80-ші жылдардың аяғы еді. Алматының көңілсіз көктемі. Қар бір жауып, бір еріп, жер-дүние шылқып, ылжырап жатыр. Осы күндері консерваторияға Асекең және менің Ерік (Көкеев) досым қатар келе қалған. Екеуі амандық-саулық сұрасып, жақсылап әңгімелесіп шер тарқатысқан. Сонымен кешқұрым болып, менің жұмысым аяқталып далаға шықтық та Үкімет үйінің жанындағы саябақта біраз қыдырдық.
– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мына жерде менің бір суретші досым бар еді, – деді Асекең, – Жүріңдер, соған кіріп шығайық.
Үшеуміз Панфилов көшесімен төмен түсіп Суретшілер Одағының шеберханасына келдік. Келген адамымыз әйгілі суретші Салахиддин Айтбаев еді. Екі бөлмелі шеберхананың әр жерінде шашылып жатқан мольберт, рамаларға жарым-жартылай керілген кенеп, шағын үстелдің үстінде шала-пұла желінген тамақ, жартылай ішілген арақ – суретшінің типтік мекен-жайы. Орта бойлы, нығыз денелі, шашын қырау шала бастаған қызылсары өңді адам Асекеңмен құшақтасып амандасты.
– Какими судьбами? – деді жымиып, – Көріспегелі көп болды ғой.
Екеуі көр жерді әңгіме қылып аз отырды.
– Ал, нең бар, көрсет, – деді содан соң Асекең.
Салахиддин шүберекке орап қабырғаға сүйеп қойған суреттердің біреуін алып, орауын жазып, қабырғаға, кеуде тұсқа келетіндей етіп ілді.
– Міне, мынау, – деді Асекеңе қарап.
Суреттің орта тұсында мазар тұр. Сол жақ бұрышта бір адам шарта жүгіне отырған. Қолында домбыра. Аулақта тұсаулы ат жүр.
– Аты не? – деді Асекең.
– Ат қоя алмай отырмын, – деді Салахиддин, – Сенен ақыл сұрайын деп отырмын.
Асекең суреттің тура жанына барып үңіліп аз тұрды. Содан соң ақырындап шегіне бастады. Шегіне-шегіне арқасымен қабырғаға тірелген. Осыны көргенде Салахиддин меңірейіп тұрды да қалды.
– Қалай ойыма келмеген, – деді содан соң, – Үлкейту керек екен ғой.
– Көптен бері далаға шықпағаның көрініп тұр, – деді Асекең. – Ал, бұл суретке «Маңырама» деп ат қойса қайтеді?
– «Маңырама» дейсің бе? – Салахиддин иегін уқалап сәл ойланып қалды, – Кешір, бірінші рет естіп тұрмын. Ол не?
– Мынау жыр толғап отырған жырау сияқты, – деді Асекең суретке меңзеп, – Ал, мазарды ата-бабаның аруағы деп шартты түрде келіссек… онда мынау адамның жыры – дұғасы.
– Иә, солай деуге болады, – деді Салахиддин суреттің жанына келіп, – Біз перспективаны жасай аламыз, колористиканы дұрыс табамыз, бірақ сюжет ойлап шығара алмаймыз. Біздің осал жеріміз осы.
– Мынау Сырдың бойында, Арал мен Қармақшы жақта жырдың «Маңырама» деп аталатын ерекше түрі бар, – деді Асекең сөзін жалғап, – Әдемі ат қой.
– Да, великолепно, – деді Салахиддин, – Шіркін, сурет сыншылары осы сен сияқты болса ғой. Бәрі де жақсы болар еді.
– Міне, отырмыз, – деді содан соң шеберхананы қолымен айналдыра меңзеп, – Суреттер арзанға кетеді. Бағасын білмейді.
– Кейін бізде де сурет рыногы қалыптасады, – деді Асекең жұбатып, – Сол кезде сенің шедеврлерің миллион долларға кететін болады.
– Біз өлгеннен кейін, – деді Салахиддин.
Әбден кеш батқанда қайттық. Сол мәжілістен Салахиддин Айтбаевтың бір сөзі есімде қалыпты. Асекеңнің жүзіне біртүрлі риза кейіпте қарап отырып, – Осы мен сенің кім екеніңді анықтап айтып беруге қиналамын,- деген еді ол, – Сенің кім екеніңді жіпке тізіп шыққаннан гөрі, кім емес екеніңді санап шыққан оңай шығар. Сенің бойыңдағы бар өнерді санап шыққаннан, сенде жоқ өнерді санап шыққан оңай. Сен Ренессанстың адамысың…
… Иә, Асекеңнің өнері сан-қырлы еді. Баяғы бір ғұламаның айтқан «жан таланты» («талант души»). Оның көптеген салада профессионал-эксперт болғандығы осы «жанның талантынан» болса керек. Асқар Сүлейменовтың күй талғамай, қандай қалыпта тұрса да, тіпті қатты сырқаттанып жатқанда да кез-келген тақырыпта кемел пікір айта алатындығы таңқалдыратын. Міне, оның бойындағы осы көркем қасиеттердің ең бірегейі – оның саз өнеріне деген құштарлығы, музыкалық сыншылығы еді. Және оның бұл тараптағы эрудициясы мен танымы сөз арасында елеусіз ғана айта салған, немқұрайды пікірінен жарқырап көрініп тұратын.
Бірде тағы да Төлеген ағаның үйінде дастархан басында отырғанымызда радиодан Есірдің «Тоғыз түйеші» және «Ақжарма» деген екі күйі тартылды.
– Осы екі күйдің тарихын білесіңдер ме? – деді Асекең күй шертіліп болғанда.
Ешкім білмейтін болып шықты.
– Айтшы, – деді Төлеген аға, – Күйдің аңыздарын көп білуші едің ғой.
Асекең, көне күндердің, қазақтың басынан өткен кер заманның тірі куәсіндей болып сәл мұңайыңқырап, өзінің қоңыр даусымен әңгімені тербеп жөнелген.
– Баяғыда, Ресей мен Хиуа соғысқан кезде болған екен. Орыстың әскері Түбек пен Үстіртке жетеді. Даланың керіш жолы аяқталып, енді құм басталады. Содан орыстың сардары адайлардан түйе мен жол көрсететін кісі сұрап елші жіберіпті. Ауылдың ағалары бүкіл адайдың билері мен батырларын жинап кеңес қылады. Жұрт мәмлеге келе алмайды. Біреу орысқа көмектесейік дейді, біреу көмектеспейік дейді. Сол жерде Тіленшінің ұлы Жоламан батыр мен Сүйінқара батыр бар екен. Екеуі айтыпты, елшілерді ештеңе бермей шығарып салу керек деп. Сонымен ақырында Бөкен биге «Сен төрелігін айт» дейді. Бөкен би ұзақ ойланып айтты дейді, дін қарындас болған түрікменнен не көрдік, елімізді талай рет шауып, бала демей, шаға демей қанша адамымызды құлдыққа сатып жіберді. «Жауды аяған – жаралы» деген, кәпірдің қолымен болса да қирату керек, бізге істегенін алдына келтіру керек. Сондықтан, түйені де, адамды да беру керек деп. Сонымен осыған тоқтасады. Бөкен би орыстың офицерлерін шақырып алып айтыпты «Міне, біз сендерге 500 түйе және 9 адам түйеші, құмның жолын жақсы білетін ізкесер береміз. Есіңде болсын, бұл адамдарды көзіңнің қарашығындай сақта, ұрыс-соғысқа салма, қажама. Егерде бұларды түрікмендер өлтіріп кетсе, не даланың жолын білмейсің, не құдық пен суатты білмейсің, айдалада бір оқ ата алмай шөлден қырыласың» депті. Ертеңіне тоғыз адам орыстың әскеріне қосылып шеру тартады. Сол тоғыздың біреуі он жетіге жаңа толған күйші Есір екен. Сонымен, бұлар аз жүреді, көп жүреді ақырында түрікменнің астанасы Көктөбе деген қалаға жетеді. Қаланың дуалы биік, қақпасы берік, орыстың әскері қанша рет шабуылдап ала алмапты. Содан ақылдасып, жердің астын ін қылып қазып, дуалды түбінен қопарып дәрімен жаратын болады.
