«Менде сүйікті жазушылар көп, бырақ сүйіп оқитын кітаптар аз» (Фолкнер). Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын оқығанда біз аталған шығарманы бүгінгі қазақ прозасындағы жарқын құбылысқа баладық, тым сирек һам таңсық, сондай бір «сүйіп оқитын» қастерлі кітап ретінде таныдық. «Шығарманың астарына бойлап, иірімдерін сезіну, абзац, тарау қуалап ілгерлеген сайын салмағы ауырлай түсер қазақы қоңыр мұңның әлдиіне шыдас береу қиын» (Мадина Омарова). Шығарманың баурау қуаты – сол шығарманың бүтіндігінен, ішкі сұлулығынан, мәндік көркемдігінен келмек. Аталған романның мүсіні – сайгүліктің бітіміндей сымбатымен көздің жауын алса, осы мүсінге сіңірілген мазмұн кенендігі – кемелдікті тудырған. Әсіресе роман құндылығы – қазақтың дәстүрлі мәдениетінің (Ұлттық өнердің) рухын асқақтата көрсете білгендігімен әйгілене түседі. «Көркем туынды бүгінгі қазақ әдебиетінде онша көп ашылмаған мәйекті тақырыпты арқау еткен және өз үддесінен шыққан. Ұлттық өнердің сандығын ашып «Бізде де мынадай болған» деп, оның әр қырын, түрін көрсету, көркем бейнелеуде бүгін де сирек кездеседі» (Әлия Бөпежанова).
Романда күй тілі мен ондағы тылсым қасырет, өлім мен өмір, өнердің кәрі тарландары мен қанаты қырқылған ұлттық өнер, елеусыз қалған халық қазынасы мен аяусыз жаншылған ұлттық рух қатарлы егіз ұғым – іргелі тақырыптар көтеріледі. «Қазыр дәстүрсыз ұрпақ қалыптасып келеді, бұл үлкен рухани апат» (Тұрсын Жұртбай). Дәл осы дәстүрсыз ұрпаққа қарсы қойылған, өлмес образды біз романның өмірлік – оқиғалық желісі болған кейіпкер – Әжігерейден табамыз. Әжігерей – дәстүрлі мәдениетке терең тамыр тартқан, ұлттық өнердің тұнығынан қанып ішкен тұлғалы образ. Ал Әжігерейдің образы атасы Сабытсыз ашылмақ емес.
Қалжыраған дәстүрлі өнеріміздің тамырына жан бітірген – Сабыт. Романдағы нұрлы бейне Сабыт. «Сабыт өзінің болмысымен, дәстүрлі өнердің баламасы (Дәстүрлі өнердің иесі, жаратушысы, символы) ол жаңа дүниені жатсынбай қабылдайды, батасын береді. Ал өзі бүгіл бітімімен, табиғаиымен дәстүрлі өнерде қалады» (Зира Наурызбаева). «Сабыт – халық даналығының символындай. (Шығарманың этикалық пафосы мықты) Және тағы әшейінгі қазақтан оны ерекшелейтін өнері, ата балаға мұра етіп қалдырар өнеры… Тәнті етері – мақсатты тірлік кешкені. Өнер алдындағы орасан жауапкершілігі, өнерді кие тұтуы. Сабыт ақсақал – домбыра, қобыз, халық өнері атаулы этнография ғана болып, экзотика болып «қадыры түскен» кеңестік идеиология тұсында бұлақ көзіндей болған мықтылардың типтік бейнесі» (Әлия Бөпежанова).
Соншама жыл құпияланып келген барлық сырды Сабыт өлер шағында Әжігерейге ашқан. «Ақылың бар ғой, түсінерсің. Сені анаңның емшегінен айырып бауырыма басқанда, өнерімді ғана ойлап едім. Күн төбеден ауды. Ешкім мені іздеп келмеді. Өнерлі едің ғой деп елеп-ескерген ешкімді көре қойғам жоқ. Ойға қалдым. Жасым болса келді. Шәкірт жоқ. Өнерімді ұстап қалатын бір адам табылмады. Енді не істеймін. Жатсам-тұрсам ойлағаным осы қайғы. Ауылдың өнерлі-ау деген балаларын баулып көрдім. Ештеңе шықпады. Міне, сені анаңнан тартқандай қылып алып кеткенде, асылық айтты деме, мені Құдайдың өзі жетелеген сияқты…» («Талтүс». Шыңжаң халық баспасы. 2015ж). Әжігерей болса Сабыттың жиен немересі. Сабыт өзі «тілеуқорым» деп аяп, аялап отыратын қызы – Қалимадан туған. Бырақ Қалима үшін Әжікерей – көз алдында жүрген, алайда, көз жазып қалған бір аягөз құлыны-ақ.
