөзіңізді түсінбедім, – дедім бірде.
Асекең сәл үнсіз отырып былай деді:
– Техника – түптеп келгенде суреткердің тұлғасы. Міне, сондықтан Абай өзінің тұлғасын ешкімге үйрете алмайды, ал шәкірт ол тұлғаны ала алмайды.
– Осындайда Абайдың өзіне тең суреткер-сыншы көмекке келе алар еді, – деді, содан соң сөзін үстеп, – Бірақ, ол – нонсенс. Мынау Ходасевичтің әйелі Нина Берберова деген болған. Тамаша жазушы. Соның айтқаны бар: «Бәрін оқи беру шарт емес. Барлық нәрсе жайында пікірің болуы шарт емес. Кейбір нәрселерді білмеудің ешқандай ұяты жоқ» деп. Таңғажайып пікір. Өтірік «білемнен», адал «білмеймін» артық. Ешкім де сыншыны он сегіз мың ғаламның тілін білсін деп міндеттеген жоқ. Ал бізде қазір өтірік «білем» қаптап кеткен. Осы өтірік «білем» әдебиеттің, жалпы өнердің трагедиясына айналып отыр. Қазір шеберлік туралы жазу мода болып кетті. Бір шығарманы талдағанда «өте шебер жазылған», немесе одан да сорақы «өте шебер орындалған» деген сөздерді пайдаланады. Шеберлік өз бетінше бөлек тұрған абстракция емес. Шеберлік, ол нақты бір нәрсеге қатысы бар нәрсе. Шығарманың өзін оқып түсіне алмаған сыншы оның «шебер жазылғанын» қайдан біледі? Бір ғұламаның айтқаны бар: «Әрбір жаңа ұлы шығарма, қашан болсын, бейтаныс, бөтен тілде жазылады. Сыншының мақсаты сол шығарманы аудару» деп. «Аудару», бұл бір тілден екінші бір тілге аудару емес, «түсіндіру» деген мағынада айтылған. Демек, сыншының міндеті екі есе ауыр, себебі, жазушы тылсымнан нобайын шалған елесті біздің дүниенің тіліне аударса, сыншы сол «аударманы» екінші қайтара «аударып», интерпретация жасап, оқырманның ұғымына жақындатады. Жазушыдан гөрі сыншының сауатсыз болғаны қатерлі. Бір ғұламаның айтқаны бар, «Кез-келген ақымақ сын айта алады, солардың көбі сыншылықпен айналысып та жүр» («Критиковать может любой дурак, и многие из них именно этим и занимаются») деп.
– Сыншының жазушыда немесе ақында, олардың жеке басында шаруасы болмауы керек, – деді Асекең тағыда, – Сыншылық – ең әуелі жауапкершілік. Қандай шығарманы болсын талдауға кіріскенде сыншы жауапкершілікті болуы керек. Қазақтың сыны, ол, шығарманы оқымай жатып қалыптастырған алдынала пікір, сыншының авторға деген пиғылы тағы қаншама қиястық. Осының бәрін, шашылып қалмайтындай етіп талғаммен, дәлірек айтқанда талғамсымақпен желімдеп ілдебайлап қойған. Өтіріктің формалары көп. Егерде сіз бір жақсы шығарма жайында пікір айтпай тыныш отырсаңыз, ол сіздің әдеби процестен тыс екендігіңіз емес. Сіз өтірік айтсаңыз да, айтпасаңыз да – бәрібір процесте, ағымда отырсыз. Нашар шығарманы сынамауыңыз бен жақсы шығарма жайында үнсіз қалуыңыз – екеуі бір-ақ нәрсе. Сіз өтірік айтып отырсыз. Үнсіз отырсаңыз да қоғамдық қиянатқа үлес қосып, оны көбейтіп отырсыз. Егерде сіз шын әдебиетші, шын сыншы болсаңыз бұл өтірікке қатыспауыңыз керек. Ақиқатқа ғана қатысыңыз.
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024