Шабуыл тоқтайды, түрікменнің ханы өзінің сарайында жайбарақат отыра береді. Ханның анасы ақылды адам екен, бір күні дуалға шығып, жау жаққа қарап тұрып түсі бұзылып кетті дейді. Баласын шақыртады. Хан келіп, қабырғаға шығады. Анасы айтты дейді «Балам, кәпір неғып үнсіз қалды, не істемек ойың бар» деп. Хан айтыпты «Неден абыржыдың ана, кәпір бізге не істейді. Қамал берік. Су да жетеді, азық та жетеді. Кәпір тамағы таусылғаннан кейін азып-тозып еліне қайтады. Сол кезде шағылдың ішінде қуып жетіп кескілеп тастаймыз» деп. Анасы айтты дейді «Алданба өйтіп, балам. Кәпірдің қулығына құрық бойламайды. Анау тігулі тұрған үйді көрдің бе, сонда кірген адам жоқ болып кетеді. Сол үйден бері қарай шөп саржолақ болып сарғайып келе жатыр. Олар жердің астын қазып келе жатыр. Астана жұртымызды алады, бәрімізді қырады» деп. Бірақ баласы бұл сөзге құлақ аспайды. Ақырында қабырғаны дәрілеп жарып, орыстың қалың әскері Көктөбеге бұзып кіріпті. Сол ханның анасының айтқаны болыпты. Кейін Есір айтты дейді, жұрт қан кешіп соғысып жатқанда, түрікменнің бір жас жігіті жаны шықпай қиналып жатыр екен. Соның басын сүйеп, иман айтып отырдым. Сонда маған риза болып қалай көз жұмғанын ұмыта алмаймын» деп.
Кейін елге аман-есен оралғаннан кейін Есір осы екі күйді шығарыпты. Күйдің жайын сұраған адамдарға, түрікменнің аңдыған-баққаны орыстың әскеріне жол көрсеткен біз болдық. Мергендері талай рет атты. Түнде талай рет шапты. Бірақ орыстар келіскендей, бізді жауға бермеді. Осы тоғыз түйешінің басынан өткен қызықты айтып едім домбырамен. Ал, қылыштары күнге шағылысып, кіл жүйрік ақалтеке мінген жәуміттің әскері ақтарылып шыға келгенде, орыстың тым-тырақай қашқанын талай көрдік. «Ақтарылма» сол түрікменнің ерлігі туралы күй. Бізбен жау болды демесең, ерлігінде мін жоқ еді түрікменнің депті. Кейіннен бұл күй «Ақтарма» болып, ақырында осы қазіргі «Ақжарма» атын иеленіпті.
– «Ақтарылма» деген сөз «шабуыл» дегенді білдіреді ғой сонда? – деді Төлеген аға.
– Иә, – деді Асекең, – Адайдың ескі сөзінде солай. Бұл әңгімені маған Түрікменстаннан осы жаққа көшіп келген бір қария айтып беріп еді. Бірақ ол кісінің шерткен күй нұсқаларында, мына біз тыңдағаннан біраз айырмашылықтар бар еді. Кейіннен ақын Дүйсенбек Қанатбаевтан «Сен сол Түрікменстаннан едің ғой, Көктөбе деген қала бар ма?» деп сұрадым. Дүйсенбек «Иә, бар, Ашхабадтан 60-70 шақырымдай жерде құлаған қабырғалары әлі жатыр, қазір шөп басып кеткен, малдың жайылымы» деді.
Осы кезде, о, керемет, радиодан «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарма» қайыра тартылған. Қараңғы түскен екен. Шам жағуды ұмытып кетіппіз. Бөлме ішінде, баяғы өткен ардагер заманның рухы оянып, еңірескен ерлер тіріліп келгендей, тебіреніске толы үнсіздік орнады… Әрине, бұндай сәт күнде бола бермеуші еді.
… – Сен музыкантсың ғой, – деген еді бірде Асекең, – Осы сенен, бізбенен батыстың ұқсас жерлері, аналогиялар жайында сұрағым келеді. Мысалға, Тәттімбетті батыстың қай композиторына ұқсастырар едің? Бұл жерде мен форманы айтып тұрғаным жоқ. Тек қана рух және әр композитордың өз елі үшін мәні, осыны ғана айтып отырмын.
Қиын сұрақ, кәдімдігей бас қатыруға тура келді.
– Шопен, – дедім ақырында, – Содан соң Григ. Шопен мен Григті қосса, Тәттімбет сияқты болады.
– Дұрыс, – деді Асекең риза болып, – Ал, Құрманғазы… Кімге ұқсайды, қалай ойлайсың?
Құрманғазы туралы баяғыда ойланып қойғанмын. Бұл оңайлау сұрақ еді.
– Азынаулақ Вагнерге ұқсайды, бірақ негізінен Бетховен, – дедім.
– Браво! – деді Асекең.
Содан соң Төлеген ағаға бұрылған.
– Төлеген, бүгін Таласбекке «5» қоямыз. Айтқанының барлығы ондыққа дөп тиіп жатыр.
– Ал, Дәулеткерей… кімге ұқсайды? – деді маған бұрылып.
Бұл ең қиын сұрақ еді. Қанша рет ойлансам да бір байламға жете алмағанмын.
– Тектілігі, адамгершілігі, ізгілігі, кірпияз бекзаттығы жағынан оған тең келетін адам жоқ, – дедім.
– Браво! – деді Асекең толқып.
Осы жерде, осыдан біраз жыл бұрын болған бір оқиға есіме оралды. 1976 жылы сәуірдің аяғы, мамырдың басы, әскерден қайтып келе жатырмыз. Ресейдің көп қалашықтарының бірінен қазақтың бір шалы мен кемпірі пойызға отырды. Бір купеде болғаннан соң әңгімеден әңгіме шығады.
– Біздің де сен сияқты баламыз бар, әскерде, – деді әжей, – Германияда. Бір жылдан кейін келеді. Құдай жеткізсе.
Аздан соң шай алдырып, піскен ет пен бауырсақты алдыма үйіп қойды. Еділден өтіп қазақтың сары даласы басталғанда отағасы терезеге үңіліп аз отырды да, – Жарықтық, баяғы Бапастың табаны тиген жер ғой, – деді.
– Бапасыңыз – Дәулеткерей ғой? – дедім мен.
– Иә, – деді отағасы, – Ел ішінде әлі күнге дейін Бапас деп айтады.
Сөзден сөз қуалап отырып, қария, үлкен бір әңгімені қозғаған.
