08-11-19 |
2950 рет қаралған
«Жағымпаздарды жақтырмайтын».
«Жағымпаздарды жақтырмайтын»

Өмірден ерте озған қазақтың айтулы ақыны, аса талантты әдебиетші Әмірхан Балқыбектің биыл елу жылдығы. Ақынның мерейтойы туған жерінде басталып, Алматыдағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Күні кеше Қазақстан жазушылар одағында ақынды еске алу кеші өтті. Әдебиетті ерекше сүйген, қаламына адал болып өткен ақынның мерейтойына орай, Әмірхан Балқыбектің сүйікті жары Мархабат Шойбекованың белгілі журналист Ермахан Шайқыұлына бұрынырақта берген сұхбатын қайыра жариялапы отырмыз.

arasha.kz

Қарап отырсақ, қазақ әдебиетінің талантты да талапты, адуынды да азулы
ақын-жазушылары қамал алар қырықтың ішінде қайтыс болыпты.
Жұмекен, Мұқағали, Жұматай, Қайрат, Нұрлан тағы басқа арқалы ақындардың
бәрі қырықында қыршынынан қиылды. Солардың соңын ала ақын, сыншы,
аудармашы, жазушы, журналист, публицист, әдебиеттанушы Әмірхан
Балқыбек те 45 жасқа қараған шағында фәниден бақиға озды. Артында
мәңгі өлмейтін мол әдеби мұралары қалды. Көзі тірісінде төрт кітабы жарық
көрді. Таңдамалы туындылары бірнеше жинақтарға енді. Баспа бетін
көрмеген шығармалары да баршылық. Оларды жарыққа шығару – келер
күннің еншісінде. Тоқсаныншы жылдары ҚР Президентінің стипендиясын
иеленді. Оның жазғанынан жазары, бергенінен бермегі көп еді. Әттең, бір
кем дүние. Биыл оның өмірден озғанына үш жылдың жүзі боп қалыпты.
Осыған орай біз ақынның адал жары Мархабат Шаншарханқызымен
әңгімелескен едік.

Мархабат Шойбекова, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері:

– Әңгімеңіздің әлқиссасын Әмірханмен қай жерде, қалай
танысқандарыңыздан бастасаңыз!
– Еңбек жолымды Тәуелсіздік жылдары ашылған «Халық конгресі»
деген газеттен бастадым. Сол басылымда қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің
бірі Қалихан Ысқақпен бірге қызмет істегенімді әлі күнге дейін мақтан етемін.
Ол кісі кейін «Парасат» журналына ауысты да, мені де сол редакцияға ала кетті.
Әмірхан екеуміз осы басылымда жүріп таныстық. Бұл – 1996 жыл болатын.
Оның отты жанары жанымды бірден баурап алды.
– Екі жастың танысып, табысуына Қалихан аға дәнекер болған
сияқты ғой…
– Иә, ол кісі бізді таныстырғаннан кейін, Әмірханға: «Осы қыз саған адал
жар болады» деп айтқан екен. Дуалы ауыз емес пе?! Оның осы сөзіне Әмірхан
әбден сенген секілді. Әйтеуір содан бастап айрылмады. Екеуміз жұмыстан бірге
жаяу қайтатынбыз. Көп әңгімелесетінбіз. Бір қызығы, ол маған ертегі айтып
беретін. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге бауыр басып кеттік.

– Қай жылы отау құрдыңыздар?

