Психоделикалық тәжірибелер, «Битлз» дегендердің барлығы сол кезде пайда болған. «Қоғамды жаңғырту», «Қоғамды жаңарту, тазарту» деп аталатын бүкіләлемдік комедияның дүмпуі бізге де жетті. Сонымен бізде де «алпысыншы жылғылар» пайда болды. Әрине, тиісті органдардың қадағалауымен, басқаруымен. Диссиденттік қозғалыс дегенді естуің бар шығар? Әлбетте, барлық кеңес халықтары қайтадан жаппай тексерілді. Біздің қазақ қоғамы енді ғана ес жиып келе жатқанда қайтадан цензура күшейтілді, езгінің жаңа түрлері ойлап шығарылды. Мәскеуден оқып келген қыз-жігіттердің осындай бір жаман әдеті бар. Бірдеңені тындырып тастағандай «Біз, алпысыншы жылғылар» деп бастағанда орнымнан тұрып кетіп қалғым келеді…
… Асекең біраз уақыт М.Әуезов атындағы Қазақтың бас театрында әдебиет бөлімінің басқарушысы болып қызмет етті. Ол кезде бәрі орысша, сол себепті бұл қызмет қысқаша «завлит» деп аталатын. Бұл бір қызық қызмет еді. Қолмен қойғандай қылып міндеттері айқындалып бекітілмеген, бірақ, репертуар таңдаудан бастап премьераға дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық жұмыс осы завлиттердің мойнында болушы еді. Пьесаны құтқару үшін цензурамен кескілесетін де, бірінші қойылымның алдында, соңғы репетиция кезінде спектальді қабылдап алатын мемлекет комиссиясы да осы завлит. Бірақ, театралдық програмкада аты да аталмайды, сәтті премьерадан соңғы овация мен абырой бас режиссерге бұйырады. Завлит деген көрінбейтін майданның жауынгері еді. (Менің ойымша өнер институттары осы жайында қатты ойлануы керек. Театр бөлімдерінде жалпы театртануды ғана оқытпай, студенттерді мамандану үшін театрларға бекітіп, күнделікті театралдық процеске қатыстырып отыру керек).
Асекең бірде былай деп еді:
– «Ресейде ақын әдепкі ақыннан биік» («Поэт в России больше, чем поэт») деп бір ақынның айтқаны сияқты, біздің қоғам үшін «Театр – әдепкі театрдан биік» дер едім.
Кейбір сөздерді, ұғымдарды орысша аудармасын айтып, күшейтіп қоятын әдетімен, – В нашем обществе театр больше чем театр, – деп қосып қойды. – Ол аз десеңіз айтайын, театр университеттен де биік болуы керек. Театр ұлттың ұйысатын, жиналып пікір алмасатын, өмір туралы толғанатын жері. Театр, кино өнеріне қарағанда алымды, жіті, сергек, оперативті. Кино бірнеше жыл барысында түсіріледі. Жақсы театр қоғамдық үлкен проблеманы бір-ақ айда сахнаға шығара алады.
Осы завлит болып жүргенде басынан өткен бір оқиғаны айтып берген еді.
– Күздің кезі. Театрларда жаңа маусым басталған. Барлығымызды Мәскеуге жинады. Идеологияның қызметкерлері ұзақ-ұзақ нұсқаулар беріп, жиын екінші күні түстен кейін әзер аяқталды. Артынан үлкен дастархан болды. Олег Ефремов масаңдау екен, мені былайырақ шығарып алып, әңгімелесті. Сонда «Білесің бе, Асқар, театрда жақсы буфет болуы керек. Бағанағы анау кәрі данышпандардың айтқанының барлығы былшыл. Театрдың деңгейін көтеру үшін өйту керек, бүйту керек деп жатыр. Бәрі бос сөз. Саған профессионал ретінде айтайын, спектакль нашар болса, үзілісте жұрт буфетке кетіп қалады. Келесі актке көрермен мүлдем басқа болып келеді. Келмей де қалуы мүмкін. Сахнадан айтылған ойдан мықты ойлар, сахнадағы диалогтардан мықты диалогтар буфетте айтылады. Ал режиссер бұны біледі. Театралдық мақал бар ғой «Режиссер мен буфет бір-бірімен антагонист» («Режиссер и буфет – антагонисты») деген. Ақыл білсеңдер осылай істеңдер» деді. Әрине, қалжың ғой, бірақ түп негізінде шын театралдық проблема жатыр. Қайтып келгеннен кейін Ғабеңе сөз арасында осыны айтып едім, ол кісі күліп, «Бұл тамаша идея екен» деді. Осы кездері мен Д.