– Исатай мен Махамбет өлгеннен кейін Құрманғазы көпке дейін төрелермен қырғиқабақ болып жүріпті. Дәулеткерейдің де шабармандарына айбат шегіп, талай рет айтатынын айтыпты. Күндердің күнінде Құрманғазының ауылына Дәулеткерейден хабаршы келді, төре бүкіл домбырашыны өзінің ақ ордасына қонаққа шақырып жатыр. Бірақ бұл шақырыстың бір шарты бар, «Егерде Құрманғазы бұрынғы күрең қабағын қойып табалдырығымнан аттаса ғана басқалар шақырылады деп сәлем айтты төрем», дейді шабарман. Құрманғазы ары ойлап, бері ойлап, ақырында Дәулеткерейдің ауылына аттаныпты. Төре қонақтарды жатқызып қойып көпке дейін келмепті. Ақыры бір аптадай жатып, қонақтар ақылдасыпты. Осылай қымыз ішіп, ет жеп жата береміз бе, Бапас енді көрінбесе, ауылымызға қайта береміз десіпті. Сонда ғана Дәулеткерей қонақтарына келіп сәлем беріпті. Жұмысбасты болғанын айтып кешірім сұрап, қонақтармен мәжіліс құрып отырыпты. Содан домбырасын алдырып, құлақкүйін келтіріп айтты дейді. «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар – сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар». Бүкіл Бөкейдің күйшілері таңғажайып екі күйді тыңдап, ұнатып, сол жерде жаттап үйреніп елді-елге таратып алып кетіпті. Басқалар аттанып жатқанда Құрманғазы төренің ауылында қалып қойыпты. Келесі күні жолға шыққанда, Дәулеткерей төреде жоқ әдетпен қонағын бір көш жерге шығарып салыпты. Сонда ауылдан ұзағаннан кейін Құрманғазы дүрс етіп аттан түсіп, Дәулеткерейдің үзеңгісінен ұстап тұрып кешірім сұрапты. Сөйтсе бұл екі күй, шындығында Исатай мен Махамбет сынды екі қыранға арналған екен ғой. «Мен ақ патша мен қазақтың арасындағы дәнекермін. Ал Исатай мен Махамбеттей ерлерім өлгенде мен де осы алаш құрлы қайғырдым. Мені сөкпеңдер» дегені екен ғой Дәулеткерейдің.
Осы әңгімені айтып бергенімде Асекең төмен қарап үнсіз отырып қалды.
– Иәә, – деді содан даусы сәл қарлыға, ауыр күрсініп, – Міне, қазақтың романистері қайда, қәне? Осыдан артық қандай тарих, қандай тағдыр керек? Қандай титандар, қандай заңғар тұлғалар…
– Шын ер, шын рыцарь үш нәрсеге – әйелге, жүйрік атқа, сұлу сазға бас ию керек, табынуы керек, – деген еді бірде Асекең, – Қазақта осы үшеуі де бар. Әсіресе, Тәттімбет пен Дәулеткерейде. «Көркем ханым» Дәулеткерейдің әйелге арнаған ең асқақ күйі. Дәулеткерейдің ұлы Салауаткерей де дәулескер күйші болған екен. Салауткерейден Мәмен үйреніпті. Ал Мәменнің шәкірті өзіміздің Қали ақсақал. Қали Жантілеуовты айтам. Осы Қалекеңнің орындауында Мәменнің «Қаражан ханым» күйін тындадым. Айтарға сөз таба алмадым. Сол бұрыннан келе жатқан, Дәулеткерей жаңа арнаға түсірген ұлы дәстүр Мәменнің өнерінен тағы бір биік көрініс тауыпты. Осы Мәменнің бірде «Дүрбелең», бірде «Он жетінші жыл» деп тартылатын күйін тыңдағанда ғажап қалдым. Әлі күнге дейін бұл жұмбақты шеше алмай келе жатырмын.
Асекең шылымын асықпай тұтатып, әдетінше бөлменің ішін баяу кезіп, толғанып кетті.
– Өзің ойла. Бұл өте күрделі күй. Әрине, қазақтың күйлерінің көбі күрделі. Бірақ мынау басқа сападағы күрделілік. Құрманғазыға қатысты айтып, елдің барлығы жауыр қылған «симфонизм» деген сөз бар. Жауыр болса да айтайын, Мәменнің «Дүрбелеңі» – қазақтың симфониясы.
– Жалғыз дауысты емес пе, – дедім әдейілеп, – Монодия ғой.
– Сенің айтып отырғаның форма, – деді Асекең. – Менің айтып тұрғаным – музыканың рухы, қабылдаудың деңгейі.
Асекең жымиып күлді.
– Аравиннен осы жайында сұрап едім, дерек тарап кетеді деді ме, әйтеуір ештеңе айтпады. Бар болғаны «Мен Дәулеткерей туралы ұланғайыр материал жинадым, енді кітап жазғалы жатырмын» деді. Кейіннен бұл мәліметті мүлдем басқа жақтан алдым. Дәулеткерей орыстың қалаларына барып, орыс дворяндары сияқты киініп, опера мен симфониялық концерттерді тыңдайды екен. Оның күйлеріндегі ерекше алымдылық осы жаңа, қазақта бұрынсонды болмаған музыкалық тәжірибеден тамыр тартып тұр. Мадьярдің әуендерін еуропалық класикамен астастыра білген Ференц Лист пен Бела Бартоктан қай жері кем, айтшы өзің.
– Сонда, сіздің ойыңызша, қазақ симфонизмі он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бері қарай өз-өзінен пайда бола бастаған ғой? – деп сұрадым мен.
– Тура үстінен түстің, – деді Асекең, – Симфонизм советтік кезеңнің жемісі емес, баяғыда, бір ғасыр бұрын пайда бола бастаған. Бастауында ұлы Дәулеткерей тұр. Симфонияны совет заманында жаңадан, екінші рет ойлап шығарып керегі жоқ еді.
– Мұндай күпірді айтудан қорықпайсыз ба? – дедім қалжыңдап.
– Жоқ, – деді Асекең, – Ол аз болса, айтайын, қазақ музыкасының тарихы қайтадан жазылуы керек. Және ол тарих жазылады да. Мен бұған Құдайға сенгендей сенемін.
Аз үнсіз отырып тағы бір сұрақ қойды.
– «Көкейкестінің» бұрынғы атын білесің бе?
– Білем, – дедім мен, – Тәттімбет жарықтық, алғашында «Жантелім» деп тартыпты. Арқаның күйшілері кешеге дейін солай деп тартқан
– Біледі екенсің ғой, – деді Асекең, – Ал енді неге «Көкейкесті» болып кеткенін айтып берейін. Мен М.Әуезов театрында қызметте жүргенде естігенмін. Театрдың шаңырағын көтерген ветеран актерлердің айтысы. Әбікен Хасенов осы театрда жұмыс істеп жүргенде Ахмет Байтұрсыновпен, Сәкен Сейфулинмен, Мұхтар Әуезовпен көп араласыпты. Қанша рет дастархандарына барып күй шерткен. Бір күні осы күйді тартады. Ахмет ағамыз «Әбікен, бұл күйдің аты не?» деп сұрайды. «Жантелім» дейді Әбікен. Сонда Ахмет ағамыз айтыпты, мынау, Тәттімбеттің көкейін кескен күй екен. «Жантелім» деп қазақ ет жақын адамын еркелетіп айта береді. Бұл күй бұдан былай «Көкейкесті» болсын дейді. Кейін радиоға солай деп жазылып, бүкіл қазаққа сол атпен тарап кеткен ғой. Асқақ махабатты жырлаған күй ғой.