– «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген сөз бар ғой халқымызда. Сол
айтқандай, Алланың қалауымен 1997 жылдың 8 наурыз мейрамы қарсаңында
Шардараға келін боп түстім. Қазақтың салт-дәстүрін аттап кеткен жерім жоқ.
Әмірханның анасы мені қызындай көрді. Әлі күнге дейін ене мен келін
арасындағы сыйластығымызға сызат түскен емес. Жиі хабарласып, араласып
тұрамыз. Оның ақыл-кеңестері маған қуат береді, мейірім-шапағаты шуақ
себеді. Қашанда немересін айналып-толғанып отырады. Мұнысына Аллаға мың
да бір шүкір.
–Отбасы болған соң ыдыс-табақ сылдырамай тұрмайды. Сіздер
қандай отбасы болдыңыздар?
– Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кештік. Әмірханды қолымнан
келгенше құрметтеп, шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік бердім.
Шығармашылық адамы мінезді болады. Ал ақынның бірде дана, бірде бала
болатыны да рас. Сол мінездеріне шыдап, төзімділік таныта білсең ғана
отбасыңда ынтымақ пен ырыс, бірлік пен береке болады екен. Мен осы талап
үдесінен шыға білдім деп ойлаймын.
–Ол қандай жар, қандай әке болды?
–Ерлі-зайыпты бір-бірін шын жақсы көрсе, сенім артса – ақ та адал дос,
қолдаушы да қорғаушы қамқоршы, алынбас қамал бола алатынына сенемін. Ол
ешқашан мен қызғанатындай қылық көрсеткен емес. Әдебиетке қалай адал
болса, отбасына да сондай адал болды. Қызын қатты жақсы көретін. «Менің
қызымның жүрегі бар, ештеңеден қорықпайды» деп марқайып отыратын.
– Қызының аты кім? Ол қазір не істеп жүр?
– Қызымыздың аты – Қасиет. Алматы полиграфиялық колледжін бітірген.
Ықылас атындағы ұлт-аспаптар мұражайында жұмыс істейді. Жақында
тұрмысқа шығып, құдағи атанған жайым бар. Алла сол екі жастың бағын ашып,
үлгілі отбасы болуын нәсіп етсін деймін.
– Шығармаларын қай уақытта жазатын? Күй талғаушы ме еді?
– Иә, күй талғайтын. Көбіне тыныштықты қалайтын. Сосын жазуға түнде
отырушы еді. Үстелдің үстін тап-таза етіп жинап,қаламы мен қағазын, темекісі
мен күлсалғышын дайындап қоятынмын. Қызымыз екеуміз ұйқыға кеткенде, ол
жазуға отыратын. Айлық алған сайын кітап алуды әдетке айналдырған еді.
Қолы қалт еткенде кітаптан бас алмайтын. Біз той-томалаққа, мереке-
мейрамдарға барып демалғымыз келсе, «өздерің бара беріңдер, оған кеткен
уақытқа бір кітап оқымаймын ба?» дейтін.
– Жалпы, ол қандай адам еді?
– Әмірхан – ешкімге ұқсамайтын дара мінез иесі еді. Таным-түсінігі, мінез-
құлқы, өмір салты күнделікті айналадағы адамдардан мүлде бөлек болатын.
Оның өз әлемі – Әдебиет әлемі болатын. Сол әдебиет үшін жаралған жан еді.
Одан басқа ештеңеге қызықпайтын. Өзімен әңгімелесе алатын адамды іздейтін
көбіне. Жарас, Маралтай, Бауыржан, Адалбек, тағы басқа достарымен жиі
хабарласып тұратын. Әсіресе Адалбек күнде звондап, екеуі сағаттап сөйлесіп
жататын. Бақайесеппен жүретіндер мен шен-шекпеннің соңына түскендерді, жағымпаздарды тіпті жақтырмайтын. Турасын айтам деп туғанына
жақпайтындардың бірі – Әмірхан.
Дос-жаран, жора-жолдастары менің жағдайымды біліп, той-томалақтарға
шақырып, мейрамдарда құттықтап, тілектестік білдіріп жатады. Мені
Әмірханның орнына «жолдас жігіт» есебінде қосып алғандары да бар.
– Тағы да кімдермен араласып тұрушы еді?
– Қайтыс боларынан бір-екі жылдай бұрын студент жастармен араласып тұрды.
Оларды үйге ертіп келіп, таңға дейін әңгіме-дүкен құрып, өлең оқитын. Сол
жастар әлі күнге дейін Әмірханды іздеп, менің жағдайымды сұрап, хабарласып
тұрады. Өзі жоқ болса да туған күнін атаусыз қалдырған емес. Қазір олар
оқуларын бітіріп, отбасын құрып, өмірден өз орындарын тауып кетті. Алла
олардың бақтарын ашсын!
– Ғашық боп қалған қыздарға өлең арнаған көрінеді. Сол рас па?
– Өтірік емес, рас. Өлең жазу үшін шабыт керек. Сондай кезде қалқатайлардың
бірін ұнатып қалса, жасырмай маған айтатын. Сол ғашығына арнап өлең жазып,
оны маған оқып беретін. Сосын оны екеулеп өңдеп, түзеп-күзеп, әлгі
қалқатайға жібереміз. Мен де қызықпын, ұнатып қалған қыз туралы айтса: «
қандай екен, не істейді екен?» деп сұраймын ғой тағы, қызғанудың орнына.
Бірақ осы бір шабыт шақырар сәттер үлкен дүниенің туарына себепші
болатынына іштей сенетінмін. «Қасқыр құдай болған кез» атты кітабының
жазылуына да осындай жағдайдың әсері болғаны рас.
–Көзі тірі кезінде неше кітабы жарық көрді?
– «Метаморфоза», «Сынған сәуленің шағылысуы», «Қасқыр құдай болған кез»,
«Ақын апологиясы» атты төрт жинағы тасқа басылды. Біраз өлеңдері «Қазақ
поэзиясының антологиясына» енді. Әлі де баспа бетін көрмеген шығармалары
көп. Менің ендігі міндетім – сол артында қалған мұраларын жарыққа шығару.
– Ол өзінің ішкі сырымен бөлісуші ме еді?
– Иә, Әмірхан менен ешқашан сыр жасырмайтын. Кейде бала секілді еркелеп:
«Марха, мен өлгенде туған жеріме апарып қоясың ғой, аманат саған» дейтін.
Мен болсам: «Қойшы адамды қорқытпай, мені тастап қайда барасың, шалым-
ау, кетпейсің ешқайда» деп қалжыңға айналдыратынмын. Құдайдың аузына
салғаны ма екен, өзі айтқандай, туған топырағы мәңгілік мекеніне айналды.
Адам туған кезінде тағдыры пешенесіне жазылып қояды деген рас болар,
бәлкім. Ойламаған жерден о дүниеге асығыс аттанып кеткені – маған ауыр
соққы болды. Әмірханға еркелей жүріп, оны еркелете жүріп, бір-ақ күнде
есеңгіреп қалдым. Алланың ісіне амал бар ма?! Мұндай жағдайды ешкімнің
басына бермесін. Кейде түсіме кіреді. Бұрынғыдай үйде жүреді немесе
достарымен әңгіме айтып отырады. Ояна салысымен: «Жаны жәннаттан
болсын» деп Алла Тағаладан дұға тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Ермахан Шайхыұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.