26-12-18 |
10930 рет қаралған
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр.
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

… Бірде Қаратау, Созақ өңірі күйшілерінің үлкен концертінен кейін бір мәжіліс болды. Сонда Асекеңнің айтқаны.

–                Сүгірдің аруағы бір-ақ адамға – Генерал Асқаровқа қонған. Оның шертісінде  даланың түсініксіз керімсал сыры бар. Дина шешемізден кейін Құрманғазының «Қайран шешем» күйін ешкім де олай тарта алмайтыны сияқты Генералдан кейін Сүгірдің «Назқоңырын» енді ешкім де олай шерте алмайды.

Сол күні кешке Төлеген ағаның дәулескер күйші екені анықталды. Тамаша домбырасы бар еді. Негізінен мен ғана тартатынмын. Сол домбыраның бұрауын сәл көтеріп қойып, Сүгірдің күйін бірінен кейін бірін шерткен. Қанша отырғанымыз белгісіз. Әйтеуір таң ата тарағанымыз есімде. Сол отырыста Асекеңнің айтқан бірнеше әнгімесі есімнен кетпейді.

– Жарықтық Сүгір Алматыға келеді. Бойындағы бар өнерін бермек екен. Бірақ Алматыда отырған «дегдарлар», бізде соншама шығарманы жазатын магнит таспасы жоқ деп шығарып салады. Өмірінде ешкімнен именбеген, қалағанынша жүріп тұрған Сүгір жаман қорланыпты. Ауылға қайтып келеді. Кейіннен Талиға апай (Бекхожина) фольклорлық экспедициямен Созаққа барады. Сонда магнитофонын көтеріп үйіне келген, консерваторияның студенті бар, жетекшілері бар, бір топ адамды Сүгір табалдырықтан қайтарыпты. Сізді Сүгір күйші деп келдік қой дегендерге, «мені Сүгір деп кім айтты, Сүгір баяғыда өліп қалған, сүйегі сол Алматыда жерленді» деп жауап беріпті. Әрине, өзім көргем жоқ, елден естіген әңгімем. Сүгір мен Әйкен бірнеше рет кездесіп домбыра тартысқан ғой. Сол Әйкен тағы бір келгенде Сүкең «Әй, Әйкен, баяғыда күйщі келгенде ханның өзі тақтан түсіп қарсы алады екен. Кейіннен, кедейден болған шоңдардың өздерінде бұрынғы төреден қалған жөн-жоба бар еді. Сен екеумізді төбесіне көтермесе де өздерімен тең отырғызатын. Енді Алматыға барып консерт дегенін көрдім. Әншісі бар,  күйшісі бар, белдемшесі белінде, бес кесесі қолында төрелерге қызметші құл мен күң есебінде екен. Басымыздан дәурен өткен екен, Әйкен» депті. 75-ші жылы күзде Төлеген ақсақал (Момбеков) біздің үйде қонақ болды. Сондағы айтқан әңгімесі. Сүгір ауылға концерт келгенде, жұрт құсап орындыққа отырмайды, өзінің бір кішкентай киізі болыпты, соны алып келіп төсеп, осылай тыңдайды екен. Бір күні ауылға Ғарифолла Құрманғалиев келеді. Сүкең әдетінше киізін жайып қойып тыңдап отырады. Ғарекең, Мұхиттың «Үлкен Айдайын» орындайды. Сол кезде Сүгір концерттің жалғасын тыңдамай орнынан тұрып жүре беріпті. Арада екі аптадай уақыт өткенде Төлеген ақсақал Сүгірдің үйіне бір шаруамен бара қалады. Есіктен кіріп келе жатқанда-ақ бір тамаша күйдің сарынын естіп тұрып қалдым дейді Төкең. Содан күй шертіліп болғанда «Ассалаумағаләйкүм» деп кіріп барады. Сүгір оның сыртта тұрып күйді тыңдап алғанын біледі де, мына күй қалай деп сұрайды. Төкең, бір жерден естіген сияқтымын дейді. Сонда Сүгір әнеукүні Ғарифолла «Айдайды» айтқанда даусы шырқырап Құдайдың құлағына жетті ғой, сол сәтте мен де үйге қарай жылыстадым. Міне, мынау сол әннен құлақ шығарған күйім еді депті. Кәне, біздің музыка зерттеушілеріміз қайда. Тәттімбеттің  күйі ән негізді деп жатады. Міне, мынау «Үлкен Айдайдың» кульминациясынан жасай салған күй ғой. Бірақ қалай жаратылған! Қазақтың сом алтындай күйлерінің бірі осы «Қаратау шертпесі» ғой.

… Бірде Асекең Сүгірдің атын жаңғыртып тағы бір әңгіме айтқан.