– Иә, – дедім мен, – Тәттімбет бозбала кезінде ғашық болған Ақсұңқар деген қызға арнапты.
Асекең сәл үнсіз тұрып қалды.
– Алғашқы кіршіксіз махаббат, – деді содан соң әдетінше баяу сөйлеп, – Міне, көрдің бе сенің мына әңгімеңнен кейін, мен енді бұл күйдің осы екі атының екеуін де қимай тұрмын.
– «Жантелім» – деді содан соң бір нүктеге қадала қарап, – «Көкейкесті». Осы екі сөздің өзі адамның жүрегін суыратындай… Қасірет пен қамрық та бар…әзіз көріктің алдында бас ию де бар…
Асекеңнің сөзі көңіл түкпіріндегі басқа бір сөзді оятқан. «Мен сізді өртене, есім кете елжірей сүйдім, Құдайым, басқа адам да сізді солай сүйсін» («Я вас любил так пламенно, так нежно, как дай вам бог любимой быть другим») деген өлең жолдары ойыма оралды. Өзіңе бұйырмаған сүйген жарды бата беріп шығарып салу үшін де үлкен жүрек керек.
– Екеуі қосыла алмаған ба? – деді Асекең.
Қосыла алмаған, себебі қыздың да айттырылған жері бар, Тәттімбеттің де атастырылған қалыңдығы бар. Қазақтың ата заңы кесе-көлденең тұрған. Осыны айтқанымда Асекең бөлменің ішін тағы кезіп кетті.
– Ал сол Ақсұңқар… тымқұрмаса бақытты болып па? – деді содан соң қарсы алдыма келіп.
Білсем де айтпадым.
– Жолы болмаған сияқты ғой, – дедім жұмсартып.
Асекең терезенің алдына барып теріс қарап тұрды.
– Кел екеуміз сол күйді тындайық, – деді ақырын ғана, – Әбікеңнің орындауында…бар ма?
Күй тындалды. Кешке әдетімше үйіне дейін шығарып салдым.
– Қатарсис деген осы, – деді Асекең жапырақ көмкерген асфальттан көз алмай келе жатып, – Баяғыда бір ғұлама айтыпты, «Мен музыканы не үшін жақсы көрем? Себебі, музыка адамнан, қоғамнан шыншыл» деп. Ницше айтады, «Без музыки этот мир был бы ошибкой» деп.
Никольск шіркеуінің жанындағы паркті біраз араладық. Асекең сәл күрсініп сөзін жалғаған.
Айса Ғалайыссалам крестте өлді, адамзат үшін өлді деп жатады. Жанында тұрып куә болған жоқпыз. Бірақ әбден мүмкін. Алайда Айсадай даңқы шықпаса да ерлігі содан бір мысқал да кем емес, бірнеше қазақты білем. Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы мен Сүгірді айтып тұрмын. Бұлар құныкер болып Алланың алдына барып, қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін, инсаният үшін сөз айтқан. Адамзатты ақтап шыққан. Тек асылық айтты деме, менің сөзімді асқақ қылған – күйдің аруағы. Күй қандай киелі болса – менің сөзім де сондай өр. Ойдан шығарып айтып тұрғаным жоқ бұл сөзді.
– Үйге кір, – деді содан соң, – Шай ішейік.
– Асығыспын, – дедім мен, – Кешіріңіз. Келесі жолы.
Асекең күрсініп қолымды қысты.
– Мұхаң айтыпты ғой «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп. Сол рас сөз…
…Кейін суретшінің шеберханасындағы әңгімеге қайтып оралған едік.
– Аға, «көптен бері далаға шықпағаның көрініп тұр» деп едіңіз ғой, – дедім мен, – Сонда Салахиддин Айтбаевтың пленэрге шықпайтынын айтқыңыз келді ме?
– Ол да бар, – деді Асекең, – Көп адам пленэрді табиғатқа шығып, бұрыңғы әсерлерді жаңарту деп қана түсінеді. Кейбір суретшілер далада тұрып жұмыс істейді. Әрине, әр сурет мектебінің пленэр жайында өзіне ғана тән түсінігі болады. Алайда, табиғатпен астасуда Қиыр Шығыс сурет өнеріне ешбір мектеп жете алмайды. Олардағы пленэр – медитация, табиғатқа шому. Сыртқы дүние, сыртқы табиғат пен ішкі дүние, ішкі табиғатты жарасымға келтіру арқылы осы болмыстағы барлық заттың шыққан тегі, отаны болып саналатын тылсымға сіңу. Мысалы Қиыр Шығыс поэзиясының өзі біздің сөз өнерімізге ұқсамайды. Олардың өлең өнері де – медитативтік өнер. Мысалы, Басё я басқа ақындардың хайку немесе танкаларын алсаңыз, бізше үш ақ жол, ешқандай мағына бермейді, ал өздері үшін тылсымға шому үшін айтылатын дұға іспетті.
Екеуміз Көк базардың желкесіндегі Панфилов паркінде қыдырып жүргенбіз.
– Мысалы, анау ағашты қара, – деді Асекең көкті тіреп тұрған алып шынарды көрсетіп, – Осыны мазар деп елестет. Ал енді оны суретке сиғызу үшін шегінуің керек. Көп шегінуің керек. Мазардың бойы сиғаннан кейін де шегіну керек. Ертедегі кемеңгер суреткерлердің бірінші қағидасы осы – «Дистанция – өнердің жаны» («Дистанция – душа искуства») деп айтылады. Бұның әдебиетке де, өнердің барлық түріне қатысы бар. Сонымен дистанция. Салахиддин гений. Егер осы бірінші нұсқа сурет сақталса, әрине. Кейін басқаша салып жүрмесе. Суретте екі қашықтық бір-біріне салғастырылған. Мазар алыста тұрғанымен, оның бедерінде жақыннан ғана көруге болатын элементтер бар. Яғни, мазар шындығында жоқ та болуы мүмкін.
– Мен сурет сыншысы емеспін, – дедім таңырқап, – Бір сөзіңізді түсініп, бір сөзіңізді түсінбей тұрмын. Суретте тұрған нәрсе қалай жоқ болады?
Асекең маңдайын уқалады.
Қалай десем. Әдебиеттен мысал келтіріп түсіндіруге болады. Лермонтов бір өлеңінде балмаскарадта тұрып, қиялмен деревняға, балалық шаққа кетеді. Аздан соң мынау реалды дүниеге қайтып келеді. Сонда «мынау билеп жүргендерді у татыған өлеңіммен жер қылғым келеді» дейді. Бұл жерде балалық шақ өтіп кеткен, бұл дүниеде жоқ. Тек санада детальдары қалған. Сурет ол музыка емес, поэзия емес. Суретші суреттің астына «Шындығында мына мазар жоқ еді, санамдағы елес еді» деп жазып қоя алмайды ғой. Немесе, қорытып айтсам, суреттегі екі қашықтық, алыста, өткен заманда елес күйінде қалған мазарды бейнелейді. Мысалы, музыкада да сондай тәсіл бар. Шопеннің полонездері поляк музыкасынан түрлі ассоциациялар, өңделген цитаталар келтіріп, көкейінде үнемі Польшаны ұстап отырады. Сонымен Салахаддиннің суретіне қайтып келейік. Байқасаң жусан мен көкпек қызыл реңді. Шамасы таң атып келе жатқан болуы керек. Бірақ қызыл реңк нендей мағына беретіні белгілі ғой. Тамаша. Тек… ауа жоқ. Өлімнің сарыны жоқ. Мен бұл жерде өлім дегенде оның күйкі жағын айтып тұрған жоқпын. Мен бұл жерде өмірдің апофеозы, өмірдің ең мәнді соңғы сәтін айтып тұрмын. Майданда болғандар, өлімнің иісі болатының айтады. Егерде бұл суреттегі ауадан өлімнің сағымы көрінсе… Содан соң бұл суреттің тағы бір үлкен кемшілігі – оның камералығында. Эпикалық полотноны, идеяны, камералық кеңістікке сиғызбақ болған. Бұл бітпеген сурет. Боялған концепция. Бірақ бәрібір шедевр.