Иә, мәпелеп өсіріп, баули келе «Сабыт басқалар құлағымен естігенді Әжігерейдің жүрегімен ұйып егілген сәттеріне куә болады. Өнер иесі – өнерлі деген сол – ол ашылған жүрек» (Ы.Әбішева).
Тіпті Сабыттың өнер болашағы үшін жасаған жанкешті қимыылының жаңғырығы өзі өлгенсоң да Әжігерей тағдырына әсер етіп жататын.
«Гүлшат:
– Қайран Әжігерей, – деді дауысын созып. – Аңғалсың-ау. Осы аңғалдығыңнан талай
опық жерсің әлі. Сенің атаңдай адам жер бетінде жоқ. Өткенде, мен сендердікіне қонақ болғанда, ол кісінің айтқан бір сөзі есімде қалды. Бақсам, сол сөзді маған айтқан екен.
– Не айтып еді?
– Өнерді сор ғана көтереді деген. Баламның маңдайының соры бес елі, тағдырыңды
қоса қалсаң, осы есіңде болсын дегені ғой. Әжігерей, сенің сорың қалың, өйткені өнерің биік…»
«Әжігерей мен Гүлшат арасындағы сезім – өзінің шарықтау шыңына, биігіне жеткен кезде кенет шорт үзіледі. Бұл – күйде кең қолданылатын тәсіл. Логикалық шешімсіз, салтанат құрып, әбден өрлеп біткен тұстан үзілу, әдебиеттегі финал өзгешерек болмақ» (Мадина Омарова).
Әжігерейдің анық өнер иесі болып шығуы үшін атасы барын салған:
«Бір ғана тілек, бір ғана өсиет құлыным. Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бырақ өнермен саудаласпа. Өнермен саудалассаң кәріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі.» деуі де, немесе:
«Гүлшат әкелі-балалы екеуінің күй дәрісін аузы аңқия тамашалаған. Анда-санда ғана таңқалып басын шайқап қояды.
– Өмір бойы осылай үйретіп келе жатырсыз ба? – деген шыдай алмай.
– Өмір бойы осылай, – деді Сабыт төбеден көзін айырмаған күйі…» дейтін Сабыттың
еш шаршаусыз өнер болашағы үшін мақсатты тірлік кешуі – үлкен ұлағат көрінісі.
Сабыт өлді, бырақ аманаты қалды: «Мен өлгенсоң кімге барасың, енді кімнен үйренесің соны айтайын. Өксікбай атаңның ізін таба алмадым… Таба алсаң ендігі ұстазың сол… Жастардан Шұбартау жақтан Жұман деген бір бала сәлем бере келді… Жас адам да сонша жүйрік болады екен. Екеуміз үш күн бойы ырғастық… Ол да сенің ұстазың. Міне балам менің айтарым осы».
«Егер адам белгілі бір іс-әрекетті парызға сәйкес іс атқарса, ондай адамда адамгершілік бар, ол парасатты» (И.Кант).
«Тәрбиелеудің мақсаты тұлғаны жасап, оны мемлекет пен отбасының өлшеміне сай илеп шығару емес, тұлғаның өзін-өзі анықтайтынын есте ұстап, баланың бойындағы шынайы руханилықты ояту» («Батыс философиясы» – Алматы. 2009ж). Сабыт осындай тұлға болды.
Сабыттей дана ұстаздың баулуында жетілген Әжігерей ендігі жерде ұлттық өнердің рухын анық танушы және соны іздеушіге айналған. Күй оның шынайы тағдырына айналған кейіпкер – Әжігерей «Роман нұрлы, әрі жетелі туған бала мұңымен әлде бір сағынышпен, өкпемен өседі» (А.Сыдықова). Әжігерей романда үздіксіз өсу, есею, толу, толысу қалпымен көрінеді.
