Жазу барысында кеткен халтура, осал соққан жерің, тағы басқа кемшіліктерді романның көлемі көтеріп алады. Романның кемшіліктері кейде оның жетістігіне айналып кетуі мүмкін. Ондай үлкен көлемде не болмайды дейсің. Ал әңгіменің шеберлігі мүлдем басқа материя. Әңгіме өлең сияқты. Әңгімеде жазушы, лирикалық өлең жазған ақын сияқты, алақандағыдай барлық жағынан көрініп тұрады. Әңгіме жазушыны әдеби тәртіпке үйретеді, аз сөйлеп, көп мағына беруді, сөзді үнемдеп жұмсауды үйретеді. Ешкім де романист болып тумайды. Әлемдегі ұлы жазушылардың барлығы дерлік әңгіменің тағлымынан өткен.
– Ал, осы жанрдың өзіне ғана тән, туабітті, немесе қазіргі тілмен айтқанда антологиялық кемшілігі бар, – деді Асекең әдетінше кеңейе сөйлеп, – Бұл романға ғана емес, жалпы прозаға ғана емес, тұтастай алғанда әдебиеттің кемшілігі. Ол кемшілік, әдебиеттің уақыт барысында өрістейтіндігінде. Бұл кемшіліктен әдебиет ешқашанда арыла алмайды. Әрине, әдебиет, даму барысында нешетүрлі, уақыттан аттап кетудің амалдарын, нешетүрлі трюктер ойлап шығарған. Бірақ, бәрібір, оның барлығы трюк болып қалды.
– Лирикалық өлең лап ете қалған, жалт ете қалған сезім ғой, – деді балалардың бірі, – Оған не уақыт керек?
– Өлеңге уақыт керегі жоқ деп кім айтты? – деді Асекең. – Қандай жылт еткен сезім болса да, оны айтып, жазып беру керек. Ал оны оқып түсіну үшін уақыт керек. «Лирикада уақыт жоғалады, тығыздалады» дегеннің барлығы миф.
– Психоанализ бүгінгі әдебиетті тым ауырлатып жіберген, – деді Асекең, сөзін сабақтап – Психоанализ әдебиетке емес, әдебиет психоанализге қызмет ете бастаған сияқты. Кейде әдебиет философия болғысы, кейде таза ғылым болғысы келетін сияқты. Сондай әсер қалдырады. Әдебиет скепсистен бұзылған. Ойымша әдебиет әлсін-әлсін байырғы, мөлдір көне бастауларға қайтып барып отыруы керек. Адасқанда, шаршағанда. Осы жеткен тәжірибемен, біліммен сол мәжүси заманға барып, түлеп қайтып отыруы керек. Иоганн Себастьян Бахтың «Хорошо темперированный клавир» деген ұлы оқулығы бар. Кез-келген композитор, әсіресе батыс композиторлары, өздерінің методына күмән туғанда сол мөлдір бұлақ іспетті оқулыққа жүгінеді. Әдебиет те солай болуы керек деп ойлаймын.
Балалардың әңгіме ауанынан айрыла бастағанын сезген Асекең аз үнсіз қалды. Содан соң жөткірініп алып, бәрін басынан бастады.
– Библияда Құдай айтқан ғой: «Бір-біріңді мен арқылы сүйіңдер, бірін-бірі сүйген екі жүректің арасында үнемі мен тұрайын» деп. Құдайдың куәлігінен артық не бар? Арабта Имрул Қайыс деген ұлы ақын болған. Қазақта көп жырланған «Ләйлі-Мәжнүн» сол Қайыстың поэмасы. Қазіргі скепсис тұрғысынан алғанда адамның махаббаттан мәжнүн болып қалуы ақылға симайтын нәрсе. Бірақ, «Ләйлі» есімі, зерттеушілердің айтысына қарағанда «Алла» сөзінің фонетикалық варианты екен. Қалай болғанда да бұл махаббат Жаратқан Иенің көлеңкесінде, соның куәлігінде. Батыс Еуропаның ақындарын таңқалдырған осы жәйт. Кейіннен пайда болған Беатриченің бейнесінде осы «Ләйлі-Мәжнүннің» әсері бар. «Махаббат – өштік», бұл да кейінгі адамзаттың ойлап шығарғаны. Шын махаббат амбивалентті нәрсе емес. Мынау Үндінің философиясында «адвайта» деген ұғым бар. Орысша «недвойственность», бізше «екіге бөлінбеген бір негізділік». Қайыстың поэмасы осы «бірнегізділік», қандай тағдыр кешсе де алғашқы асқақ, киелі күйінде қалатын махаббат жайында.
Әлденеше кітапқа жүк болатын теориялық толғамдарды осындай қысқа да нұсқа қылып айтып беретін де әдеті болушы еді Асекеңнің…
… Неше жыл жанында жүргенде байқағаным, Асекең «алпысыншы жылғылар» тақырыбын қозғағанды ұнатпайтын. Бұл, Асекең үшін ең қытықшыл мәселе еді. Қашан болсын, амалын тауып сол тақырыптардағы әңгімелерді тоқтатып тастайтын. Көпке дейін Асекеңнің бұл мінезін түсіне алмай жүрдім. Күндердің күнінде түсінудің де реті келді. Бірде, «Қазақфильм» төңірегінде жүрген, өздерінің айтысында «киноматографиялық бомонд» – бірнеше әйел мен еркек, дастархан басында тағы да аталған тақырыпты қозғаған.
– Осы әңгімені қойыңдаршы, – деді Асекең.
– Айтсын, – деді Зейнолла аға. – Аузына қақпақ болма.
– Қойшы, Зейнолла, – деді Асекең, – Кімнен қай жеріміз артық еді, қойыңдаршы.
– Перестань, Аскар, – деді әйелдердің бірі, – Болған нәрсе болды.
– Иә, болды, – деді Асекең. – Бірақ сол алпысыншы жылдары сонша не болыпты?
– Сені айтса да жеткілікті, Олжасты айтса да жеткілікті, – деді әйел, – Бір ұрпақ үшін екі Сүлейменов жетіп артылады.
– Біз алпысыншы жылғы емеспіз, – деді Асекең, – біз жетпісінші жылы да сондай болдық. Сексенінші жылы да сондай болып отырмыз.
Әңгіме осымен аяқталды. Кейінірек сұрағанымда Асекең амалсыз айтуға мәжбүр болды.
– Қытайдағы «Мәдени революция» дегенді естіген шығарсың. Қанша адам жазықсыз, жаламен кеткен. Ізім-қайым жоғалған. Содан соң бұл Батыста өзінің жалғасын тапқан.
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024