Асекең шылымын тұтатып, мырс етіп күлді.
– Мен суретшілер мен кинематографистерден өткен кінәмшіл адамдарды көргем жоқ. Бұларда бір корпоративтік меймана бар. Көлденең бір адам сурет, я кино туралы пікір айтса болды, пәлеге қалды. Жабылып жеп қоя жаздайды. Ал ол адам сол суретшіден асқан суретші, киноның не екенін кез келген режиссер немесе сценаристен артық білетін майталман сыншы болуы мүмкін. «Қандай да болмасын салада сын айту үшін сыншы сол саланың адамы болуы керек» деген, адамның ақылына симайтын алабөтен «эстетикалық» қағиданы осы суретшілер мен киношниктер ойлап шығарған. Бұлар сынның, осы кино я сурет немесе көркем әдебиет сияқты өнер екенін, сынның жекедара өнер болып қалыптасып кеткеніне бірнеше ғасыр болғанын білмейді және білгісі де келмейді. Әрине, кейде өнер адамдарының арасында сыншылар кездесуі мүмкін. Бірақ бұл өте сирек нәрсе. Өз басым поэзия туралы жарытып пікір айтқан ақынды немесе проза туралы көңілге қонымды ой айтқан прозаикті көрген емеспін. Сондай-ақ сурет туралы пікір айта алатын суретшіні, кино туралы пікір айта алатын режиссер немесе сценаристі де көрген емеспін. Рас, теорияны соққанда алдына жан салмайтын режиссерлерді кездестірдім. Бірақ сол «теоретиктердің» бірде-біреуі, шедевр демей-ақ қояйын, адам көре алатындай фильм түсірген емес.
Екеуміз парктегі кафеге кіріп тамақ іштік. Асекең ерқара адам, дәмнен ауыз тиіп қана, шай ішуге көшкен.
– Мынадай мысал, – деді содаң соң жымиып.
Қолындағы десерт пышақпен алдындағы тәрелкеде жатқан котлетті ортасынан қақ бөлген.
– Мысалы, мына котлет қаны сорғалаған шикі болып шықты дейік. Жо-жоқ, бұл тамаша дайындалған котлет. Мен мысал ретінде айтып отырмын. Содан соң даяшыны шақырып дау шығардың дейік. Сонда даяшы айтса, сіз тамақ пісірудің не екенін білмейсіз. Сондықтан алдыңызға келген нәрсені жеп тыныш отырыңыз, десе. Ол аз болса кухнядан бас аспазды шақырып алып келсе. Ол да тамақтың қалай пісірілетінін айтып, сенің жер жебіріңе жетсе. Қалай ойлайсың, осы жерде кімдікі дұрыс?
– Менікі дұрыс, – дедім күліп.
– Дұрыс айтасың, – деді Асекең де күліп, – Себебі сен астың қалай дайындалатынын білу үшін емес, ресторанға тамақ ішу үшін келдің. Сен ақша төледің, сол себепті сапалы дайындалған дәмді тамақ ішуге хақың бар. Алаяқ аспаз бен алаяқ даяшының айтқан әңгімелерінде шаруаң болмау керек. Ақша төледің, сол себепті жеген тамағың жайлы пікір айтып кетуге толық хақың бар.
Асекең тағы бір шылым тұтатты.
– Осы әңгіме, өнер менен арткритиканың, яғни, өнер менен сынның арасындағы қатынастың қарабайыр мысалы бола алады, – деді содан соң хош иісті түтінді бір бұрқ еткізіп, – Сурет сыншысы мен суретшінің, кино сыншысы мен режиссердің немесе сценаристің қалай дауласқандарына талай рет куә болдым. Сонда байқағаным, суретші, режиссер немесе сценарист, әңгімені ілездің арасында технология жайындағы бітпейтін ұшықиыры жоқ дауға айналдырып жіберіп, бес минуттен кейін сыншының аузын жауып тынады. Және қолдан келсе, сыншыны ақымақ қылып көрсеткісі келіп тұрады. Сен не білуші едің деп. Мен бір режиссерді білем. Бірде содан «сендер музыка туралы, әдебиет туралы пікір айтқанда, ешкім туламайды, ал біреу кино туралы пікір айтса шат-шәлекей болатындарың не?» деп сұрадым. Сонда әлгі режиссер «біз абыз, қасиетті әулетпіз, біз бұ дүниеден емеспіз, біз тылсымнан келдік, сондықтан басқа өнер туралы айтуға хақымыз бар, ал басқалардың біз туралы пікір айтуға хақысы жоқ» («мы не от мира сего, нам можно говорить о других, но другим не позволено говорить о нас») деді шімірікпей. Ал сол «режиссердің», кезінде Мәскеуге малдәрігерлік институтқа барып, емтиханнан құлап, сенделіп келе жатып, мүмкін жаңылысып басқа автобусқа отырды ма, кім білсін, әйтеуір кездейсоқ ВГИК-ке жолыққанын білем. Сол жерде аяқастынан «режисерлік түйсігі» оянып осы жолға түскен ғой. Ал менің ұғымымда, соның малдәрігері болғаны әлдеқайда дұрыс еді. Өзінің «тылсымнан келген» әріптестерінің әрбір кезекті шатпырақ «фильмін» кеңірдектеп отырып шедевр екенін дәлелдеп шығады. Ал құлағы салпиған дүмшелер сол ертегілерді тыңдап отырады, соның айтқанына көнеді, соның айтқанымен жүреді. Қазіргі заманның алаяқ «суреткерлері» осылай, эстетиканы, сұлулық ұғымын, технология жайлы мылжың әңгімелермен алмастырып, жұртты ақымақ қылып дәндеп алған.
– Міне, – Асекең алдындағы шала желінген котлетті тәрелкесімен маған қарай жылжытқан, – Мынау адам жейтін тамақ па, әлде малға беретін, итке құятын жуынды ма – әңгіме осы жайында ғана болуы керек. Ал ас үйде не болып жатыр – ол сыншының компетенциясы емес. Сыншы дайын нәрсеге, нәтижеге ғана пікір айтады.
Асекеңнің әңгімесінің ауанын бірден таныдым. Ол тағыда… тағы да сіріңкенің шырпысын ұстап отырып Құдайға бара салатын әдетіне жақындап келе жатыр еді.
– Сонда бұл неден болған нәрсе? – деп сұрадым дегбірсізденіп.
Асекең алдыға жаңартылып қойған шәйнектен бір кесе сүт қатқан қою шайды құйып алды да асықпай бір ұрттады. Жаңадан шылым тұтатып, ойланып отырып, асықпай сөзін сабақтаған.