Ойын баласы Әжігерейдің, дәл керісінше, уайым баласы Әжігерейге айналып қалуына, оның жасына жетпей тез есеюіне қажетті шартты, әуелде, өгей апасы – Гүлбағила әзірлейді. Шырыш бұзғыш апасының тәубесі аузына түсіп, Әжігерей ендігіде береке-бірлік күндер туады-ау деп, елжіреп отырғанында «Тісі ақсиып кеткен… Бүгіл әлпетінен өштік пен жиреніш төгілген» апасын көретін тұсын есіңе алыңыз… Тағы бірде апасы қитықтан-ситық таба отырып «Әжігерей аузын ашқанша басынан бірақ тебетіні» бар. Дәл сол тұста «Санасында осы уақытқа дейін жабық тұрған әлде бір қақпақ сарт етіп ашылғандай болды… Жаңа ойдың анықтығы, түсініктілігі сондай, қуанғаннан күліп жіберді». Иә, сонда Әжігерй қажетті шартты өзгертемін дегеннің бос әурешілік екенін түйсініп өзі өзгереді. Тән орнында… Еті өлген… Бірақ рухани азаттыққа жеткен. Бұл «Көз алдындағы жамылғы түскедей өсудің дағдарысы, рух дербестігінің қалыптасуы» еді.
Филолсоф Мунбе «Адам өзінің айналасынан кетуге, өзін өзі игеруге, басқа сөзбен айтқанда, жинақталған кезде тұлғалық өмір сүруге қабілетті болады» дейді.
Романның бірінші тарауын аяқтаумен қоса Әжігерей де балаң оййымен осылай қош айтысады. Кейінгі тарауда ол есейеді, есіне апасының Әжігерей тағдырына болған ықпалы мүлдем солғындайды. Өгей апасы Гүлбағила болса құдды ғарышқа жеткізе-меткізе жанып түгер зымыранның алғы моторындай өз міндетін осылай тәмәмдайды. Ендігіде ол «Жазығы аз, бірақ мінез ірілігінің көрінісі… Оның Сабытқа деген құрметі, қызметі роман бойында ерекше нәзік, ерекше қасыретті, есілер-естілмес әуен болып созылған» (М.Омарова) дейтіндей күймен көрініс табыды.
Әжігерейдің өнер жолындағы өсуі, шынтуайттап келгенде, оның күй қуатын жүрегімен ұғыну мөлшерімен, таным деңгейімен өлшеніп жататын. Қаншама терең тыңдап жеткен сайын, ол да соншама толыса түсетін. Кейіпкер ғұмыры – күй ғұмыр, жүрегі – домбыра жүрек болып қалыптаса бастайтын.
Сабыт сөйлеп отыр: «Қорқыт, Айрауық. Жұрт көп біле бермейтін ақ бас Құлайыс деген болған. Кетұға, Байжігіт, кешегі Тәттімбет. Солар күйді домбырамен емес, әуелі көкірекпен шерткен шығар деймін…» Ал, Әжігерей «Өзі білетін нәрсесін атасының тап басып айтқанына бір жағы таңқалып, бір жағы риза болып отыр. Бұл да көп күйді ойша шертеді. Ал көкірегінде әлі дүниеге келмеген қандай керемет күйлер бар. Атасы соны білсе ғой. Ол күй қайдан келеді – айтып бере алмайды. Әйтеуір, әлде бір мөлдір ағынға түскендей болады. Сол кезде күйлер өз-өзінен қалқып шығатындай» күй кешіп жататын.
Әжігерей жүрегімен сезілетін күй романда былайша бейнеленіп жатады: «Домбыра ақырын күркіреп жауап берді… Тәттімбеттің ақылды күйі ақырын тербеліп жөнелді», «Күміске буланғандай ішектер ақырын күмбір етті де үнсіз қалды», «Қобыздың даусындай көрікті дыбыс шыққанда анау-мынауға селт етпейтін Жұманның өзі бір қозғалақтап қалған», «Сабыт домбыраны қолына алып соңғы қайырманы ұшыртып ойнап шықты да бар бабымен аяқтады. Домбыра ішіне боран толғандай күркіреп кеткен», «Түф, шіркін, – деді Шерім разы болып, – сынбай тұрған сабадай күмпілдеп кетті ғой».