–                Кейде мен осы ренкарнация дегенге сенемін. Егер осы рас болса, онда Қорқыт бабамыз мына дүниеге Сүгір болып қайтып келген. Христиандар Мессияның екінші рет келуі («Второе пришествие Мессии») деп жатады ғой. Айтар едім, Сүгір – ол Қорқыттың екінші рет келуі. Не айтқың келіп отырғанын білем. Сүгірге қобыздың сарыны Ықыластан жұққан демексің ғой. Оның бәрін білем. Бірақ, ойымша, Сүгір сол Ықылас атамызға жолықпаса да осындайлық болар еді.

Асекең үн-түнсіз бөлмені ұзақ кезді.

–                Музыка өзінен басқа ештеңені де бейнелемейді дейді ғой, – деді содан соң, – Мысалы Игорь Стравинский солай дейді. Рас сөз. Өзінен басқа ештеңені бейнелемегендіктен онда бәрі бар. Адамда қанша көңіл күй болса, сұлулықтың да соншама мән-мағынасы бар. Бірақ Сүгір сияқты күйшілерге келгенде «көңіл күй» деген анықтама жүрмейді. Бұл жерде басқа өлшем керек. Мысалы «Шалқыма» мен «Ыңғай төкпе» сенің ойыңша қандай күйге жатады?

–                Формасы жағынан алғанда күйден гөрі басқа бір нәрсеге ұқсайтын сияқты, – дедім мен, – Медитацияға жақын сияқты. Күйден гөрі дұғаға көбірек ұқсайды.

–                Дұрыс айтасың, – деді Асекең саусағын шошайтып, – Жаратқан Ие адамның дұғасына ешқашан жауап қайтармау керек. Адам мен Жаратқан Ие екеуі жауаптасып кетсе, онда дұға өзінің барлық қасиетінен айрылады. Дұға өзіне жауап ала алмағандығымен, мынау шетсіз-шексіз дүниеде қаңғырып, айқайлап тұрғандығымен керемет. Сүгірдің «Шалқымасы» мен «Ыңғай төкпесі» осындай дұға…

… Асқар аға екеуміз бір күні фольклор кабинетінде шай ішіп әңгімелесіп отырғанымызда есіктен Садуақас Балмағамбетов көрінді.

–                Охо, великий Балмағамбетов, – деді Асекең орнынан тұрып, – Тірі Қазанғап. Амансың ба, Садуақас бауырым.

Садуақас ағамыздың көңілі босап қалды. Қабағы күреңітіп, көзіне кілк етіп жас шыққан.

–                Асекем, пайғамбарым, – деді Асқар ағаны құшақтап жатып, – Амансыз ба. Келіп қалыпсыз.

–                Кел, төрлет, – деді Асекең.

–                Қазір, студенттерімді қайтарып жіберейін, – деді Садуақас аға шығып бара жатып.

–                Домбыраңды ала кел, – деді Асекең.

Аздан соң Садуақас аға қайтып келіп, жайланып отырды. Осы кезде, адам айтса нанбас, өмірі консерваторияға келмейтін Сматай Үмбетбаев қобызын көтеріп кіріп келген. Отырғандар ду күлді.

–                Таласбек, осы сен жұртты әдейі шақырып қойғансын-ау, – деді Асекең күліп, Сматаймен амандасып жатып, – Қарашы, шақырып келтіре алмайтын адамдар.

Аздан соң көрші аудиторияда сабақ беріп жатқан Кенжебек аға (Күмісбеков) келді, бірінен-бірі естіп теоретик мұғалімдер, аспиранттар, студенттер келді. Шағын фольклор кабинеті адамға лық толды. Кеш ұзаққа созылды. Кезек-кезек аруағына мінген екі күйші ұзаққа сілтеген. Әбден қас қарайғанда тарастық.

–                Қазанғаптың «Он алты жасар Балжан қызын» енді ешкім де сен сияқты толқытып шерте алмас, – деді Асекең Сәдуақас ағаның қолын қысып тұрып, – Бірақ өкінгенмен бола ма, себебі Сәдуақас біреу-ақ қой.

Сәл күрсініп Сматайдың қолын қысқан.

–                Сенен кейін Қорқыттың «Қоңыры» енді ешқашан да бұлай тартылмас.

Консерваторияның қараңғы дәліздерімен Кенжебек аға, Асекең үшеуміз келе жатырмыз.

–                Баяғыда бұл Сматай консерваторияға түсіп оқи алмай кетті ғой, – деді Кенжебек аға, – Дәукең, Дәулет Мықтыбаевты айтам, ары-бері оқытып көріпті де, әй, Сматай, консерватория саған ештеңе де бере алмайды екен, депті. Сөйтіп, шығарып салыпты.

–                Оқымай-ақ қойғаны дұрыс болған, – деді Асекең күліп, – Арғымақты арбаға жеге алмайсың.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.