Мұсылман елдерінде сурет өнеріне тыйым салынған. Сурет, сол себепті, Батыстың төл өнері. Қазақтың алғашқы лек суретшілері, негізінен қазақы тәрбиеленген, дені дұрыс адамдар. Олар Ресейге, қазақ үшін таңсық жаңа өнерді меңгереміз деп аттанды. Кино да сондай өнер. Ағайынды Люмьерлер ашқан бұл өнер Ресейге, басқа Еуропа елдеріне тарады. Және әр нәрсені өз атымен атау керек, белгілі бір уақытқа дейін кинематограф ақ нәсілді халықтардың қолындағы зәру өнер болып келді. Бірақ ақырында басқа құрлықтар, басқа халықтар, нәсілдер де бұл өнерді меңгере бастады. Бауырлас ел болғаннан кейін, орыстар бізге де бұл өнерді үйретуге мәжбүр болды. Бұнда да Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов сияқты алдыңғы лек корифейлер ұлттық санасы биік адамдар болған. Содан кейін, біздің әлгі «алпысыншы жылғыларымыз» бар емес пе. Енді Мәскеуге солар аттанды. «Тылсымнан жаратылу» деген ауыру осылардан басталады. Ол кезде әлемдік кинода неше түрлі «измдер» етек ала бастаған. Міне, осының бәрін көріп, құлағы бітіп, басы айналып қалған Қамысбай өзін шынында да «тылсымнан жаратылған» адам санай бастайды. Ал шындығында, ол, бар болғаны, аз-маз бірдеңе оқыған доп-домалақ дүмше. Ақ нәсілдердің біз жайындағы пікірі ешқашан өзгермейді. Ал біздің «алпысыншы жылғылар» – сол батыстың мейманасын, батыстың біз жайындағы пікірін өзіне жұқтырып қайтқандар. Басқа өнер түрлеріне мұрнын шүйіріп қарау, әсіресе ұлттық тақырыпқа, ұлттық идеяға жиіркене қарау сияқты ең ауыр мерез осылардың ғана бойынан табылады. Антониони, Феллини, Бертолуччи немесе Жан Люк Годарға «измдермен» ауырған жарасады. Себебі ол сол жақтан басталған авангардизмнің бір формалары, өздеріне ғана тән. Ал ұлттық намыстан, ұлттық санадан жұрдай, шаласауат Айранбайдың «измдермен», ондай биік ауырумен ауыруға хақысы жоқ.
– Сыншылық туралы баяғыда басқаша айтқан сияқты едіңіз, – дедім мен.
– Ол надан, білімсіз сыншы жайында, заңсыз, низамсыз сыншылық жайында айтылған әңгіме, – деді Асекең. – Ал осы қазір мен шын мәнісіндегі талантты, білімді сыншылық жайында айтып отырмын.
– Бірақ сыншы көркемдік заңдылықтар жайында білуі керек қой, – дедім мен.
– Ол айтқан адамына қарай, – деді Асекең, – Сулулық жайлы түсінігі жоғары, шын мәніндегі сыншының ауызынан естігенде «көркемдік заңдылық» деген шынында да өте асқақ ұғым болып шығады. Ал алаяқ, мошенник «суреткер» айтқанда бұл ұғым аса былғаныш болып шығады. Себебі, «көркемдік заңдылық» жайындағы әңгіме аздан соң өнердің технологиясы жайындағы дау-дамайға айналып кетеді. Ал бұл жерде сыншы қорғансыз. Кейбір «суреткерлердің» ықты-жарды тыңдамай өзеуреп, оппоненттің аузын бітеп кеңірдектегенін көргенде көзіңе діни фанатиктер елестеп кетеді.
Есеп айырысып далаға шықтық. Асекең шіркеудің жанындағы шағын алаңда нанның қиқымын теріп жеп жүрген кептерлерге қарап аз тұрды, да мысқылдай езу тартты.
– Еуропаның патша әулеттерінде гемофилия деп аталатын қан ауруы болған. Қарадан қыз алмай, қыз бермей бір-бірімен ғана араласқан, туыстар бір-біріне үйленгендіктен, қан жаңартылмағандықтан болған ауыру. Алайда Еуропада гемофилия ақсүйектіктің, аристократизмнің белгісі болып саналған. Гемофилиямен және сонымен ағайындас қан ауыруларымен ауыру мода болған, – деді содан соң, – Біздің Мәскеуден оқып келген «суреткерлеріміз» де осы гемофилиямен, рухани гемофилиямен ауырғысы келеді. Соны армандайды. Аристократизмге деген жөнсіз претензиялар. Сап-сау адамның «қансырап», «ауырып» жатқанын көргенде күлкің келеді екен. Шіркін, өздеріне сырт көзбен қарап үйренсе, қандай қораш екендерін білсе ғой солар.
– Осылардың барлығы «алпысыншы жылғылар» ма? – деп сұрадым мен.
– Жоқ, – деді Асекең, – Олардың кейбіреуі тіпті сенен жас болуы мүмкің. Алпысыншы жылғы ғана емес, ондай адамдар жетпісінші, сексенінші, тіпті тоқсаныншы, одан да арғы жылдары өнерге келе беруі мүмкін. Бірақ рухы жағынан бұлардың барлығы – «алпысыншы жылғылар». «Алпысыншы жылғылық», «шестидесятничество» – уақыттан тыс, уақытқа бағынбайтын, ешқашан ескірмейтін феномен. Осыны айтқым келіп еді…
…Құрметті оқырман осы жерде мен бір нәрсені анықтай кеткім келеді. Асқар Сүлейменовтың назасы сол кезде мен үшін түсініксіз еді. Шынымды айтайын, ол адамның кейбір айтқан ойлары әлі күнге дейін түсініксіз. Бізде қазір «туғанда қолыма қалам ұстап туып едім», «дүниеге бірден пайғамбар болып жаратылып едім» деп айту әдет болып кеткен.
Бұған мен мың рет «жоқ» деп жауап берем. Әлбетте, о баста адамда бір қабілет болады (оны талант деп қойыңыз). Адамның бойындағы сол қабілет тәрбиеленеді, білімге жетіледі. Адам осылайша өнер жолын табады. Біз қазір де пайғамбар емеспіз және қолымызға қалам ұстап та туған жоқпыз. (Мысалы, мен бала кезімде геолог боламын дейтінмін. Ал қазір неге олай дегенімді өзім де білмеймін). Күндердің күнінде, жаза алатынымызға көзіміз жеткеннен кейін жаза бастадық. Өнер туралы пікір айта алатынымызға көзіміз жетті – айта бастадық.
Бірақ Асқар Сүлейменовтың сол кафеде отырғанда айтқан, сыншы өнер технологиясынан, өнер игілігінің жаратылу барысынан бейхабар болуы керек деген ойы мен үшін мүлдем түсініксіз еді. Кейіннен әңгімеге майталман теоретик Зейнолла Серікқалиев араласқанда, «таза өнер» («чистое искуство») «таза сын» («чистая критика») дегеннің не екенін ұққанда барып Асекең айтқан ойдың өресіне жеткен едім. Бірақ сол екі арада, менің дүниетанымыма аса зор ықпал еткен тағы бір оқиға болды.