Әжігерейдің есеюіне ілесіп күйдің жүрекке түсер салмағы да ауырлай түсетін, тіпті күй, күй сазынан гөрі қайғы мен қасыреттің баламасына айналып бара жатқандай-ақ сезілетін: «Бүгіл дүние, бүгіл болмыс қамырықтың дәриясына батқандай қасыретке малшынып тұр», Сабыт «бұрауын сәл түзеп жіберіп қағып қалғанда, домбырадан қобыздың үні шыққандай болды… Осылайша қанша шертсе де, от – өзен сарқырап қанша ақсада санамен сіміріп отыра беруге болатындай», «Қайғылы күйдің асқына келе ақырында диюға айналып, домбырадан бөлініп, өзінше жеке тіршілік құратынын бірінші рет көрді», «Домбырамен шертілді демесең, қобызбен тартылған айрауықтың ашты күйіндей, әр буынның арасында өртене сөйлеген сөзге ұқсас, әдейі бейберекет қағыспен тартылатын, бірақ адамның жанын қыл бұраға салып қинайтын қамырықты жалғамасы бар», «Аздан соң күй, енді күй емес, домбыраның бетінен төгілген жалын қоспаға айналды. Әр дыбыс сананы от сияққты шырқыратып қарып, күйдіріп өтіп жатыр», «Қашаң қозғасаң да от-тиектен өртеніп төгіле жөнелетін, астындағы қозы ешқашан суымайтын қасырет еді».
Осылай оның жүрегіне күй – қасырет, күй – қайғы болып құйылса, ендігі кезде ол күйден қасыретті ғана емес, қасыреттенде басқаша мәндерді, метафизикалық тылсымдікті сезіп жетеді: «Домбыраның үнінде еш қайғы жоқ… Бірақ осы мөп-мөлдір тазалықтан басқа бір қасырет қозғалып, ой-өлкеңнің бұрын өзің танып білмеген жаңа тарабына аяқ бастырғандай. Иманға тіл бітсе осылай сөйлер еді. Әжігерей өзінің кемел тартқанын шамырқана қуана сезінді… Бабаларының өмірді, тіршілікті неге сонша сүйгенін енді түсінгендей».
«Әуелде көсем пернеде жеңгемсүйер сымбатты бір әуен шертіліп тұрып алды. Адамда айтылмайтын сөз болмайды, басқалар айта алмағанды Тәттімбеттің жынысты күйі айтып берді». «Әжігерейге күй ешқашан басталмағандай және ешқашан аяқталмайтындай, осы күрең топырақ тұнжыр даланың үстінде мәңгі шертіліп тұрғандай сезілді.» Сөйтіп, автор Әжігерейдің өсу, кемелдену жолын, міне осылай, ояу көкіректің күйді тану деңгейімен сомдап берді.
«Роман – қайғыдан жеңіліп, аһ ұрған адамының зары емес; Жеңілген емес, мәніне жетіп, жеңілейген, байсал тапқан кемеңгер көңілмен қайғы-қасыреттің қаншалықты ауыр болатынын жаны түршіге, бірақ, байыппен толғай отырып, қасыретті бастан кешіруге… тұрады… Бұл – жылату емес, жұбату екен» (А.Садықова). Романдағы қайғы-қасыреттің метафизикалық мәнін дәл осылай түсінеміз.
Кезекті бір сұхбатында автор: «Қазақ өнерінде екі түрлі зар бар дер едім. Біреуі – метафизикалық зар, екіншісі – тарихии сананың жемісі дерлік күйкі зар.» дейді. Мұндағы «метефизикалық зар» – өнер болмысындағы өзгермейтін мәңгілік зарды меңзейді. Әжігерей басындағы мұң – бағы заманнан жалқасқан өнердің мұңы. Өзге көкірек сезіне білмес өнер жолының өзгеше мұңы. Оның азабы өнердің азабы. Оның жүрегі – ұлттық өнердің қасыреті шөккен жүрек. Романның жалғасы ретіндегі «Кәрі күйші» атты хикаяда Әжігерей жоғары оқу орнынан білім алған, кемел шаққа жеткен қалпымен көрінеді. Осы тұста ол атасы аманат еткен «ұстаз тұтарлық күйші» – Жұманға іздеу салады.
Өмірдегі ең үлкен жаза – елеусіз қалдыру болса керек. Егер жер бетінде өнерін бағалар жан қалмаса, ол – ғарып адам. Өнерді елеусіз қалдырудың азабына төзбеген Жұман өз өшін ащы судан алып жүрген, алқаштыққа жетседе Әжігерейдің әр қимылын қалт жібермейді-ау, күйді өзі тартудың орнына Әжігерейге тартқызған: «Ішекке қол тигізбесең де күйді ести бастағандаймын… Шіркін қасыретті де судай етіп ішуге болады екен ғой» дейді.
Жұман өзінен хал кеткенін айтып, енді оған «Осы қайтысыңда <Сарқамысқа> ат басын тіре, сол ауылда Атығай деген күйші тұрады» деп аманаттайды. Бұл күнде Атығайдың «Күйші Атығай» аты баяғыда-ақ ұмытылған.