Пристлидің шығармашылығы қатты қызықтырды. Оның орыс театры қойған «Қатерлі бұрылыстар» («Опасные повороты») телеспектаклі жаңа ғана дүркіреп өткен. Оқысаң білетін шығарсың, бүкіл оқиға – кеңейтілген бір акт қана. Әрине бір актылы пьеса көрерменді шығармай қамап қою деген сөз емес. Бұл жерде көрерменді жібермей ұстап тұратын нәрсе – драмадағы саспенс. Мен бұл жерде шеберлік мәселесін айтып отырмын. Көп көріністі спектальдер театр үшін ауыр салмақ. Мысалы, Францияда Планшон деген режиссер айналмалы, көп бөлмелі сахнаны уағыздаған. Бұл киномонтажбен бәсекеден туған нәрсе. Әрине, қандай амал қылсаң да киномонтажға жете алмайсың. Ал, Пристлидің драмасы алымдылығымен, «оқиғаның және уақыттың бірлігімен» қызықтырды. Біздің драматургтерге осыны айтып көрдім. Әрине, бұл кезде қазақ драматургтері «оқиғаның» мәселесін шешіп қойған. Ұғындыра алмадым. Үлкен қаламгерлердің өздері «Пристлидің драмасы қазіргі Англияны көрсетеді. Ал бізде қала өмірі әлі кемелденбеген. Жоқ проблеманы біз қайдан аламыз» деп дау айтты. Проблема ешқашан дайын күйінде тұрмайды. Проблеманы ойлап шығаратын – драматург. Ұғыныса алмадық…
– «Қыз Жібек» фильміне бастан-аяқ қатысыпсыз ғой, – деп сұрадым бірде.
Асекең өткен күндерді есіне түсіріп, аз-маз үнсіз отырып қалды.
– Иә, – деді содан соң, – Қатыстық қой. Сценарий Ғабит Мүсіреповтің пьесасы бойынша жасалған. Көркемдік кеңесте «Эпос бойынша түсірсек қайтеді?» дедім. Елдің барлығы ат-тонын ала қашты. Неден қорқасыздар дедім. Орыстар «Гамлетті» түсірді ғой. Ештеңесін өзгертпей. Ол классика ғой деді отырғандар. «Қыз Жібек»те біздің классикамыз дедім. Автор эпостан махаббат линиясын алған да содан драма жасаған. Талай сахнаның апробациясынан өткен спектакль, артық проблема тудырып қайтеміз деді отырғандардың бірі. Жұрт пәленбай рет көрген спектакльді мейлі құбылтып, дамытып болсын, экранға шығарғанда не табамыз дедім. Онда левират, әменгерлік идеясы бар, ол артта қалған заманның белгісі деді отырғандар. Қыз Жібек Төлегеннің қалындығы ғана емес. Ол ең әүелі жағалбайлыға келін болып келген ару, жаңа ұрықтың басы, ел анасы. Түбімізді қуаласақ әмеңгерден тумаған, әмеңгерден әйел алмаған қазақ жоқ. Бұл артта қалғандық емес, үздіксіз соғыста қалыптасқан, өлген азаматтың жесірі ініге мұра екенін көрсететін таңғажайып озық салт дедім. Ешкім үндей алмай қалды. Ғабең күлді. Бірақ, кешке қарай маған телефон шалды. Әлі есімнен кетпейді. Пікірлеріме рахметін айтып келіп, соңында «Аскар, мы подневольный народ» («Асқар, біз езгіде отырған халықпыз») деді. Біз дүниеге келмей тұрғанда болған зілзала заманнан тағыда қаншама жүрек елжіретерлік әңгімелер айтқан. Сол күні мен көп нәрсені түсіндім. 37-ші жылғы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан, ұлттық әдебиеттің ірге тасын қалап, шаңырағын көтерген, осы ат төбеліндей аз қарияларға мен басқаша қарайтын болдым. Солардың қалтақтап тірі жүргеніне шүкіршілік айтатын болдым. Сендер, жас әдебиетшілер, сендер де сондай болыңдар. Жүректерің ақылдан озып отырсын. Білесің бе, ескі заманда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын салт болыпты. Бұлар да сондай, қылышынан қан тамған системаның алдына тізерлеп тұрып, қазаққа тыныштық алып берген ұрпақ. Сондықтан, құрметке лайық. «Бізде неге анау жоқ, неге мынау жоқ», бұл аталған адамдарға айтылатын сын емес. Бұл, жылымықтан кейін, 60-70-ші жылдары әдебиетке келген мына бізге айтылуға тиіс сын. Қандай сын айтсаңдар да көтеріп аламыз.
Кеудесі алтын сандық жақсымен өткізген бір күнің – бір жылға татиды. Өзіме тиесілі уақыттан артық тағы бір жыл ғұмыр кешкен, мен, түнгі Алматының ғажайып көркін тамашалап, жүрегім қуанышқа толып келе жаттым…
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024