… Күздің қарасуық кеші еді. Жазушылар одағының алдында Зейнолла аға кездесіп қалды да, үйге жүр, Асқардың досы ВГИК-тің бір мұғалімі Алматыда жүр екен, қазір екеуі біздікіне келеді деді. Үйге келдік, аздан соң Асекең де келді. Жанында бойы ортадан биік, толықшалау, ақ сары өңді, қоңыр шашты адам – Мәскеуден келген қонақ осы екен. Мол дастархан, ағыл-тегіл ішімдік, қонақ көп ұзамай-ақ шешіле сөйлеп кеткен.
Қалай десеңіз де Мәскеу Батысқа өлшеусіз жақын, біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ мәдениетке апаратын қақпа екені анық. Орыстың өресі ол кезді қойып, қазірдің өзінде бізден биік және әлі талай уақыт осылай болмақ. Мәскеулік қонақтың айтқан әңгімелерінің көбі біз үшін таңсық еді. Қонақ қыза келе енді қазақ тақырыбына ауысқан. Сөмкесін ашып мәшінкеге басылған бірнеше қолжазба алып дастарханның шетіне қойды.
– Міне, – деді қағазды парақтап отырып, – Алматыда жүргеніме он күннен асып кетті. Қаншама талантты, өскелең жастармен кездестім. Кейбіреуінің ой-өресі тіптен биік. Мысалы мына әңгімелер сәл-пәл өңдеп жіберсе, тамаша киносценарийге айналайын деп тұрған дүниелер. Менің таңқалатыным, осындай балаларды неге оқытпайсыңдар?
Шарап буынына түскен болуы керек, қонағымыз ары-беріден соң мәселені төтесінен қойды.
– Мәскеуге осындай талантты балаларды жібергеннің орнына, неге малдарыңды жібересіңдер? – деген әрқайсысымыздың бетімізге ажырая қарап.
Ешкім ештеңе демеді.
– Кавказдықтардан үйренбейсіздер ме, тымқұрмаса. Олар оқуға дарынды балаларын түсіреді. Параджанов, Данелия, Иоселиани, барлығы біздің түлектер. Осылардың кейбіреуі Еуропаның киноакадемияларына барып шыңдалды. Қазір қандай деңгейге жетіп отыр. Ал сіздер… Мен жюридің мүшесімін. Республикалардан келген киноларды сараптап бекітеміз. Қазақстаннан келген, так сказать «фильмдер» осылардың ең қорашы. Самые позорные. Көріп отырып біз ұяламыз. Алматыдан келген бір «киношникке», мынандай дүниелерді жіберуге қалай ұялмайсыңдар дегенімде, ол, енді неғыл дейсіз, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Ходжиков сияқты корифейлер дүниеден кетті, сол себепті осындай күйде отырмыз деді. Ал мен сіздерге айтайын, тағдыры мен болашағын ойламаған, керекті кадр дайындамаған бұндай кинематографтың бұты бес тиын.
Ыңғайсыз үнсіздік орнады. Содан соң Асекең шылымын тұтатып баяу тіл қатқан.
– Біріншіден, ол қойларды Мәскеуге жіберген мен емес, Зейнолла емес. Екіншіден, оқи алмайтын ондай балаларды оқудан шығарып жіберу керек. Отчисление деген бар емес пе. Болашақ өнердің соры – ондай адамды, документін қолына беріп, құйрыққа бір теуіп шығарып салу керек.
Қонақ шарқ етіп күлді.
– Ну ты даешь, Аскар. Қалай шығарып жібересің? Олар республиканың атынан келеді. Лимит деген бар. Оның үстіне Алматыдан зор адамдар телефон шалады. Ал біздің міндетіміз соларға білім беріп, қолына диплом ұстату. Қате – Алматыдан, абитуриенттерді таңдаудан.
Түннің ортасы болып қалғанда көкбурыл мас қонақ мейманханасына қайтатын болды. Таксимен алып кететін достарын тосып, есіктің алдында теңселіп біраз тұрып қайтадан сөйлеген.
– Естеріңізде болсын, – деген саусағын шошайтып, – Ертең сол, так сказать режиссерлер мен сценаристер, кинотанушылар аңсаған дипломдарын алып, қайтып келеді де мықты-мықты жерлерге былшиып тұрып отырады. Көздеріңнен қанды жасты солар ағызады.
Қонағымыз орыс болғандықтан орысша айтқан, «Умоетесь кровавыми слезами» деген.
Үшеуміз ғана қалдық. Үнсізбіз. Қонақтың бетің бар, жүзің бар демей айтқан ауыр сөздері әлі құлағымызда тұрғандай.
– Жарайды енді, – деді ақырында Зейнолла аға, – Өлік шығарғандай болмайық. Бәрі де орнына келеді.
Рюмкелерге жағалата коньяк құйған.
– Азған-тозған өнерге сыншы болған – жетім қыздың тойында тамада болғанмен бірдей, – деген Асекең Зейнолла ағаның жүзіне ойлана қарап отырып, – Одан өткен қорлық жоқ шығар. Екеумізге Тәңірдің берген сиын-ай, Зейнолла.
Бұрын жоқ әдетпен рюмке толы коньякты басына бір-ақ көтерген…
… Сары күз еді. Осындай мамыражай күндердің бірінде консерваторияға Асекең келе қалды. Амандық сұрасқаннан кейін бір тізімді қолыма ұстатқан.
– Мына шығармаларға заказ берші. Сенің кабинетіңнен тыңдайын.
Фонотеканың бастығы Александр Никитич Супруненко деген, айтқаныңды екі етпейтін жақсы адам еді. Музыкадан мол мағлұматы бар, эстет, білімді болатын. Тізімді бір қарады да жымиып күлді.
– Бұл сен емес. Сенің не тыңдайтыныңды, қалай тыңдайтыныңды білем ғой. Бірақ… міне, Вивальдиді Лондондағы Королевский оркестрдің орындауында.., Вагнердің «Тангейзерін» Берлин операсының орындауында сұраған, – Александр Никитич қағазға үңіле түсті, – Шопеннің полонездері Ван Клиберн, ал Листтың «Венгр рапсодиясын» Ферручо Бузонидің орындауында сұраған. Нағыз маман ғана бұндай тапсырыс бере алады… Ну что… Сенің кіші кабинетіңе ғой?
Кешке қарай кабинетке кірдім. Асекең терезені ашып бөлмені желдетіп отыр екен. Күлсалғыш толған сигареттің тұқылы. Төрт сағат тапжылмай отырып жиырма сегіз шығарма тыңдаған екен. Асекеңді шығарып салғаннан кейін тізімді қайтадан қарап отырып қайран қалдым. Қабылдаудың жылдамдығы дейсіз бе, жітілігі дейсіз бе, ең әуелі сол көзге түседі. Александр Никитич, мен тапсырғандай, бұл шығармалардың арасын бөлмей жіберген. Бірақ әр шығарманы тыңдауға психологиялық дайындық керек. Содан соң алған әсерді тамашалауға да біраз уақыт керек. Осының бәрін жинақтап келгенде жиырма сегіз шығарма үшін төрт сағат тым аз уақыт. Бұның сыртында аталған шығармалар құрылымы, орындалу стилі, психологиясы, тағы басқа кілтипандары тұрғысынан алғанда аралары жер мен көктей, белгілі бір көңілкүйдің аясында еш үйлеспейді. Немесе, қорытып айтсам, әдепкі меломан мұнша шығарманы төрт күнде де тыңдап бітіре алмайды.