Ауылда жөн сұрағанда түзу сөз айтар кісі қалмағандай. Күйші деген сөз олар үшін күлкімен бірдей-ақ, шығар… Атығай отыз жыл шертілмей ілулі тұрған домбырасын қолына сонда алған, кеуіп қалған домбырасын жібіткен – «үлкен сары шәугімдегі суды домбыраның ойығына құя бастаған…», «Домбыра ішек тағылмай-ақ күңіреніп күмбірлеп тұрды. Сен мана шанағын шертіп де көрмедің. Бұл сенің кемшілігің. Ал мен шертіп көрдім. Домбыра күмбірлеп емес, шырылдап тұр…», «…Сен үшін тарттым, тілегің үшін, жиырма-отыз жылдан асты, Атығайдың бар-жоғын ұмытқан сияқты бұл қазақ» деген.
Сабыт соншама жлдар шәкірт іздеп сабылып, ақыры Әжігерейді тапты, мақсатына сай шәкірт жүрегіне дәстүрлі өнердің қоспасыз адал дәнін екті. Ал Әжігерей болса ендігіде сол дананың аманатын іздеумен келеді. Оның ғұмыры – ұлттық өнердің мөлдір бұлағыын, жылдыз-тамырын іздеу ғұмырына айналған.
«Жаңа әуенді тыңдайтын жаңа құлақ керек. Мылқау болып келген ақиқатты тыңдайтын жаңа ар керек. Тиім салынғаннан, адасудан қорықпау керек» (Ф.Ницше). Бұл күнде бізде жаңа құлақ пен жаңа ар бар барма өзі? Роман, дәл осындай, жаңа құлақ пен жаңа арды – Әжігерейдің дара образды, көз жауын аларлық ішкі сұлулықты шебер сомдағанымен нұрлы.
«Таза топас болу онша бір үлкен пәле емес, ал нашар меңгерілген ілімдерді жиинақтай беру одан да жаман» (Платон). Қазіргі біздің білім беру әдістеріміз бен оқыту тәсіліміз әлі де жетілмеген, немесе қожыраған қалыптағы күйде, ұлттық ағартуымыз үлкен жауапкершілік кезеңінің алдында тұрғаны ақиқат, осы мәннен алып қарағанда Әжігерейдің өнер жолындағы шын мәніндегі рухани толысу барысы оқушыға үлкен сабақ еді. Романның нұрлы болатыны, міне осында.
Романдағы дәстүрлі өнердің тарланбоздары «Қайғылы 20-ғасыр» жоғалтқан ең басты адами мәндердің бірі қатарында – дәстүрлі өнеріміздің өмірден шеттетілуін, ығыстырылуын айтуға болады. Романда бұл қасырет аталықтай ақсақалдардың басына жинақталады.
«Кейіпкерінің бәрі шал. Әрқайсысының басынан өткен тарих – ғасырлық бәйтеректі қайыстырардай ауыр жүк. Қазақ басынан кешкен барлық қиямет шежірені автор осы шалдар тағдырына аударып назарға ұсынады» (М.Омарова).
Сабытты алып айтсақ, кезінде ол анау Қоянды жәрменкесінде өткен күй тартысында «сүре тартысқа» түсіп, күйшілердің бәрін қирай соқ жеңген «болыс-билердің әрқайсысының жеке-жеке тіккен байрағын бір өзі алған» дәулескер күйші – Иләпінің шәкірті болатын.
Сәруәр болса «бейсауат келіп, жүйрік шыққан» тоқсандағы қарт күйші еді ғой. Абылайдың «Шайқалмасын» тартқанда «Сәруәрдің қолы домбыраның бетіне мысықтабандап жатып қалады». Ол «Қалмақтың биін» тартқанда Әжігерей «Күйдің әуені емес, күмбірі қымбат екенін сұңғыла көңілмен таныған… Қайғының сақырлаған қазаны, бір сәт қақпағы ашылғандай ішіндегі арылмас қасыреттің бір тамшысы шапшып, отқа шж етіп төгілгендей» сезімде болған. Шерімнің төрінде Сәруәр мен Сабыттың күй тартысқа түскенін, мұны Шерім мен Әжігерейдің мол қызықпен тамашалағаын есіңізге алыңыз.
«Бүгінгінің төресі ән мен күйдің не екенін біледі дейсің бе. <Кедейден болды шоңдарым>… Төренің сиқы сол болғанда, сол төреге қарап… Салтын түзеген елдің жайы не болмақ… Енді Қазығұрттың басындағы кемедейміз… Нансаң мені осы жасыма дейін бір адам іздеп келген жоқ» детін Сәруәр қарттың мұңы – заманның қасыреті, Сәруәрдің хал-күйі – өлім аузында, әл үстінде жатқан дәстүрлі өнердің хал-күйі болатын.
Ахыметжан ақсақал болса «қызған темірге бір қарап жіберіп нәсілін ажырататын» Кітаппайдай ұстаның шәкірті еді. «Сүйек кескен не тәйірі, – дейтін ол, – Жақиия мен Кітаппайлардың соққан бәкісі темірді кеседі». Кезінде оған: «Кітаппай жарықтық баяғының ескі ұсталары аманаттап тығып кеткен теммірдің ордаларын әр жерден қазып көрсеткен» болатын. Кеңес үкіметінің тапсырысымен мұражайға керекті қылыш соқтырарда, бүгінгінің бірде-бір темірі оның сынынан өтпеген. Ақыры Ахыметжан темірді өзі іздеп кеткен. Пәлен апта дегенде «жұдырықтай сұп-сұр кесек темірді тауып келген». Ахыметжан «темірді шірітеді, әлденеше рет өлтіреді. Содан соң қарабұйра татты әлденеше рет қорытады. Ақырында құдай жаратқан кезіндегі балауса күйіне келтіреді», «Нансаңыз айтайын, – бүгінгі темір – жасы жетіп ескірген темір» дейді ол Сабытке. Егер өрен ұста Ахыметжан ақсақал өмірінің соңында қайыршылыққа түсіп, басы қаңғып кеткен болса, ол – қазіргі қоғамның бақытсыздығын «Яғни табиғаттың тозуы, өнегелі құндылықтардың жоғалуы, рухани азғындау, мағынасыздық қатарлы құбылыстардың мәнін ашқандық болатын. Оның тауып келген анау «жұдырықтай сұп-сұр кесек темірі» – таза ұлттық өнердің баламасы да, «жасы жетіп ескірген бүгінгінің темірі» – рухани азғындау мен мағынасыздықтың баламасы болмақ. Ахыметжанның ғажайып өнері кейін «Ағаш ат» атты қасыретті афсанаға айналып халық арасында мәңгі қалады.
Ғазиз қарт болса Әжігерейдің екінші ұстазы. Шайқылығы, салдығы бар күйші. Ол шерткен күй арылмас, айықпас қайғы болған, зарды зар қуалайтын анау Сабыт пен Сәруәрдің күйлеріне ұқсамайды, онда қасыреттен гөрі мөлдірлік басым. Ол «Зар қосбасарды» тартқанда Әжігерейге «Домбыраның үнінде… Қайғы жоқ. Еш қайғы… Бір көлеңке жоқ бұлтсыз аспандай…» болып сезілетіні бар. Сабыт та: «Ах, шіркін! Күйің мөп-мөлдір, бірақ қамырығы екі есе артылып түсті» дер еді. Иә, Ғазиздың тәлімгерлігі арқылы Әжігерей өнерде бір саты биікке көтерілген.
Шерім қарт болса, көмейінен әннің мөлдір моншағы ағытылған әнші. Ол «Гәуһар тасты» айтса, онан кейін ән айту әбестікке саяр еді. Шерім атасы ән салғанда Әжігерей «әншінің жүзінен осынша кешкен қасыретке деген ризашылықты көргенде, бұйырмай кеткен ғашыққа айтылған шексіз алғыс сөзді танығанда тамағына өзіне таныс тас тығылды.» дейтіндей күй кешуші еді.
Роман оқырманды ешқашан бей-жай қалдырмайды, барған сайын иіріміне тартып «абзац, тарау қуалап ілгерлеген сайын салмағы ауырлай түсер қазақы қоңыр мұңның әлдиіне шыдас беру әккі оқырманға қиын».
Қара сөздің ырғағымен тербелген оқырман қасыретті де судай сіміріп жатады. Шығарманы оқып отырып кейде көз алдыңды кілк еткен ыстық жас торлап жатады.
Басынан бақайшығына дейін ұлттық рухқа суарылған, өн-бойы қимыл мен күрес жырына толы «Талтүс» романына деген оқырмандық лебізімді осы арада тәмәмдадық.
Нұрбек Тәлен, сыншы
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024