Кейін мынадай қызықты байқадым. Бірде тағыда бірнеше шығарманы бірінен соң бірін тыңдап болғаннан кейін терезенің алдына барып тұрды.
– Коридорда бір скрипач Сен-Санстың «Интродукциясын» ойнады, – деді күрсініп, – Жаман емес сияқты.
– Сіз динамиктен музыка тыңдамап па едіңіз? – дедім.
– Иә, тыңдадым, – деді Асекең жайбарақат.
Сондай-ақ ол оркестрді тыңдап отырып, қалаған аспабын ойша жеке «суырып» алып тамашалай алады екен. Қаншама шығарманы бір сәтте тыңдай алатын ерекше қабілетімен, түрлі жанрдағы шығармаларды арасын бөлмей тыңдай алатын қабілеті, кейін ойлап отырсам бір-ақ қасиет екен. Бұл адам жанының қанша ахуалға жолықса да сонын бәріне ашық бола алатындығының, шексіз рухани сыйымдылықтың белгісі екен. Бірде таңданысымды жасыра алмай осы ойларымды айтып салғанда Асекең әдетінше езу тартты.
– Оның несіне қайран қаласың. Баяғы «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарманың» хикаясы есіңде ме? Түркменмен қан ішісуге барған Есір өліп бара жатқан жауының басын сүйеп иман айтып, жаны ашып отыр. Яғни, бір сәтте қаншама ахуал кешіп отыр. Қазақ, майданда жаңа ғана аямай кескілескен жауын соғыстан кейін кешіреді, қайғысына иіледі. Сол атаң қазақтан қалған мінез, ғасырлар бойы тәрбиеленіп қанға сіңіп кеткен рухани әдет. Бәріміз де қазақ емеспіз бе. Жақсылап ақтарсаң ол сенде де бар қасиет. Әр қазақ дұрыстап іздесе жанының түкпірінен осыны табады. Жанның түкпіріндегі бұл қазына қабат-қабат көміліп қалған. Осы жүргеннің бәрі ақын, бәрі музыкант. Тек соны өздері ұмытып кеткен.
Шылымын тұтатып сәл ойланды.
– Мен саған мынадай бір нәрсені айтайын, – деді содан соң мұңайыңқырап, – Соғысқа барып келген қариялардан естіген әңгімем. Қазақ солдаттары Германияда көп өліпті. Жаудың қолынан емес. Қирап, жеңіліп, сағы сынған немісті аяғаны үшін, нешетүрлі зорлық-зомбылыққа, әйел мен бала-шағаға жасалған қиянатқа қатысқысы келмегені үшін, саптың алдына алып шығып талай қазақты атып өлтіріпті. Міне, Таласбек, қазағың осындай болған. Сен маған қайран қаласың. Менің бойымдағы – ол, қазақтың жүрегінде өрт болып лаулаған иманның бір ұшқыны ғана.
… Бірде Шығыс пен Батыс музыка мәдениеттерінің диалогы жайында әңгіме қозғалды.
– Мен кейде Батыстың ойшылдарын түсінбеймін, – деген еді Асекең, – Кейбір ақылды деген адамдарының ең биік көтерілген жері, кәдімгі, өздерінің байырғы ауыруы – меймана болып жатады. Және таңғажайыбы бұндай ойларға салиқалы зерттеу барысында жетіп жатады.
– Міне, қараңыздар, – деді содан соң бір кітапты көрсетіп, – 19 ғасырдағы Францияның музыкалық эстетикасы. Камилл Сен-Санстың 1866 жылы шыққан «Гармония және мелодия» кітабынан үзінділер. Әрине, менің бұл композиторға деген құрметім бұдан еш өзгермейді, себебі мен адамды бойындағы жақсысына қарап бағалаймын. Мен тек оның тамаша музыкант бола тұра, дүниетанымының осындай балаң болғанына қайран қалып отырмын.
Асекең кітапты ашып бірнеше үзінді оқыды.
– «Ырғақпен сүйемелденген жалғыз дауысты мелодия белгілі бір публикаға әсер ете алады. Бірақ бұл публиканың құрамы қандай? Бұл публика дамудың төменгі сатысында тұрған антика заманының халықтары, Шығыс халықтары және Африканың негрлерінен тұрады… Шығыс халықтары мелодия мен ритмді дамытуда алысқа кетті, бірақ олар гармония дегеннің не екенін білген жоқ. Ал көне гректер мен римдіктерде гармонияның болғанын дәлелдемек әрекеттер сәтсіз болып шықты… гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамып жетілуімен бірге пайда болды…»
Асекең кітапты былайырақ ысырып қойып, жымиып күліп қолын жайған.
– Орыстар айтпақшы,«Коментарии излишни». Бірақ мені таңқалдыратын бір нәрсе. Сол «дамудың төменгі сатысында» тұрған қазақ, ата-бабасының күйін тыңдағанда не сезінетінін Сен-Санс қайдан біледі? Ішімізге кіріп шығып па? Содан соң гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамуымен бірге пайда болды деген, ол не сөз? Демек, батыс өркениетінің пайда болғанына дейінгінің барлығы санасыз түрде жасалған ғой? Қызық екен.
Асекең әдетінше шылым тұтатты да баяу сөйлеп кетті.
– Осыдан тура мың жыл бұрын бізде отандық ғылым болғанын, дамыған қала мәдениетінің болғанын біле ме екен солар. Әбунәсір әл-Фараби деген болған. Мың жыл бұрын музыка теориясын жасаған. Басқа емес, қыпшақ музыкасының негізінде. «Музыка жайлы трактаттар» деп аталатын бұл еңбек арабтар арқылы Еуропаға өтіп, сол Сен-Санстың аталарының көзін ашқан. Мен бір ғана Фарабиді айтып отырмын.
Асқар аға сәл үнсіз отырып сөзін сабақтады.
– Еуропа «рационы» яғни, рационалдық ойлауды ғана мойындайды. Олар интуицияны ешқашан есепке алмайды. Егерде интуициясы болса, онда гармониядан бірнеше саты төмен етіп қойған жалғыз дауысты Шығыс немесе мысалы қазақ музыкасы, түптеп келгенде басқа, бейтаныс гармонияның бір түрі екенін, сол гармонияның ықшамдалып, оңтайланып кеткен түрі екенін шырамытар еді. Сен-Санстың айтқаны ол бер жағы ғана. Айта-айта келе, гармония ғана музыка, ал мелодия -мәжүсиліктің белгісі деп салғандар бар. Әрине бұл ғылым емес. Мелодиясыз музыка болмайды. Гармония да – мелодия. Тек соның басқа түрі.
Асекең орнынан тұрып терезенің алдына барды да сырттағы тіршілікті бақылап біраз тұрды.
– Мен музыкатанушылармен, теоретиктермен көп араласамын. Таңғажайыбы – барлығы дерлік бұйығы адамдар. Қазақта мақал бар ғой, «Жасында таланған күшік ит болып жарытпайды» деген. Барлығы Мәскеу мен Ленинградта оқыған, сондағы профессорлардың тәрбиесінен өткен. Ешқайсысы келе болып көрген емес. Мәскеудегі сол профессорлары түшкірсе, мына жақта отырып «жәрекім алла, жасаңыз» дегеннен басқа қолдарынан ештеңе келмейді. Шындық күнде айтылып отыру керек, себебі өтірік күнде айтылады. Осының бәрі білімсіздіктен және ұлттық сананың жоқтығынан.
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
28.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024
-
27.11.2024